Исра және Миғраж оқиғасы

Исра және Миғраж оқиғасы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Исра және Миғраж – мұсылмандар үшін ең қасиетті түндердің бірі. Бұл түннің қасиетті үш айдың алғашқысында келуі де тегін емес. Исра және Миғраж оқиғасы 621 жылы, Ережеп айының 26-сынан 27-сіне қараған түні, дүйсенбіде, хижраның бірінші жылында Мекке қаласында орын алған тарихи оқиға.

Бұл түні болған Исра және Миғраж оқиғасы – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) ең үлкен мұғжизаларының бірі. Исра және Миғраж оқиғасы ислам тарихындағы ең ауыр кезеңде орын алды, өйткені бұл жыл «қайғылы жыл» деп аталды. Сол жылдары Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көкесі Әбу Тәліп пен қадірлі жары Хадиша анамыз (р.а.) дүниеден озды. Бұған қоса, мүшріктер мұсылмандарға өте зорлық-зомбылық көрсетіп, жағдай күрт асқынып кетті. Мұндай қайғылы оқиғалар Пайғамбарымызды қатты қайғыртты. Осы қиын сәттерде Миғраж оқиғасы Пайғамбарымызға (с.ғ.с) үлкен жұбаныш сыйлады, көңілін серпілтті.

Исра – Харам мешітінен Құдыстағы әл-Ақса мешітіне болған ғажайып сапар. Ал Миғраж – Исраның артынша орын алған оқиға. Миғражда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) аспан қабаттарына көтеріліп, жаратылыстың білімі жетпейтін деңгейге дейін барып, қайтадан Меккедегі Харам мешітіне оралды.

Миғраж кешінің тағы бір ерекшелігі – сол кеште намаз парыз етілді. Намаз – ислам дінінде ерекше орын алады, өйткені ол күніне бес рет оқылғанымен, сауап тұрғысынан елу намазға тең келеді. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с) намазды сапарда, қауіпті кезде немесе ауырған жағдайда да оқуды бұйырған. Өйткені, адамның нәпсісі басымдық жасаған кезде, намаз оны қайтадан Раббысына қауыштырып, Миғражға көтергендей болады.

Хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деп айтқан: «Раббым «әр күнгі және түнгі оқылатын елу уақыт намазды бес уақытқа қысқартты. Осы бес уақыт намаз менің құзырымда елу уақыт намаз боп саналып, әр намазға он сауаптан жазамын» деп айтты» (Әл-Бұхари).

Миғраж түнінен кейін Жәбірәйіл (ғ.с.) келіп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) намаздың уақыты мен тәртіптерін үйретті. Намаз парыз болмаған кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) таңда және кешкі мезгілде екі рәкағат намаз оқитын. Бұл намаз Ибраһим (ғ.с.) Пайғамбардан қалған сүннет еді. Миғраж түнінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) үш сый берілді:

  1. «Бақара» сүресінің соңғы екі («Әәмәнәр-расул») аяты уахи етілді.
  2. Қиямет күні Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) үмметін шапағат ету құқығы берілді.
  3. Бес уақыт намаз парыз етілді.

Құрметті бауырлар! Миғраж түні мен оның ғажайып оқиғаларының берекетімен Алла тағала иманымызды баянды етсін. Қасиетті айлар мен күндерде Жаратқан Иеміз күнәларымызды кешіріп, екі дүниенің бақытын насип етсін. Қиямет күні Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағаты баршамызға нәсіп болсын. Мейірбан Алла тағала режеп пен шағбан айларында дүниеміз бен дінімізге береке беріп, Рамазан айына аман-есен жеткізсін!

Коктал Мадияр Қанатбекұлы
Меркі ауданы, Тұрар Рысқұлов ауылы, Жарас-Ата мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: