Адамзат баласы ерте кезден-ақ өмірдің мәнін, тіршіліктің түпкі сырын іздеумен келеді. Қайда барамыз? Не үшін жаралдық? Өмірдің қиындығы мен қуанышы неде? Осы сұрақтарға жауап іздеген сайын бір шындық айқындала түседі: барлық жол иманға, Алланы тануға жетелейді.
Иман – бұл жай ғана сенім емес. Ол – жүректі тыныштыққа бөлейтін, жан-дүниені нұрландыратын шексіз күш. Қанша байлық жисаңыз да, дүние қызығына кенелсеңіз де, егер жүректе иман жоқ болса, жан дүниеңізді қуаныш кернеуі мүмкін емес. Шәкәрім атамыз айтқандай:
"Адамның сыртқы дене жаралысы,
Нәпсісі айуанмен анық теңдес.
Бөлектігі жалғыз-ақ таза ақылда,
Әлің келсе, жол тап та, осыны емдес!"
Жүректе иман болса, адам қорқыныш пен күдіктен арылып, өзін сенімді сезінеді. Өмірге, тіпті өлімге де сабырмен қарайды. Құранда бұл туралы былай делінген: «Шындығында, Алланы еске алып қана жүректер жай табады» («Рағыд» сүресі, 28-аят). Осы бір Құран сөзі қаншама жүрекке үміт сыйлап, сан адамды тыныштыққа жетеледі десеңізші!
Бүгінгі таңда адамдар бақытты байлықтан, мансаптан немесе материалдық игіліктерден іздейді. Бірақ бұл өткінші дүниелер адамның жанын жұбата алмайды. Әлемге әйгілі бай адамдардың көпшілігінің жан тыныштығын таба алмағаны – соның дәлелі. Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Шын байлық – дүниенің молдығында емес, жүректің тыныштығында» деген.
Жүрегінде иманы бар адам әр қиындықтың артында жақсылық бар екенін біледі. Сынақтар – адамды шыңдайтын Жаратушының жазған жолы. Әрбір қиындықтың артынан жеңілдік келетінін білген жан ешқашан үміт үзбейді. Құранда: «Әр қиындықтан кейін жеңілдік бар» деп баяндалған («Инширах» сүресі, 5-аят).
Иман адамды сабырлыққа, шүкіршілікке, ең бастысы – үмітке шақырады. Қараңғы түннен кейін міндетті түрде таң атады. Қиындықтар да уақытша ғана, ал Алланың мейірімі мәңгілік. Жүрегінде иман шамы жанған адам үшін әр күн – мүмкіндік, әр сынақ – хикмет.
Бақыттың кілті иманда. Жүрегімізді иман нұрымен байыта алсақ, біз шынайы тыныштыққа қол жеткіземіз. Қараңғылықта адаспау үшін, өмір жолымызды жарық қылу үшін жүрегіміздің шамшырағын сөндірмейік.