ИХСАН

ИХСАН

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ихсан дегеніміз – әрбір істі жасағанда аяғына дейін жеткізу, тиянақтылық, шынайылық деген мағанаға саяды. Ал шариғатта «амалдарды Алла көріп тұрғандай сезімде орындау» дегенді білдіреді.

Осыған орай саңлақ сахабалардың бірегейі Әзіреті Омар  (Алла оған разы болсын) былай деді: «Бір күні Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанында отырғанымызда киімі аппақ, шашы қап-қара бойында жолаушының белгісі жоқ бір бөтен кісі кіріп келді. Ол Алла Елшісінің жанына отыра кетті де, тізесін тізесіне тақады және екі алақанын санының үстіне қойды. Сөйтті де:

- «Уа, Мұхаммед! Маған ислам жайлы айтшы», - деді. Алла Елшісі:

- «Ислам бұл Алладан басқа тәңірдің жоқ екеніне және Мұхаммед оның Елшісі екеніне куәлік келтіруің, намазды толық оқып, зекет беруің, рамазан оразасын тұтып, шамаң жетсе қажылыққа баруың», - деп жауап берді. Сонда әлгі кісі:

- «Дұрыс айтасың» деді. Біз әрі сұрап, әрі растап отырғанына таң қалыстық.

- «Маған иман туралы айтшы»,- деді. Алла Елшісі:

- «Аллаға, оның періштелеріне, түсірген кітаптарына, жіберген пайғамбарларына, ақырет күніне және тағдырдың жақсысы мен жаманына иман келтіруің», - деп жауап берді. Әлгі кісі тағы да:

- «Дұрыс айтасың», - деді де: «Маған ихсан туралы айтшы», - деп сұрады. Алла елшісі:

- «Ихсан бұл - Алланы көріп тұрғандай немесе сен оны көрмесең де, Ол сені көріп тұрғандай құлшылық етуің», - деп жауап қайырды.

Ол адам кетіп қалғаннан кейін Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әзіреті Омарға: Иа Омар әлгі маған сұрақ қоюшыны таныдың ба?- деді. Әзіреті Омар: Алла мен оның елшісі жақсы біледі деп жауап берді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шын мәнісінде бізге келген ол Жебірейіл періште (а.с.) еді. Ол бізге дінімізді үйрету үшін келді» деген екен.

Ихсанды өз ойымызша былай тұжырымдасақ болады. Мысалы адам баласы құдды бір қадағалау мен бақылауды қажет ететін нәресте іспетті. Нәрестені қалай қадағалап отыру керек болса, тура сол сияқты өз ісіңізді де солай қадағалап отыру керек. Яғни, әрбір ісіңізге мән беріп отыруыңыз керек. Нәрестенің ішкен жегеніне мұқият мән беріп отырғанымыз сияқты өзіміздің де ішкенімізге, жегенімізге, сөйлеген сөзімізге маңыз бөлуіміз керек.

Абай атамыз айтады: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың» дегендей. Адам өз ісін бақылап, қадағалап отырса, Алла сүйген амалды жасауға мүмкіншіліктер көп емес пе?!

Омар ибн Хаттаб (р.а.) қол астындағыларға: «Есепке түспей тұрып өз-өздеріңе есеп беріңдер, сол арқылы ұлы махшарға дайын болыңдар. Шындығында Қиямет күні осы дүниеде өз-өзіне есеп берген адамның есебі жеңіл болады», - деп өсиет айтыпты. Өз-өзіне есеп берудің ерекшелігі де осында. Ғұламалар өз-өзіне есеп бермеген жанның тақуалық дәрежеге жете алмайтындығын айтады.

Қорыта айтатын болсақ, ихсан – ол адам баласының рухани тұрғыдан кемелдіктің шыңына әрдайым ұмтылып отыруы.

Жамбыл облысы Байзақ ауданы 
Қызыл жұлдыз ауылдық «Бейшен» мешітінің имамы
Оразбаев Акбар Токтосунович

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: