Еңбектері көп жағдайда еленбей, бағаланбай жататын қызмет түрі – имамдық қызмет деп айтсақ болады. Бұрын халық имам-молдаларға тек жаназа шығарып, құдайы тамаққа барып, Құран оқып, діни жоралғыларды орындап отыратын дін қызметкері ретінде қараса, қазіргі уақытта әлеуметтік желіні қолдану қолжетімді болып, әркім өз ойын еркін айтатын заманда дін қызметкерлерін орынды-орынсыз қаралап, отырса – опақ, тұрса – сопақ қылып әжуалап, мазаққа айналдыру бір трендке айналып кеткен сияқты.
Бұндай келеңсіз істерге адамдар өзін елге көрсетіп, өзін-өзі жарнамалап, әлеуметтік желіде тез әрі жылдам жазылушы жинаудың арзан құралы ретінде қарайды. Осылайша, олар танымал болудың оңай жолын таңдап, осындай лас істерге барады. Бірақ кейде дін қызметкерлерін қаралаймыз деп, асыл дінімізге тіл тигізіп, мазаққа айналдырып жатқанымызды біріміз білсек, біріміз білмейміз.
Осындай қазіргі қоғамда болып жатқан жағымсыз істерге қарап отырып: «Діни қызмет қандай мамандық? Дін саласында жүрген қызметкерлердің қоғамға тигізіп жатқан пайдасы қандай? Атқарып жүрген жұмыстарының маңызы қандай?» деген сұрақтарға жауап іздей отырып, мақаламызды бастасақ.
Жалпы, дін саласында жүрген дін қызметкерлері бірінші Алланың разылығы үшін дін жолында қызмет етіп, діни рәсімдерді атқарып, халыққа қызмет етеді. Сондықтан көп жағдайда қажырлы еңбектері еленбей, елеусіз қалып, бағаланбай жатады. Дінді дұрыс ұстай алмасаң, ол сені қараңғы жолға апарып, өмір бойы шыға алмайтын бір шұңқырға лақтырып жіберуі мүмкін. Ал сол қараңғы жолды жарық етіп, тура жолды көрсетіп, бағыт-бағдарыңды айқындап беретін – дін саласында жүрген дін қызметкерлері, имам-молдалар мен ұстаздар. Өйткені сен хақ деп сенген дінің белгілі бір тұлғалардың тарапынан құрылған немесе көптеген өзгерістерге ұшырап, бұрмаланған ағымдар болуы мүмкін.
Ислам діні де кейбір саяси оқиғаларға байланысты белгілі бір адамдар тарапынан әдейі бұрмаланып, дінді бұзу мақсатында немесе Құрандағы кейбір аяттардың үкімдерін толық білмегендіктен, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кейбір хадистерін дұрыс түсінбегендіктен түрлі мазһабтар пайда болды. Кейбіреулері ислам шариғаты шеңберінен шығып, шектен асып кеткені соншалық, ислам ғалымдары олардың сенімдеріне байланысты әрқайсысына жеке-жеке үкім беріп, дұрыс жолдағылар мен қателескендерін айқындап пәтуа шығарған.
Тарихтан белгілі кейбір ағымдар мемлекеттің тәуелсіздігіне қауіп төндіретін белгілі бір топтардың басты қаруына айналып, теріс пиғылды «деструктивті» топтарға айналған. Осындай теріс ағымдармен күресудің ең тиімді жолы – қарумен емес, олардың жүректеріне дұрыс сенімді ұялату. Сондықтан ислам ғалымдары қаламды қару ретінде пайдалану арқылы күрес жүргізді. Олар теріс сенімдерді жоққа шығаратын еңбектер жазып, бұрмаланған сенімдерге қарсы ғылыми еңбектермен тойтарыс берді. Соның нәтижесінде кейбір ағымдар тарих беттерінен жойылып кетті.
Адамның жүрегіне мықтап орныққан сенімін күшпен өзгерту қиын. Бірақ оны ақиқатқа көз жеткізу арқылы өзгертуге болады. Бұл күрес сан ғасырлардан бері жалғасып келеді. Егер дін ғалымдары мен имамдар болмағанда, сансыз теріс ағымдарды тоқтату қиынға соғар еді. Бұл күрес әлі де жалғасуда.
Тәуелсіздігімізді алып, өз алдымызға дербес мемлекет болып, асыл дініміз – исламмен қайта қауышқан кезде, өкінішке қарай, жат ағымдар да көбейді. Олардың кейбіріне заңмен тыйым салынбағандықтан, олар мешітке келіп, намаз оқиды. Сондықтан имам-молдалар күнде олармен бетпе-бет келіп, теріс жолға түсіп кеткен жастарымыздың жүректеріндегі қате сенімдерін түзету үшін аянбай еңбек етуде. Қаншама жастарымызды теріс ағымдардың жетегіне кетуден сақтап, тура жолға салған осы дін қызметкерлері мен имам-молдалар еді.
ҚМДБ-ның бекіткен ұстаздарынан білім алып, тура жолмен жүріп келе жатқан жастар көп. Бірақ мешітке келмей, жат ағымдардың қармағына ілініп, солардың жетегінде кеткен жастар да аз емес. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» демекші, алғашқы діни тәлімді жат ағымдардан алған жастар солардың сойылын соғып кетеді.
Енді көз алдымызға елестетейік: егер мүфтият тарапынан бекітілген дін қызметкерлері болмағанда, санасы уланған жастарымыз бұдан да көп болар еді. Өкінішке қарай, ҚМДБ-ның атқарып жатқан жұмыстарын зерттеп-зерделемей, әлеуметтік желілердегі жалған видеоларға сеніп, орынсыз сын айтатын адамдар да бар.
ҚМДБ соңғы 30 жылда ислам діні мен ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, халық арасында насихаттау жұмыстарын белсенді жүргізді. 30 жыл ішінде жат ағымдармен үздіксіз күрес жүргізіп, олардың ықпалын әлсіретіп келеді. Қаншама ғылыми еңбектер, кітаптар, мақалалар жарық көрді. ҚМДБ тарапынан құрылған РАНТ мүшелері теріс ағымдардың шырмауына түскен жастарды құтқару үшін аянбай жұмыс істеп жатыр.
ҚМДБ еліміздегі барша мұсылмандарды біріктіріп отырған қарашаңырақ. Ол – сағаттай дәл жұмыс істеп тұрған механизм, еліміздегі барша мұсылмандардың жүрегі. Сондықтан дін қызметкерлерін қаралаудың астарында осы механизмді бұзу ниеті жатуы мүмкін.
Салт-дәстүр, тарих сияқты ұлттық құндылықтарымызды «ескінің сарқыншағы» деп жоққа шығарып, домбыраны харам, келіннің сәлем салуын ширк деп айыптап жүргендер – жат ағым өкілдері. Оларға дер кезінде тойтарыс беріп, ұлттық құндылықтарымызды қорғап отырған ҚМДБ екені сөзсіз.
Қайрат Жолдыбайұлының «Дін мен діл» кітабы осы мәселені ашып көрсетсе, ҚМДБ тарапынан жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабы да осының дәлелі. Биыл оның үшінші томы жарық көрді.
Бір тілде сөйлейтін, бір салт-дәстүрді ұстанатын халықтың дінге бөлінуі жақсылыққа апармайды. Бұл әлемдегі қазіргі оқиғалардан да айқын көрінеді.
Ал біз өз дінімізді жамандап, дін қызметкерлерін қаралап, халықты дінге қарсы қою арқылы не ұтамыз? Осы сұрақтарды әрқайсымыз ой елегінен өткізуіміз керек.
Дін қызметкерлері – еңбегі елене бермейтін, бірақ елге қызмет етіп жүрген нағыз патриот азаматтар. Сондықтан оларды орынсыз қаралауды тоқтатып, еңбектерін бағалаған жөн.
Түзелбаев Зульфухар
Талас ауданы, «Төртбай ата» мешіті