Уақыт – адам өмірінің өлшемі әрі Алланың берген үлкен нығметі. Кез келген құбылыс белгілі бір уақытпен санасып, нақты бір өлшемдермен жүреді. Өмір жел өтіндегі шырақ тәрізді. Әр адамның күні санаулы. Шын мәнінде, уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Өйткені уақытты біз қалаған кезімізде ұзартып, қалаған кезімізде қысқарта алмаймыз. Уақыттың өлшемі – Алла Тағаланың құзырында. Уақыт – адам өміріндегі ең құнды және шектеулі ресурс.
Ислам діні адамға уақытты бағалап, оны дұрыс әрі нәтижелі пайдалану қажеттігін үнемі еске салады. Құран Кәрімде уақыт туралы айтылған бірнеше аяттан оның адам үшін қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Қамар» сүресінің 49-аятында: «Шүбәсіз Біз барлық нәрсені белгілі бір өлшеммен жараттық» , –деп ескерткен.
Уақыт – Жаратушының адам баласына берген шексіз нығметі әрі сынағы. Нығмет дейтініміз – сіз сол уақыт аясында Алланы танисыз, құлшылық қыласыз, тәубе етесіз. Бір сөзбен айтқанда, Алланың сүйікті құлы болуға әрекет етесіз. Ал сынағын айтар болсақ, ол өте ауыр, әр секундыңыздың қалай өткеніне есеп бересіз.
Алла өзінің Рахман, Рақым, Әділ сипатымен барлық адамға уақытты тең дәрежеде үлестірген, біреуге артық, біреуге кем бермеген. Әр адамның үлесінде 24 сағат бар. Бірақ бір адамдар осы уақытты тиімді пайдаланса, енді бірі уақытын рәсуа қылып не өзіне не өзгеге пайдасын тигізе алмауда. Шынында уақытты жүйелей білу – барлық берекенің бастамасы.
Уақытқа қатысты мұсылманның міндеті – сан алуан діни, дүниелік істерінің ішінен іріктеп, маңыздыны маңызды еместен, маңыздырақты маңыздыдан ажыратып алу. Сол секілді адам бір істі істерде бұл ісінің ол үшін рухани, дүниелік пайдасы бар ма, жоқ па, соған мән беру керек. Дүниелік істерді жасағанда ақыреттік істердің хақысын жіберіп алмау қажет. Әркез мұсылман үшін ақыреттік амалдардың деңгейі дүниелік істерден бір саты жоғары тұрады. Ілгерідегі ғалымдарымыз айтқандай: «Құлдың төрт уақыты бар, бесіншісі жоқ: нығметке бөленген уақыты, құлшылық уақыты, сынаққа душар болатын уақыты, күнәға тап болатын кезі. Құлшылық уақыты келгенде лезде орындауы тиіс, нығметке бөленген кезінде Аллаға сансыз шүкір айтуы керек, байқаусызда күнә жасап қойса тәубе етуі шарт, басына қиыншылық түсіп, қабырғасы қайысса, ризашылық білдіріп, сабыр етеді», – деген.
Бір жылға, айға, аптаға, әр күнге жоспар құру – уақытты жүйелеудің бірден-бір жолы. Жүйелі жоспар құрылған кезде жұмыс өнімділігі отыз пайызға дейін артуы мүмкін. Бір жылдық жоспарға өзіңіздің алған біліміңіз бен тәжірбиеңізді, әлеуетіңізді, жұмыстың қаншалықты күрделігін ескере отырып, алға қойған мақсаттарыңызды қағаз бетіне түсіресіз.
• Адамның рухани өрлеуі;
• Материалдық тұрғыда әлеуетінің артуы;
• Қызметінде біліктілігін арттыруы;
• Жақындармен қарым-қатынасты күшейту;
• Отбасыңа көңіл бөлу;
• Қоғамға пайда келтіру.
Абдулла ибн Аббас Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізеді: «Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт», – деген.
Әрбір мұсылманның өмірдегі мақсаты – Алланың сүйікті құлы болу, бастаған ісі берекеге ұласып, табысқа кенелу, балалары үшін мейірімді әке, ата-анасына мейірбан ұл, сүйікті жар болу. Мұны қаламайтын, армандамайтын адам кемде-кем шығар. Кейбір адамдар күйбең өмірінде тыным таппай, бал арасы секілді ұшып-қонып жүргенімен жұмысының нәтижесі ретінде бал арасы секілді тәтті балын тата алмауда. Мұның басты себебі – Алланың аманат етіп берген уақытын тиімді пайдалана алмауымыз, уақытты жүйелі басқарудың тетігін білмеуіміз.
Бір мақсатқа жеткіңіз келсе, күнделікті жоспар құру керек. Адам «Онсыз да уақытым жетпей жатқанда жоспар жасап отырам ба?» деп ойлауы мүмкін. Бірақ сіздің бір күндік жоспар жасауыңыз, 15 минут уақытыңызды алуы мүмкін, бірақ сол жоспарға он бес минут жұмсаған уақытыңыз сіздің бір күнде 30 пайызға дейін уақытыңызды үнемдеуге септігін тигізеді.
Мұсылман адамның ісінде тәртіп болмаса, жоғарғы мақсаттарға жете алмайды, өмірінің де мәні кетеді. Мұсылман адам санасында екі жоспары бар: бірі – күнделікті оқуына, жұмысына байланысты өзгеріп тұратын жоспар, екіншісі – санасында қалыптасқан өзгермейтін мұсылман адамға тән жоспар. Адам күнделікті жоспарын бір күн бұрын, кешкі уақытта жасап қойғаны абзал. Қолмен жазылған, көзбен бекітілген, дыбысталып, құлақпен тыңдалған жоспардың жүзеге асуы жылдамырақ болады. Кешкі уақытта жасалған жоспарлар адам ұйықтап жатқан кезде өздігінен жүзеге асудың тиімді жолдарын іздестіреді. Адам ұйқыдан оянған кезде, не болмаса түннің бір уақытында керемет ойлар келіп, мәселені оңай шешетін жолдар болады.
Адам өзі атқаратын күндік, апталық, айлық, жылдық жоспарларды жаза отырып, оның орындалу мерзімдерін бекіте білуі қажет. Жазып болғаннан кейін ең маңызды дегендерге бір белгі қойып, одан кейінгі сатыдағы маңызды шаруаларына басқа белгі қойып, бұл жоспарлар жүзеге асқаннан кейін кейінгі асығыс емес, бірақ орындалуы міндетті болған жұмыстарды атқаруы тиіс. Бірақ бұл бекітілген жоспарға енген барлық мәселелер орындалуы керек. Ең соңғы сатыға сізге еш зияны жоқ істер кіреді. Оны істемесеңіз, сізге ешқандай зиянды салдары мен әсері болмайтын шаруалар кіруі керек. Жоғарыдағы маңызды деп белгіленген істерді бітірмейінше, бұл бағанға ауыспаған дұрыс.
Әр жасалған істен кейін оны қарындашпен сызып немесе жасалғаны жайында белгі қойыңыз. Бұл да өз кезегінде сізге келесі іске көшуге күш-жігер береді. Неғұрлым тындырған ісіңіз қиын болған сайын оны сәтті орындағаннан кейін сіздің келесі іске деген құлшынысыңыз да соғұрлым артады.
Мұсылман адамның руханиятына қатысты нәрселер өзгермейтін жоспарға жатады. «Сөздің басы бісміллә, бісміләссіз іс қылма» деп атам қазақ бекер айтпаған. Мұсылман адам күнін «Аллаға шүкір» деумен бастаса, сол күні жасаған әрбір ісі берекелі болады. Ал Жаратқанға деген шүкірлігімізді білдірудің бірегей жолы намаз оқып, құлшылық жасау екені белгілі. Уақытты жоспарлау және оны ізгі мақсаттарға арнау – әрбір мұсылманның міндеті.
Марат ЖАППАСБАЕВ,
ҚМДБ Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі
«Иман» журналы, №12, 2024 жыл