Жамбыл облысы Байзақ ауданы Бурыл ауылы «Шолпан Дәуіт» мешітінің имамы мешіт жамағатына «Дәстүр құндылықтары» тақырыбында насихат айтты.
Қанат Тұмарбекұлы насихатында: «Халқымыздың: «Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның», - деген ұлағатты сөзінде терең мән-мағына жатыр. Дана халқымыздың әдет-ғұрыптары дінмен ұштасқан, ақылға сәйкескен жерлері өте көп. Атап айтқанда қазақ халқының амандасу көрінісі: көліктегі адамның жаяу адамға, жаяу адам отырған жандарға «Ассаламу ғалейкум» деп амандық сұрасуы, үлкенге құрмет, кішіге ізет танытуы. Бұл Пайғамбарымыздың хадисінде де баяндалады: «Атты адам жаяуға, жаяу кісі отырған адамға, бір топ дүйім көпшілікке сәлем береді», - деген. Қазақ жеріне дін келгелі бері осы үрдіс қалыптасып, тіпті қылышынан қан тамған Кеңес Одағы кезінде де бұл дәстүрлі амандасу халық жадынан ұмыт болған жоқ», - деді.