ИМАН ТУРАЛЫҚТЫҢ КӨШБАСШЫСЫ

ИМАН ТУРАЛЫҚТЫҢ КӨШБАСШЫСЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мешіт имамдары – тіршілік түсінігіне тұжырымдама беріп, адамзатты тура жолға нұсқап, асыл дініміздің көшбасшылары болып жүрген жандар. Бүгінгі кейіпкеріміз Қанат Тұмарбекұлы Байзақ ауданындағы Бурыл ауылдық округінің бас имамы. Жақында айтар ойы көп имам ағамызбен кездесіп, дініміздің діңгегі мен ұлт тәрбиесі тұрғысында әңгіме өрбіткен едік.

Төле би бабамыз «Болатын жігіт әуелі өз нәпсісін билейді, одан кейін ағайындарын, одан кейін аймағын билейді» деген екен. Осы тұста Қанат Тұмарбекұлы дана бабамыздың ұлағатты сөзі Абайдың «толық адам» ілімімен астасып жатқанын айтып, өз ойымен бөлісті.

– Төле би бабамыз нені меңзеп жатқанын түсініп алған жөн. Өз нәпсіңді билеу деген керемет дүние. Өзін жеңетін, өзіне әмірін жүргізе алатын  адам ол – батыр адам. Нәпсіні билеуге «тіліңді былапыттан таза ұстау», «қыңыр мінезді көркем мінезге бұру», «көз сұғанақтығынан сақтанып, зина атаулыдан аулақ болып, қазақы дәстүрмен келін алу» жатады. «Жартылай мұсылман – жартылай адам, толық мұсылман – толық адам» деген Абайдың тәмсілін білеміз. Жақсы адам – кемшілігі жоқ адам емес, жамандығынан жақсылығы көп жан. Бұл мұсылманшылық – шынайы рухани жаңғыруға жетелейтін, адамгершіліктің төресі саналатын иманды қуаттау. Абайша айтсақ, «Иманның күзетшісі – намаз». Ал иман – туралықтың көшбасшысы, – деген имам ел ішінде тараған «молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деген сөзге қатысты пікірін білдірді.

Қ.Тұмарбекұлының айтуынша, молда болу мақсат емес, мұсылман болу – парыз. Молда атаулының әжуа қылу ежелден келе жатқан әдет. Әсіресе кеңестік кезеңде қатты белең алған. «Құдай жоқ» деген  қоғам жасау  барысында молда атаулыны түп-тамырымен жоқ қылу көзделген.

– Әрине, пенде болғаннан кейін қателесеміз, сүрінеміз. Алайда жаңағыдай сөздер бізгі қамшы болса керек. Имам деген қазіргі таңда қоғам көшбасшысы болу керек. Оның саясаттанда да хабары болуы тиіс. Ел тарихынан, шежіресінен де әңгіме өрбітіп, ол жайында білімі болуы керек. Ақын жазушылардың шығармаларын жіті назарға алып, оқып жүрсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз, – дейді кейіпкеріміз.

Қазіргі сәтте Байзақ ауданына қарасты Құмжота ауылында жаңа мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Осыдан біраз уақыт бұрын құмжоталық жастар «Қарқаралыда «Құнанбай» мешіті болса, Құмжотада да «Дәуіт ата» мешіті тұрғаны жақсы емес пе?» деп ортаға ұсыныс тастайды. Жігіттердің жарқын бастамасын жергілікті жұрт та құптай кетеді. Құрылысы аяқталса, жаңа мешіт құмжоталықтардың құлшылық ететін орнына айналмақ.

Сөз соңында Қанат имам «Ұлт тәрбиесінде, қоғамда діннің рөлі қандай болуы керек?» деген сауалға қатысты ойын білдірді.

– Ислам діні – бейбітшілік діні. Біздің кешегі тарихтағы асыл тұлғаларымыздың барлығы мешіт-медреседен тәлім алған қайсар да батыр азаматтар.  Сондықтан діннің қоғамдағы әр тұлға үшін алар орны ерекше деп санаймын, – дейді Қ.Тұмарбекұлы.

Әдемі насихатымен жұртты тарта білетін болғандықтан Қанат Тұмарбекұлының уағызын тыңдауға асығатындар көп. Халықты тура жолға салып, адамгершілікке, жақсылыққа тәрбиелеп жүрген осындай имамдар көп болсын.

МАҚСАТ БЕГІЛДА

АҚЫН

БАЙЗАҚ АУДАНЫ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз:

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active