ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ – ҚОҒАМНЫҢ АЙНАСЫ

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ – ҚОҒАМНЫҢ АЙНАСЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әлеуметтік желі қоғамдағы байланыс құралының бірі ретінде маңызды рөл атқарады. Желілер адамдарды жақындатумен қатар, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Дегенмен әлеуметтік желіні дұрыс және саналы қолдану, сол арқылы уақытты тиімді пайдалану және ақпараттың дұрыстығына мән беру маңызды.

Қазіргі уақытта елімізде халықтың басым көпшілігі түрлі бағыттағы әлеуметтік желілерді пайдаланып келеді. Олар – Facebook, Instagram, TikTok, YouTube т.б. Facebook – әлемдегі ең ірі әлеуметтік желінің бірі. Достармен қарым-қатынас, жаңалықтармен бөлісу, топтар мен қауымдастықтарға қатысу үшін қолданылады. Instagram – негізінен суреттер мен видеолар бөлісуге арналған желі болса, TikTok – қысқа видеоларды бөлісуге арналған танымал платформа. Ал YouTube – бейнеконтентті жариялау және қарауға арналған ең ірі видео платформасы. Сонымен қатар, хабар алмасу платформалары да бар. WhatsApp, Telegram сияқты платформалар жылдам хабарлама алмасу үшін қолданылады. Ендігі кезекте аталған әлеуметтік желілердің артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталып өтсек.

 

Әлеуметтік желінің артықшылығы

Біріншісі, ақпаратқа қолжетімділік. Әлеуметтік желі арқылы кез келген тақырып бойынша ақпарат алу және жаңалықтарды бөлісу мүмкіндігі бар. Екіншісі, жылдам байланыс. Қашықтыққа қарамастан, адамдардың бір-бірімен тез және тиімді байланыс орнатуына көмектеседі. Үшіншісі, жеке брендті дамыту. Әлеуметтік желі арқылы жеке немесе кәсіби имиджді қалыптастыруға, өз ісін насихаттауға болады. Төртіншісі, әртүрлі аудиториямен жұмыс. Әлеуметтік желілер әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдармен танысуға және әртүрлі мәдениеттермен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді.

 

Әлеуметтік желінің зияны

Біріншісі, қауіпсіздік мәселелері. Жеке ақпараттың ашық, қолжетімді болуы немесе жеке мәліметтердің ұрлану қаупі бар. Екіншісі, уақытты тиімсіз пайдалану. Әлеуметтік желіде ұзақ уақыт өткізу өнімділікті төмендетіп, уақытты тиімсіз өткізуге әкелуі мүмкін. Үшіншісі, жалған ақпарат тарату. Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тез таралып, қоғамда теріс көзқарастардың қалыптасуына әсер етуі мүмкін. Төртіншісі, кибербуллинг (интернеттегі қорлау). Кейбір пайдаланушылар басқа адамдарды қорлау немесе кемсіту мақсатында әлеуметтік желіні теріс пайдаланады.

 

Желіні пайдалану мәдениеті

Әлеуметтік желі барынша жақсы жағынан пайдалану үшін оны дұрыс және саналы түрде қолдану маңызды. Осы ретте әлеуметтік желіні пайдаланудың мәдениеті туралы айтып өтсек.

Бірінші, құрмет пен әдеп. Әлеуметтік желілерде өзгелерге құрмет көрсету маңызды. Пікір білдіру кезінде сыпайылық сақтап, өз ойыңды мәдени түрде жеткізу керек. Екінші, жалған ақпараттан сақтану. Деректерді бөлісуде сенімді және ресми дереккөздерге сүйену қажет. Жалған немесе жалған ақпарат тарату қоғамда араздық туғызуы мүмкін. Үшінші, талқылау мәдениеті. Талқылау кезінде дауласқаннан гөрі, әртүрлі көзқарастарды тыңдап, ортақ шешім іздеуге тырысу керек. Ашу-ызаға берілмей, өз ойын дәлелдер арқылы сыпайы жеткізу – мәдениеттіліктің белгісі. Төртінші, жеке мәліметтерге құрмет. Өзгенің жеке мәліметтерін рұқсатсыз жарияламау, олардың құпиялылығын сақтау маңызды. Жеке ақпаратты сақтау – интернет қауіпсіздігінің басты аспектісі. Бесінші, мазмұнның сапасы мен маңыздылығы. Әлеуметтік желілерде мағынасыз немесе арандату сипатындағы жазбаларды жариялауғаннан гөрі қоғамға пайдалы, мағыналы және танымдық жазбалар қалдырған жөн.

Алтыншы, зорлық пен агрессияны насихаттамау. Қатыгездік, агрессия немесе басқа адамдарға зиян келтіретін әрекеттерді насихаттау қоғамда жағымсыз әсер тудырады. Сондықтан позитив, рухани бай жазбаларды насихаттау қажет. Жетінші, әр адамның пікір құқығы. Әлеуметтік желіде әрбір адамның өз ойын айтуға құқығы бар. Сондықтан әртүрлі пікірге ашық болып, әркімнің сөз еркіндігін құрметтеу қажет. Сегізінші, түсіністік таныту. Әлеуметтік желіде әртүрлі ұлттар, мәдениеттер және көзқарастар кездеседі. Сондықтан төзімділік танытып, өзге мәдениеттерге түсіністікпен қарап, кемсітпеу қажет. Тоғызыншы, әдеп нормаларын сақтау. Әлеуметтік желіде қоғамның жалпы әдеп нормаларын сақтаған жөн. Ашықтан-ашық балағаттау, қорлау, ұятсыз сөздер жазу жалпы мәдениетке қайшы келеді. Оныншы, қоғамдық пікірге оң әсер ету. Әрбір қолданушы өзінің әрекеті арқылы қоғамда белгілі бір ой қалыптастыра алады. Сондықтан жауапкершілікпен және оң ықпал ететіндей әрекет ету мәдениетті қоғамның қалыптасуына үлес қосады.

 

Ескеру керек ережелер

2024 жылғы деректерге сүйенсек, әлеуметтік желілерді пайдаланушылар саны әлем бойынша шамамен 5,17 миллиард адамға жетті. Бұл бүкіл әлемхалқының шамамен 64 пайызын құрайды, ал олардың күнделікті желіде өткізетін орташа уақыты – 2 сағат 20 минут. Көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 4,44 пайызға артқанын көрсетеді. Бұл статистика әлеуметтік желілердің маңызды құбылысқа айналғанын және жыл сайын белсенді қолданушылар санының айтарлықтай өскенін көрсетеді.

Әлеуметтік желілер – қазіргі замандағы ең маңызды коммуникациялық құралдың бірі. Олар адамдардың қарым-қатынас жасауына, ақпарат алмасуына, білім алуына және өзара түсіністікті нығайтуға көмектеседі. Дегенмен желіні пайдалану кезінде әдеп нормаларын сақтап, жеке қауіпсіздікке мән беру қажет. Сонымен қатар әлеуметтік желілерді пайдалану барысында мына ережелерге мән берген абзал: әдеп сақтау, жалған ақпарат таратпау, бос уақытты тиімсіз өткізуден сақтану, әдепсіздіктен сақтану, зиян келтірмеу, жақсылыққа шақыру және жамандықтан тыю.

 

Тимур СЕРІКҚАНҰЛЫ,

ҚМДБ Цифрлық даму бөлімінің меңгерушісі

«Иман» журналы, №11, 2024 жыл

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: