Кез келген істің дұрысын айқындап беретін, рухани тазалығымен қатар тән тазалығын, деннің саулығын қамтыған Ислам шариғаты әрбір мұсылманның өмірлік ұстанымы болуы тиіс. «Ауру астан» деген халқымыздың екі ауыз ұлағатты сөзі заманауи медицинамен нақтылануда және шариғатымыздың асқа қоятын талаптары заманауи медицинамен құпталып жатыр. Бұл да шариғат ережелерін бекем ұстануымызға тағы бір негізгі себеп болып табылады.
Адам баласының қажетіне жаратылған жануарлар шариғат жолымен сойылмайынша халал болмайды.
Абдуллаһ ибн Омардан келген хадисте былай делінген: «Бізге екі ғана өлексе халал етілген, екі өлексе дегеніміз: өлген шегіртке мен өлген балық».
Яғни балық пен шегірткені союдың мүлдем қажеті жоқ. Ал басқа жануарлар болса, міндетті түрде сойылу керек.
Алла Тағала айтады:
حرمت عليكم الميتة و الدم و لحم الخنزيرو ما أهل لغير الله به و المنخنقة و الموقوذة و المتردية و النطيحة و ما أكل السبع إلا ما ذكيتم
«Сендерге: өлексе, аққан қан, доңыз еті және Аллатан басқаның атымен бауыздалған мал харам қылынды. Және буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал харам …»Бұлардың бәрін жеуге болмайды, «… бірақ (жаны шықпай) бауыздалғандардан басқа». (Мәида сүресі, 3 аят)
يا أيها الذين ءامنوا كلوا من طيبات ما رزقناكم و اشكروا لله إن كنتم إياه تعبدون
«Ей, иман келтіргендер! Сендерге рызық етіп берген адал (астарынан) жеңдер және егер Аллаға ғана құлшылық ететін болсаңдар, (өздеріңе берілген адал асқа) шүкірлік етіңдер»,-деген. (Бақара сүресі, 172 аят)
Малды Алла Тағала адам ырзығы үшін жаратқан десек те оның өзінше тәртібі, міндеттері бар. Сондықтан, мал сою кезінде сақталу қажет болған негізгі екі шартына тоқталайық:
Бірінші шарт: Мал соятын адам – ақыл - есі дұрыс, балиғат жасына толған мұсылман болуы керек.
Мал союшы есін білмейтін бала болса, бауыздалғаны харам. Ал егер үлкен, яғни жеті жастан асқан әрі союдың мәнісін түсінетін бала болса, бауыздағаны халал болады. Сол сияқты, есі дұрыс емес адамның сойғаны харам. Христиандар мен яһудилердің сойғаны халал болып есептеледі.
Алла Тағала айтады:
اليم أحل لكم الطيبات و طعام الذين أوتو الكتب حل لكم و طعامكم حل لهم
«Сендерге кітап берілгендердің тамағы халал етілді». (Мәйда сүресі, 5 аят)
Өйткені олардың шариғаттары бойынша Құдайдың есімін айтып пышақпен сою керек. Егер дәл солай сойылғанын білсе халал болады.
Ибн ‘Аббас (р.а.) бұл аят жөнінде: “Кітап берілгендердің тамағы» – бұл олардың бауыздаған жануарының еті», - деп айтқан. (“Сахих әл-Бухари” 4/636).
Ал қазіргі уақытта олардың басым көпшілігі Құдайдың атымен бауыздамауы, және пышақпен емес, малды қинап тоққа салу немесе бастан ұрып өлтіру малдың етін жарамсыз (Харам) қылады.
Союдың басты хикметі осы қанды шығаруда. Өйткені, құстың немесе жануардың денесінде қаны қалып қойса, етін бұзып жібереді, сондай-ақ ондай етте ауру қоздырғыш бактериялардың жылдам көбейіп кету қаупі жоғары болады. Бұл адам ағзасына өте зиян.
Сондықтан, өңеш пен кеңірдекті кесумен қатар сүннет бойынша екі күре тамырды да кескен дұрыс. Ол екеуінен өте көп мөлшерде қан шығады. Сол сияқты таудан немесе биік шыңнан құлаған малды өліп қалмай тұрғанда, дереу пышақты кез келген жерінен сұғып қанын шығарып жіберу керек. Харам өліп қалған малды бауыздаса да қаны шықпайды. Оның қаны ұйып, етке қосылып кетеді.
Екінші шарт: Малды (бәсең немесе орта дауыспен) «Бисмиллаһ», - деп сою керек және «Аллау Акбар», - деп қосса абзал болады.Алла Тағала былай деген:
وَلِکُلِّ أُمَّةٍ جَعَلْنَا مَنسَکًا لِیَذْکُرُوا اسْمَ اللَّهِ عَلَى مَا رَزَقَهُم مِّن بَهِیمَةِ الْأَنْعَامِ فَإِلَهُکُمْ إِلَهٌ وَاحِدٌ فَلَهُ أَسْلِمُوا
«Біз әрбір үммет үшін өздеріне берген малдардан, Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Тәңірлерің бір-ақ Тәңір. Сондықтан Соған бой ұсыныңдар» («әл-Хаж» сүресі 22: 34).
Анғам сүресінің 145 аятында Алла Тағала:
«Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам»,-депескертеді.
Алланың елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деген: «Расында, мен сендердің пұттарға арнап бауыздағандарыңды және Алланың аты аталмай бауыздалғанды жемеймін!»(әл-Бухари 4/58).
«Бисмиллаһ»,-деп айтқанына біраз уақыт өтіп кетсе (пышақ қайрайтын болса) қайтадан айтады. Бірнеше малды бірінен соң бірін соятын кісі әрбірі үшін бөлек бөлек «бисмиллаһ» айтуы керек болады. Бір малды екі кісі соятын болса екеуінің де «бисмиллаһ» айтуы керек болады. «Бисмллаһ» айтуды ұмытса зияны болмайды. Әдейілеп айтпайтын болса харам болады.
Мал союдағы әдеп және тыйымдар
Малды мейірімділікпен сою керек, азаптауға болмайды.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтады: «Алла Тағала барлық нәрсені жақсылап істеуді бұйырды. Сондықтан, малды сойсаңдар, дұрыстап сойыңдар, алдын ала пышақты қайраңдар, жануарды қинамаңдар».
Осыған орай мал сою кезінде келесі әрекеттерге тыйым салынады:
- Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды, өйткені малдың да түсінігі мен сезімі бар.
- Малды екінші бір малдың көзінше союға болмайды;
- Соятын құрал өткір болу керек. Тіс пен тырнақтан басқа кез келген өткір құрал малды союға жарамды. Жүзі дұрыс өтпейтін құралмен бауыздауға болмайды, өйткені ол жануарды қинап өлтіру болып саналады.
Сондықтан, малды азаптамай тез сою үшін құрал міндетті түрде өткір болу керек.
- Желкесінен бастап союға болмайды;
- Мал мен құсты электр тоғы бар құрылғы, балға, балта және тағы да басқа құралдармен ауыр жарақат тигізіп талдыруға болмайды.
Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін:
- Мойнын сындыруға болмайды. Мойнын сындырса, мал қиналып өліп кетеді де қаны етте қалып қояды.
- Басын денесінен бөлуге;
- Терісін сындыруға;
- Ыстық суға салып жүнін жұлуға;
- Дене мүшесінен қандайда бір бөлшегін әлде бір жерін шауып (кесіп) алуға болмайды.
Дұрысы, қаны мен жаны шығып кеткенше жатқызып қою керек.
Мал союдың тәртібі
- Мал сойылатын жердің таза болуына көңіл бөлу;
- Тізе бойындай қылып шұңқыр қазылады;
- Сойылатын жерге малды ұрмай – соқпай апару;
- Малдың көздері (матамен) байланады;
- Қыблаға қаратылып сол жағымен жатқызылады;
- Екі алдыңғы аяғы мен бір артқы аяғы қоса байланады;
- Пышақты малға көрсетпей қайрап келу;
- «Бисмиллаһи Аллау Акбар»,-деп айту;
- Малдың мойнында өңеш, кеңірдек және екі жағында екі тамырын бір мезетте кесу керек;
- Малдың қаны толық ағып болғанша және жаны шыққанша күтіледі;
- Мал сойылғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек. Малдың қан-жүнін ашық-шашық далаға қалдырмай, көміп тастаған жөн.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Алла Тағала барлық нәрсені жақсылап істеуді бұйырды, сондықтан, малды сойсаңдар, дұрыстап сойыңдар», — деген сөзін естен шығармайық, бауырлар!
Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ,
ҚМДБ-ның халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі