ИМАНДЫ АДАМ ХАҚЫНДА

ИМАНДЫ АДАМ ХАҚЫНДА

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала қасиетті Құранда иманды адамдар хақында: «Әлиф, ләм, мим (мұның мағынасы жалғыз Аллаға аян). Бұл кітап (яғни қасиетті Құран) – ешқандай шәк-шүбәсіз тақуалылардың жетекшісі. Олар ғайыпқа сенеді, намаз оқиды, өздеріне берілген ризықтан (Алланың жолына арнап) жұмсап тұрады. Олар саған түскен кітапқа және сенен бұрынғыларға түскен кітаптарға сенеді. Ақыретке күмәнсіз нанады. Әне, солар ғана Раббыларының тура жолындағылар. Солар ғана мұратқа жететіндер», - деп сипаттайды.

Алла елшісі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде иманды адамдар жайында: «Нағыз мұсылман тілімен де, қолымен де өзгеге зияны тимеген адам» деген.

Иман төрт жерде сақталады: көңілде, жүректе, көкіректе және тәнде. Ал ұят – адамның көзінде, жүзінде, санасында көрініс табады.

Осыған байланысты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам нақты, яғни көзге көрнекті. Ал иман – адамның жадында яғни көзге көрінбейді, жасырын тұрады» – деп бұйырған.

Адамның иманды  болуы отбасынан басталады. Ол үшін әке мен шешенің рөлі зор. Осы мәселеде де хақ дінімізде аса жауапкершілікпен қарайды. Жастарды имандылыққа  тәрбиелеу негізінде отбасынан басталады.

Отбасы дегеніміз – адам баласының өсіп-өнген қазтұрар, қанатқағар ұясы, алтын бесігі. Отбасында, әсіресе, тәрбие анаға байланысты. Ананың бала тәрбиелеудегі рөліне Ислам қайраткерлері де көп көңіл бөлген.

Тіпті иманды түсіндіре келе хазіреті пайғамбарымыз: «Сендер жаратушы Алланы және  мені, яғни Алланың елшісін ата-аналарыңнан да, мал дүниелеріңнен де артық жақсы көрмейінше толық иман келтірген болмайсыңдар» деген еді.

Астарына үңілер болсақ иман келтіру жай ғана тілмен айта салатын жеңіл сөз емес, керісінше аса зор мағынаға ие жауапкершілік екенін аңғарамыз. Имандылықты  жүрегіне сіңірген адам еш уақытта жолдан таймайтыны анық.

Абай Құнанбайұлы иман жайында:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.

Ойлан-дағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл»,- деп имандылықтың белгілерін атап өткен.

Иманды адам өзгеге де қоғамға да пайдасын тигізген жанды айтуға болады. Біз қазақ халқы имандылықты жоғары қойып, ұрпағымызға тәлім-тәрбие беруде ең әуелі имандылықты, көркем-мінезді, отбасына және қол астындағыларға қарайласуды үйрететін, дін мен дәстүрін насихаттайтын ұрпақ тәрбелеу басты мақсаттардың бірі екенін естен шығармауымыз керек.

Жамбыл облысы Байзақ аудандық 
«Байзақ баба» мешітінің наиб имамы
Сағымбаев Бақытбек Бауыржанұлы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: