Бабаларымыз ат үстінде, найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен жауға бір уыс топырақ та бермей қорғап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген ұлан-байтақ жерімізді тәуелсіздік алып, егеменді ел болған тұста, көрші мемлекеттер жерімізге сұқтанып, көз алартуды әлі де жалғастыруда. Олар қарумен болмаса да, тілдерінен соғыс ашып, тарихи мұрамызды жоққа шығарып, кемсітуде. «Құртақандай торғай да өз ұясын қорғайды» деген сөздер әрбір қазақтың кеудесіне қадалған қанжардай әсер етеді.
Әр халықтың бүгіні мен өткенін айшықтайтын тарихы болады. Тарихы жоқ халықтың салт-дәстүрі мен мәдениеті де болмайды. Ал тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті жоқ халықтың Отаны да жоқ. Отаны болмаған халықтың тілі мен діні мәңгүрттеніп, өзге мемлекетке тәуелді болады. Бұл жағдайда сол халықтың салт-дәстүрі мен мәдениетін өзге елдің тарихы мен дәстүрлеріне сіңіріп, тілін де күрмелетіп, өзге ұлтқа жұтылып кетеді. Тарих бұған айқын дәлел.
Ал қазақ халқының тарихи мұрасы бай және терең. Салт-дәстүрі мен мәдениеті қалыптасқан, діні мен тілі тұрақты мемлекет. Бүгінгі таңда өз тарихымызды әлемге таныту үшін ең тиімді құрал – кино саласы. Бұл тұрғыда Түркия мен Корея сияқты елдер көш ілгері. Олар өздерінің тарихын сериалдар арқылы әлемге танытып, өздеріне сүйікті елдер қалыптастырды.
Ал біздің елімізде тарихи кинолар түсірілсе де, әлемге насихаттайтын сапалы кино мен сериалдар әлі жоқ. Түрік пен Кореяның сериалдарын көріп, біз сол елдердің батырларының ғана емес, құлдары мен күндерінің де мінез-құлықтарын ашып көрсетуі олардың тарихын айқын жеткізуге көмектесуде. Түркия Осман империясының айбынын, ал Корея өз елінің жауынгерлік рухын әлемге таныта білді. Қытайлар Шыңғысханның немересі Құбылайхан туралы және оның құрған Юан империясы жайлы фильмдер түсіріп, тарихи мұраларын жаһанға паш етуде.
Ал біз әлі күнге дейін өзіміздің төл тарихымыз — Алтын Орда туралы кино түсіре алмай отырмыз. Алтын Орда өз заманында орыс жерімен шығыс Еуропаға үстемдік еткен, жер көлемі Ертіс өзенінен бастап, батыста Еділ өзеніне дейін созылған ұлан-байтақ мемлекеттің тарихын әлемге таныту үшін сапалы сериалдар түсіру аса маңызды. Егер Алтын Орда хандығының тарихы сапалы фильмдер арқылы әлемге насихатталса, бұл қазақ халқының тарихын қорлағандарға қарсы тосқауыл болар еді.
Тарихымызды тек мектептерде ғана емес, әлемдік деңгейде кино мен сериалдар арқылы насихаттау — қазақ тарихының өскелең ұрпаққа жетуін қамтамасыз етіп, еліміздің абыройын арттырар еді. Бұл тарихымызды, кең байтақ жерімізді қорғауға бағытталған маңызды қадам болар еді.
«Орағың өткір болса, қарың талмайды, Отаның аман болса, жауың алмайды». Отанымыз аман болсын, іргеміз ешқашан сөгілмесін!
Түзелбаев Зульфухар
«Төртбай ата» мешіті