Қожа Ахмет Яссауи – ұлы даланың рухани сәулетшісі. Ол ислам дінін түркі халықтарының болмысына жақындатып, қарапайым халықтың жүрегіне жеткізе білді. Бүгінде оның еңбектері мен ілімі тек рухани мұра ғана емес, өмірлік бағыт-бағдар болып отыр.
Ислам дінін терең түсінген Яссауи сопылық ілімді түркі мәдениетімен үйлестіре отырып, рухани жаңғырудың жаңа бағытын ұсынды. Ол сыртқы ғибадаттарға ғана мән бермей, адамның ішкі жан дүниесін кемелдендіруді алдыңғы орынға қойды. Бұл идеялар оның "Диуани хикмет" атты еңбегінде көрініс тапты. Қарапайым халыққа түсінікті тілде жазылған бұл шығарма исламның негізгі қағидаларын жеңіл әрі ұғынықты түрде жеткізді.
Ахмет Яссауи ислам мен түркілік дәстүрлерді үйлестіру арқылы қоғамға әсер етті. Ол ата-ананы құрметтеу, әділеттілік, қонақжайлылық сияқты құндылықтарды ислам ілімімен байланыстырды. Бұл халықтың дінді қабылдауын жеңілдетіп, исламның рухани негіздерін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, Яссауи Түркістан қаласын исламның рухани орталығына айналдырды. Оның мектебі мен шәкірттері арқылы ислам ілімі Орта Азияға кеңінен таралып, өңірдің мәдени және рухани дамуына ықпал етті. Яссауи өз шығармаларында бай мен кедей арасындағы теңсіздікті, әділетсіздікті сынап, қоғамды адалдық пен мейірімділікке шақырды.
Қожа Ахмет Яссауи – тек бір дәуірдің емес, барша түркі халықтарының рухани шамшырағы. Оның ілімі мен мұрасы бізге бірлікке, әділеттілікке және ізгілікке ұмтылуды үйретеді. Бүгінде де оның еңбектері ислам дінінің адамгершілік құндылықтарын насихаттап, жаңа буынға бағыт сілтеуде.
Ахмет Яссауи – мәңгі өшпейтін рухани шамшырақ!