Жамбыл облысы Қордай ауданы, Қордай ауылындағы “Рахман” мешітінде шәкірттер үшін рухани дәрістер мен уағыз-насихат сабақтары ұйымдастырылды. Шараға аудандық «Қордай» мешітінің ұстазы Эльмира Аманқожақызы, «Құдайберген» мешітінің ұстазы Малика Аханқызы, «Рахман» мешітінің ұстазы Айгүл Жолдасқызы және Үшқоңыр медресе-колледжінің шәкірті Карима Сәрсенқызы қатысып, шәкірттерге тағылымды уағыздар жүргізді.
Бұл рухани жиында әр ұстаз шәкірттерге пайдалы әрі маңызды тақырыптарда дәріс оқыды:
- Карима Сәрсенқызы шәкірттерге «Хадис деген не?» тақырыбында дәріс жүргізіп, хадистердің исламдағы маңыздылығы мен оның Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сөздері мен амалдары екенін түсіндірді.
- Малика Аханқызы «Хадиспен амал ету» тақырыбында хадистердің өмірлік қолданыстағы рөлі мен мұсылман өміріндегі орнын атап өтті.
- Эльмира Аманқожақызы «Қалай хадиспен амал ету керек» деген тақырыпта терең түсіндірме жасап, шәкірттерге хадистерді дұрыс түсініп, оларды күнделікті өмірде қолданудың тәсілдері туралы кеңестер берді.
- Айгүл Жолдасқызы шәкірттерге «Құран мен Хадистің айырмашылығы» туралы баяндап, екі қайнардың исламдағы орны мен рөлі туралы түсінік қалыптастырды.
Дәрістер барысында шәкірттер ұстаздарға сұрақтар қойып, мазмұнды жауаптар алды. Сондай-ақ, уағыз-насихат сабақтары шәкірттердің рухани білімдерін арттырып, хадистерге деген қызығушылықтарын оятты. Шара соңында ұстаздар шәкірттерге білім алудағы табандылық пен ізденістің маңыздылығын еске салып, оларды Құран мен хадистерді тереңірек меңгеруге шақырды.