ҚМДБ-ның діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі, РАНТ мүшесі Хасан Ташайұлымен Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы, Тараз қаласының бас имамы Ержан Аманбаев Тараз қалалық №59 түзеу мекемесінде жазасын өтеушілермен кездесіп, уағыз-насихат айтты.
Кездесу барысында Хасан Ташайұлы діннің шынайы мәні туралы түсіндіріп, жат ағымдардың қоғамға тигізетін теріс әсерлеріне тоқталды. Ол жазасын өтеушілерге исламның бейбітшілік пен мейірімділік діні екенін айтып, радикализм мен экстремизмнің діни іліммен еш байланысы жоқтығын баса айтты. Сондай-ақ, радикалды идеялардың қауіптілігі туралы айтып, олардың негізгі белгілерін танып-білу жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар, рухани құндылықтарға негізделген өмір салтына бет бұрудың артықшылықтарын атап өтті.
Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы дін мен дәстүрдің үндестігін түсіндіріп, ұлттық және рухани құндылықтарды сақтау арқылы адасудың алдын алуға болатынын жеткізді. Ол жазасын өтеушілерді білім алуға, өзін-өзі рухани жетілдіруге және қоғамға қайта оралуға дайын болуға шақырды.
Кездесу барысында жазасын өтеушілер жат ағымдарға қатысты көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мазмұнды жауаптар алды.