ҚМДБ-ның діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі, РАНТ мүшесі Хасан Ташайұлы М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті студенттерімен кездесті. «Ізгі қоғам жастары» тақырыбында өткізілген рухани – танымдық кездесуге Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы, оқу орнының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аслан Еділханұлы мен оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер қатысты.
Кездесу барысында Хасан Ташайұлы «Білімді жастар – ел болашағы» тақырыбында дәріс оқып, жастарды ізгілікке, рухани тазалыққа шақырып, адамгершілік қасиеттерді бойға сіңірудің маңыздылығын атап өтті. Ол қазіргі қоғамда жастардың білім алумен қатар, ұлттық және діни құндылықтарды ұстанудың маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, облыс бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев «Лудомания – ғасыр дерті» тақырыбында арнайы баяндама жасап, құмар ойындардың зияны мен оның қоғамға тигізетін кері әсерлеріне тоқталды. Сонымен қатар, құмар ойындардың отбасылық қарым-қатынасқа, жеке адамның психологиясына және материалдық жағдайына тигізетін теріс әсерлерін нақты мысалдармен түсіндіріп, бұл дерттен құтылу жолдары жайлы да кеңес берді
Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, дін мен білім тақырыбында жан-жақты мағлұмат алды. Шара соңында дін қызметкерлері жастарға ізгі тілегін білдіріп, елге елеулі, халыққа қалаулы білімді ұрпақ болу қажеттігін жеткізді.