Бүгін, жұма намазына жиналған жамағат алдында Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы Құран Кәрімді толығымен жаттап бітірген мешіт шәкірті Жақсылық Нұрсұлтанға «Умра» сапарына жолдама табыстады.
«Қариға құрмет көрсету – дінімізде де бар құндылықтың бірі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құранды жатқа білушілерді құрметтеңдер! Кімде-кім оларды құрметтесе, сөзсіз, мені құрметтегені. Кімде-кім мені құрметтесе, сөзсіз Алла Тағаланы құрметтегені. (Қаперде ұста) Құранды жатқа білушілердің құрметін төмендетпеңдер! Өйткені олар Алланың құзырында мәртебелі», – деген бас имам жас қариға батасын берді. Сонымен қатар, алдағы айларда Құранды толығымен жаттап бітіретін 5 шәкіртті таныстырып, облыста қарилардың көбейіп жатқанын айтты. Олар: Еркінұлы Бексұлтан 28 пара, Рахман Нұрасыл 26 пара, Нұрғали Абдурахман 18 пара, Жұмаев Ибраһим 20 пара, Икрамов Мирас 19 пара.
Айта кетейік, Жақсылық Нұрсұлтан 2022-2024 жылдары қари, ұстаз Бірлік Аманкелдінің жетекшілігімен Құранды жаттап бітірді.