Қасиетті жұма күні Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы Кеңес ауылдық «Кеңес» мешітінде жұма намаздың алдында жамағатқа «Құран және ғылым» тақырыбында насихат айтты.
Бас имам насихатында: «Қасиетті Құран – адамды екі дүние бақытына жетелейтін қасиетті кітап. Ол адам баласына тура жол көрсетіп, екі дүние бақытына жетелеумен қатар, адамзатты білімге, ғылымға шақырады. Қасиетті Құранның ең алғаш түскен аяттары:«Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай-ақ Ол қаламмен үйретті. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйретті», – деп нәзіл болған («Ғалақ» сүресі, 1-5-аяттар).
Бұл аят асыл дінімізде білім алудың қаншалықты үлкен маңызға ие екенін көрсетеді. Өкіншіке орай, кейінгі кездері Құранды ғылым мен технологияға қарсы қойып, қабылдағысы келмейтіндер шыға бастады. Біле білсек, қасиетті Құран білім мен өркениетке, ғылым мен технологияға ешуақытта қарсы болмаған және қарсы болмайды да. Қасиетті Құран керісінше Алла Тағаланың жаратқан жаратылыстары туралы ой жүгіртіп, Оның белгілерін тануға, ғылымды дамытуға шақырады. Қандай да бір адам өмірге пайда келтіретін ғылыми жаңалық ашса, өзіндік сауабын алады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, бүкіл амалы тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері тоқтамайды (жалғаса береді). Олар: жалғасып тұратын садақа, пайдаға асқан білім және дұға жасайтын салиқалы ұрпақ», – деген (имам Мүслим).
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:
Дін – ғылымның анасы,
Дін – ғылымның әкесі.
Ғылым – діннің баласы,
Дін – ғылымның көкесі.
Ғылым да бар, дін де бар,
Қоқыс та бар, гүл де бар.
Қол ұстасып Құдайға,
Ғылым мен дін бірге бар, – деп, дін ғылымның бастауы екенін айтқан», - деді.