Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы бастаған аудан имамдары мен мешіт қызметкерлері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Тектілік – асыл қасиетіміз» тақырыбындағы республикалық конференцияға онлайн қатысты. Бұл шара қазақ халқының рухани мұрасына, мәдениетіне және дініне деген құрметін арттыру мақсатында өткізілді.
«Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында өткен жылдың қорытынды жиынына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Басқосуымызға арқау болып отырған тектілік ұғымы – өте ауқымды, тарқатып айта берсең таусылмайтын тақырып. Бұл ұғым қазақ халқының рухани және мәдени өмірінде ерекше орын алатыны даусыз. Тектілік атадан балаға мирас болып қалатын адамгершілік пен ұяттың, әділдік пен ар-намыстың, ақыл-парасат пен білімділіктің үйлесімді көрінісі» деді.
Конференцияға онлайн қатысқан имамдар мен діни қызметкерлері тектілік, қазақтың ұлттық қасиеттері, салт-дәстүрлері мен діннің рөлі жөнінде өзара ой бөлісіп, пікір алмасты.