НИЕТТІҢ ДІНДЕГІ ОРНЫ

НИЕТТІҢ ДІНДЕГІ ОРНЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ниет сөзінің мағынасы "алдыға қойған мақсат" дегенді білдіреді. Шариғаттағы термині жайлы Мұхаммед Әмин ибн Ғабидин өзінің "Рәддул Мұхтар" кітабында: "Ниет - қандай да бір амалды орындауда, жүзеге асыруда Алла Тағалаға жақындықты мақсат ету, яғни Алланың разылығына сай орындау" деген.

Ниет - ізгі амалды басқа амалдардан ажыратып беруші нәрсе. Егер ниет дұрыс болатын болса, амалы да дұрыс, әрі қабыл болып саналады. Мысалыға айтар болсақ, бір адамның оқыған төрт рәкәғат намазы бесін намазының төрт рәкат парызы немесе төрт рәкәғат сүннеті де болуы мүмкін. Мұндағы мәселе жасалған ниетінде көрініп тұр. Ниет қайсысына мақсат қылғандығын көрсетіп береді. Ораза да дәл сол сияқты, парыз немесе нәпіл ораза болуы мүмкін.

Ғұламалардың баршасы ниеттің орны жүрек екендігіне бірауыздан келіскен. Және де ол ниеті тілмен де айтылып орындалу керектігін бекіткен.

Ниет те дұғаның бір түріне жатады. Халқымызда "Жақсы сөзге де, жаман сөзге де періштелер "әмин" деп тұрады" деген сөз бар. Демек, ниет жақсы болса да, жаман болса да құдды дұға сияқты аспан әлеміне көтеріліп, қабыл болып кетеді. Сол үшін де дана халқымыз "Жақсы сөз - жарым ырыс" деген.

Ғұламаларымыз ниетті рухға (жан, ішкі көңіл), амалдарымызды денеге ұқсатқан. Яғни, адам қаншама амал қылса да ниеті дұрыс болмаса, ықыласты болмаса, бұл жасаған амалы жансыз дене іспеттес болып, еш пайдасын бермейді. Яхия ибн Кәсир: "Қылған ниетіңе мән бер, ол тіпті жасаған амалыңан да жоғары, әрі үлкен маңызға ие",- деген.

Ниет жүректің ісі. Өйткені оны Алладан өзге ешкім білмейді. Ниеттің жақсы немесе жамандығына қарап, оған сауап немесе күнә жазылады. Сол үшін де жасаған әрбір амалдарымыз қылған ниеттерерімізге қарай бағаланады. Омар ибн Хаттаб р.ғ. риуаят етеді, Пайғамбарымыздан с.ғ.с. естідім, Ол (с.ғ.с.) өз сөзінде: "Амалдар ниетке қарай бағаланады", деді.

Әр қандай амалдың сыртқы және ішкі көрінісі болады. Амалдың сыртқы көрінісі шариғат жолына сәйкес орындалса, дұрыс болып саналады. Егер шариғатқа қайшы келетін болса, онда бекер болғаны. Ал, енді амалдың ішкі көрінісіне келер болсақ, ол ниет етумен, мақсат етумен жүзеге асады, ішкі көрініс (ниет) әрқашан дұрыс болуы керек. Сол үшін де дін ғалымдары айтқандай, адамдар біздердің сыртқы көріністерімізге қарап баға беретін болса, Алла Тағала ішкі жан дүниемізбен жасалған құлшылық, ниеттерімізге қарап баға береді екен.

Нұғман ибн Бәшир р.ғ. риуаят етеді, Пайғамбарымыз с.ғ.с.: "...Абай болыңыздар! Дененің ішінде бір жұдырықтай кесек ет бар. Егер ол сау болса, бүткіл ағза сау болады. Егер ол жарадар болса, қалған басқа ағзалар да жарадар болғаны. Біле жүріңіз, ол - жүрек..."деп, әр нәрсенің басында әуелі жүректегі амалы (ниеті) есепке алынады деген. (Бұхари риуаяты).

Сол үшін де құрметті оқырман! Әуелі ішкі жан дүниемізді туралап, жасайтын амалдарымыздың ниеттерінің қандай деңгейде екендігіне мән берелік. Мұсылмандардың бір-бірлеріне "ниетіңді дұрыста", "ниетіңді жаңартқын", "ниет қабыл болсын", "не жасасаң да Раббың үшін жасағын" деп айтуларында көптеген мән жатқандығын байқауымызға болады. Ниеттің басты мақсаты - Алланың разылығына қауышу. Алланың разылығы себепті пенде екі өмірдің бақытына қауышады.

Адамдардың ниеттері де әртүрлі болады. Кейбіреулері Алланың азабынан қорыққандығынан ғибадат жасайды. Басқа біреулері болса Алланың рақымынан үміт ете отырып құлшылықтарын орындайды. Бұл екі мақсат ниеттердің төресі һәм абзалы. Адам баласына көптеген нығметтер мен игіліктер берілген. Соның бірі, өміріміз, яғни тіршілігіміз. Бір мәрте ғана берілетін сол ғұмырымызды жақсы ниетпен, салихалы амалдармен өткізгенге не жетсін! Айтқымыз келгені амалдарымызды жақсы ниеттермен, уақыттарымызды тек жақсылықтар әкелетін пайдалы нәрселерге жұмсағанымыз абзал.

Ғалымдардың пайымдауынша, адамның бір күнде сарып ететін уақыттары орташа есеппен:
Ұйқыға 6 сағаты кетеді;
Тамақтануға 1 сағаты кетеді;
Әжетхана мен жуынуларына 30 минут жұмсалса;
Жұмысына 8 сағат кетеді;
Үй шаруасына 2 сағат бөледі.

Кездесулер мен қонаққа баруларына, жолда жүргендеріне шамамен 2 сағаттан астам уақыт сарып етеді екен. Мұның бәрі шамамен тек орташа есеппен ғана айтылған дүние. Ал енді дінімізде болса әр күнімізді жақсы ниеттермен, шынайы ықыласты амалдармен өткізу керектігіне үндейді. Өйткені, ол - ғибадат. Ал ғибадаттың дұрыс болуы ниеттерімізге қарай байланысты.

 

 

Үмбет Сабырханов

"Әлхақ" мешітінің имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: