Дана қазақ халқы «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп, ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген. Асыл сөздің кестесімен сәби жүрегін тербетіп, ой-санасын игі адамгершілікке жетелеген. Кең байтақ ата жұрттан ертеден жалғасып келе жатқан ар-ұят сақтау, мейірімді, шарапатты болу сынды қасиеттер – халқымыздың қанына сіңген құндылықтар. Біздің кешегі өткен Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы сынды рухани кемел азаматтарымыз да ұрпақ тәрбиесі туралы ұшан-теңіз даналық ойлар қалдырды.
Бірақ осындай ұлы халықтың бүгінгі ұрпағы неге майдаланып барады? Бұл сұрақ ар-ұяты бар әрбір қазақты мазалауы тиіс. Өйткені қазақтың қанында жоқ, ата-баба тәрбиесіне жат өзге діндердің мейрамдарын тойлау, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қабылдау әдетке айналды. Осындай мән-мағынасы жоқ, жастарды адастырып, азғындыққа жетелейтін мерекелердің бірі – «Әулие Валентин күні».
«Валентин» деген кім?
Тарихқа үңілсек, Валентин деген – 270 жылдары Римде өмір сүрген христиан дінін насихаттаушы. Оның өлімі туралы әртүрлі деректер бар. Бір ақиқаты – 14 ақпан күні өлім жазасына кесілгені. Рим католик күнтізбесінде бұл күн «әулиелер күні» ретінде тойланып келсе, 1969 жылы бұл мейрам тізімнен алынып тасталған.
Бүгінде «Әулие Валентин» күнінің кең таралуына халқының басым бөлігі христиан болып саналатын алып ел Ресейдің өзі алаңдаулы. Ал біздің елде бұл күн, әсіресе жастар арасында, өзіміздің төл мерекедей тойланып жүр. Эстрада жұлдыздары арнайы концерт ұйымдастырып, жастарды одан әрі адастырып, азғындықтың жарнамасына айналдырып жатқаны – өкінішті-ақ.
Қаншама жас ұрпақ алданып, сан соғып қалады
«Валентин күні» деп аталатын түнде қаншама қаршадай қыздың көз жасы төгіледі. Қаншама ата-ана зар илеп қалады. Талай жас ойнақтап жүріп, от басады. Бұл күн – қаншама бойжеткеннің арын аяққа таптатып, талай отбасының шаңырағын шайқалтқан күн.
Бұл мереке мұсылман қауымына ғана емес, тұтас қазақ халқының әдеп-ғұрпы, салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтарына да мүлде сай келмейді. Ислам дінінде Алла Тағала пенделеріне қос мерекені – Құрбан айт пен Ораза айт мейрамдарын сыйлады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:
«Алла сендер үшін олардан да абзал болған Құрбан және Рамазан айт күндерімен алмастырды».
Мұсылман адам осы екі мейрамды ғана мереке деп танып, өзге діндердің мейрамдарын тойлаудан аулақ болуы тиіс.
Олар біздің мерекемізді тойлай ма?
Біз өзге діннің мерекесін бар сән-салтанатымен тойлап жатқанда, христиан немесе басқа дін өкілдері біздің Құрбан айт пен Ораза айтымызды тойлап жатқанын көрдік пе? Әрине, жоқ.
Олай болса, біз неге өзгенің мерекесін тойлауымыз керек?
Түйін
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – болашақ ұрпақтың тағдырына алаңдасақ, осындай жат мерекелерді тойлауды доғаруымыз қажет!
Қазақ халқы ар-ұятты, иманды, адамгершілікті бәрінен биік қойған халық. Біз ата-бабамыздан қалған ұлттық тәрбиемізден, дініміз бен дәстүрімізден қол үзбеуіміз керек. Жастарымызды арсыздыққа емес, адами құндылықтарға баулу – әрбір азаматтың міндеті.
Түзелбаев Зульфухар
Бостандық ауылы «Төртбай ата» мешітінің имамы