Қазіргі жаһандану дәуірінде интернет ақпарат алмасу, білім алу және пікір бөлісу құралы ретінде адамзат өмірінің барлық саласын қамтитын маңызды құралға айналды. Интернеттегі миллиондаған сайт, блогтар, әлеуметтік желілер, форумдар арқылы кез келген ақпарат қолжетімді. Соның ішінде діни ақпарат пен ағартушылықтың рөлі ерекше. Дін және интернет өзара тығыз байланыста дамып келе жатқан екі үлкен сала болғандықтан, олардың өзара әрекеттестігі қоғамдағы рухани мәдениеттің қалыптасуына және діни білімнің таралуына айтарлықтай әсер етеді. Бұл мақалада интернеттегі діни ақпараттың таралу ерекшеліктері, оның қоғамға ықпалы, діни контентті тұтынудың артықшылықтары мен қиындықтары қарастырылады.
Бүгінгі күні әлемде 5,17 млрд әлеуметтік желі пайдаланушысы бар екен. Бұл – жалпы әлем халқының 64 пайызы. Ал елімізде 14 миллиондай адам желіге тіркелген. Бұл халықтың 77 пайызын құрайды. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер дәстүрлі медиамен қатар жаңа медианың да кейбір ресурстарын (сайт, портал) ақпарат айдынынан ығыстырып, негізгі жаңалықтар көзін алмастырды.
Интернетте діни ақпараттың кең таралуы және қолжетімділігі бұрын-соңды болмаған деңгейде дамып келеді. Әлемнің кез келген нүктесіндегі адам интернет арқылы дінге қатысты сұрақтарына жауап таба алады. Интернеттің мүмкіндігі шексіз болғандықтан, діни ағартушылықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Ең әуелі бұл үрдіс қолжетімділік пен жеделдікті күшейтті. Яғни діни ақпаратқа қол жеткізу бұрын белгілі бір уақытта және белгілі бір жерде діни институттарға жүгінуді талап етсе, қазір бұл ақпарат интернет арқылы тәулік бойы қолжетімді. Адамдар өзін қызықтыратын сұрақтарға жауапты діни сайттардан, форумдардан немесе әлеуметтік желілердегі топтардан іздеп, кез келген уақытта қажетті білім ала алады.
Екіншіден, көптүрлілік және пікір алуандығы байқалады. Интернеттегі діни ақпараттың көптүрлілігі дін мәселелері бойынша әртүрлі көзқарастар мен түсініктерді көруге мүмкіндік береді. Бұл көптүрлілік діни сауаттылықты арттырып қана қоймай, адамның дүниетанымын кеңейтуге ықпал етеді. Интернетте әртүрлі діни ағымдар мен мектептердің көзқарастары ұсынылғандықтан, оқырман түрлі бағыттармен танысуға және өзіне жақын діни түсініктерді таңдауға мүмкіндік алады.
Үшінші кезекте интерактивтілік артты. Интернет адамдарға тек ақпарат алмасу емес, белсенді түрде діни ағартушылыққа қатысуға мүмкіндік береді. Мысалы, діни блогтар мен форумдарда оқырмандар сұрақ қойып, пікір алмасып, діни тақырыптарда талқылау жүргізе алады. Бұл интерактивтілік діни ақпаратты түсіну мен талқылауға жаңа көзқарас әкеліп, білім алушыларға тереңірек түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ал мәселенің төртінші бұрышында діни білім беру ресурстарының көбеюі әсер етті. Интернетте діни оқу орындары мен ұйымдардың онлайн курстары, вебинарлары мен дәрістері де кең таралған. Бұл білім беру ресурстары арқылы адамдар діни білімін тереңдете алады. Онлайн курстардың артықшылығы – олар қашықтыққа қарамастан қолжетімді және өздігінен білім алу үшін ыңғайлы форматта ұсынылады.
Жалпы интернеттегі діни ақпараттың кең таралуы қоғамның рухани өміріне елеулі әсер етуде. Алайда бұл ықпалдың оң және теріс жақтары да бар. Сонымен қатар оларды толыққанды түсіну үшін бірнеше негізгі аспектіге назар аудару қажет. Интернеттің оң әсерлерін үш артықшылық бойынша қарастыруға болады. Алғашқысы – діни сауаттылықтың артуы. Интернет діни сауаттылықты арттыруға және адамдардың діни мәселелер бойынша терең білім алуына мүмкіндік береді. Діни сайттар мен ресурстарда діни мәтіндер, мақалалар, видеолар және аудио материалдар қолжетімді. Бұл ақпарат көздері адамдарға өзінің діни нанымы мен дәстүрі туралы көбірек білуге және білімін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Келесі артықшылық – толеранттылық пен объективті пікірдің қалыптасуы. Интернетте әртүрлі діндер мен нанымдардың бейбіт өмір сүруіне ықпал ететін материалдар көп кездеседі. Оқырмандар басқа діндер мен мәдениеттер туралы ақпарат ала отырып, толеранттық көзқарасты қалыптастыра алады. Бұл қоғамдағы дінаралық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға көмектеседі. Үшіншісі – қоғамдық пікірді қалыптастыру. Интернетте діни мәселелерге арналған талқылаулар, форумдар діни көзқарастар мен діннің қоғамдағы рөлі туралы қоғамдық пікір қалыптастырады. Әсіресе әлеуметтік желілердегі белсенді талқылаулар мен пікірталастар діни көшбасшылар мен қауымдардың өзара байланысын күшейтіп, қоғамдық мәселелерді шешуге жол ашады.
Интернеттің қоғамға төндірер қаупі, яки теріс әсерін де айрықша атап өткен жөн. Соның бастысы әрі негізгісі – діни экстремизм және радикализм қаупі. Интернеттегі кейбір ашық платформалар радикалды діни идеялардың таралуына себеп болуы мүмкін. Экстремистік топтар интернетті өз идеологияларын насихаттау құралы ретінде пайдаланып, әсіресе жастар арасында қауіпті идеяларды тарататын жағдайлар кездеседі. Радикалды идеялардың таралуы қоғамда бөлінушілікке және қақтығыстарға әкелуі мүмкін.
Екінші – діни ақпараттың сапасы мен сенімділігі. Интернеттегі діни ақпараттың көптігі оның сапасы мен сенімділігіне қатысты мәселелерді де тудырады. Әркім өз пікірін еркін білдіре алатындықтан, кейбір ақпараттар шындыққа сәйкес келмеуі немесе бұрмаланған болуы мүмкін. Оқырмандар бұл ақпараттың дұрыстығын тексермей, жалған ақпаратқа сеніп қалуы ғажап емес.
Үшінші туындауы мүмкін мәселе – діни алауыздықтар мен қақтығыстар. Интернеттегі пікірталастар мен форумдарда кейде діни топтар арасында келіспеушіліктер туындап, мұның соңы қақтығыстарға ұласуы мүмкін. Әсіресе діни фанатизм мен радикализм мәселелері интернетте жиі көрініс табады. Мұндай жағдайлар қоғамдағы діни ахуалды нашарлатуы ықтимал.
Біз нақты түсінуіміз қажет бірнеше фактор бар. Интернет діни ақпараттың таралуында және қоғамның діни сауатын арттыруда маңызды рөл атқарады. Ол діни білім алуға жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, қоғамдағы діни төзімділікті арттыруға ықпал етеді. Дегенмен интернетте діни ақпаратты тұтыну барысында сыншылдық пен жауапкершілік таныту қажет. Ақпараттың сенімділігін тексеру, әртүрлі пікірлерді қарастыру және қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтауға ұмтылу – қазіргі заманғы интернеттегі діни ағартушылықтың басты міндеті саналады. Осы ретте ҚМДБ интернеттегі радикалды және экстремистік контентпен күресіп келеді. Жат ағым өкілдері интернет арқылы өз идеясын таратуды жиі пайдаланады. Сондықтан Діни басқарма оларды танып-біліп, бақылау үшін арнайы жүйелерді дамытып келеді. Бұл шаралар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және діни тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Осы орайда еліміздің әр азаматы интернеттегі ақпараттардың сенімділігіне назар аударып, діни ақпаратты сауатты пайдаланып және экстремистік идеологиялардан сақтануы тиіс.
Сағым МАТҚАЛИ,
ҚМДБ Дін істері және талдау бөлімінің маманы
«Иман» журналы, №11, 2024 жыл