ҚАРАЛЫ ҮЙДЕГІ АС МӘЗІРІ

ҚАРАЛЫ ҮЙДЕГІ АС МӘЗІРІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақ халқының нақыл сөздерінде «Жан бар жерде - қаза бар», «Ажал ажарыңа да қарамайды, базарыңа да қарамайды» дейді. Яғни, өзекті жанға өлім – хақ. «Тумақ жерде өлмек бар». Алланың өлшеп берген өмірі біткенде барлық жан иесі бұл өмірден өтетіні ақиқат.

Бұл өмірден қайтқан пенденің үйін, қазақ дүние танымында қаралы үй деп атаған. Жақын ағайын-туыстары қайтыс болған жақының арулап ақтық сапарға шығарып салғанша ол үйдің қазаны төңкеріліп, қазан көтерілмейді. Жақын ағайын, туыс, көршілері сол үйдің адамдарына тамақ пісіріп апарып беру шариғат талабы болып табылады.

Ал, қазіргі кезде жаңаза рәсімдерін атқаруда өкінішке қарай, қазір халық арасында бәсекеге айналып, даңғазылыққа салыну белен алып барады. Бір жақын туысы қайтыс болса, қайғырып жақынын жоқтап аза тұтудың орнына, сол үйде бір қуанышты той жасау үшін, әзірлік жұмыстарына қызу кірісіп жатқандай әсер қалдыратын көріністерге куә боласын. Жылқы іздеп, базар аралап, елден ұят болмасын деп, ақша жетпесе қарыз алып, болмаса кредит алып, бәленшеден қалмайын деп сыртымыздан өсек айтпасын деп қайтыс болған адамды бір бөлмеге жатқызып қойып, өзіміздің қарабасымызды күйттеп абыройымызды ойлап кетеміз де, қаншама ысырапшылдыққа жол беріп, шариғат шеңберінен шығып, шариғат талап етпеген, дәстүрімізге жат кейбір нәрселерді үрдіске айналдырып, шектен тыс ысырапшылықтарға, астамшылықтарға орын беріп жатамыз.

Қазақ дүние танымында қуаныш пен қайғының өз орындары бар. Қуаныш ол той. Қаза ол адамның жақынынан айырылуды білдіретін аза тұту. Ал, біз қазір екеуін біріктіріп қазалы үйдегі жаңаза рәсімдерін қунышқа жайылатын дастархан мәзірлерімен біріктіріп жібергенбіз. Қазіргі кезде қазалы үйдің дастарханының жұпыны болғанын көрмейміз. Барлығы қуанышқа жайылған той дастарханынан асып түспесе кем түспейді. Ал қазалы үйдің дастарханы жұпыны болу керек екенін ешкім ескеріп елеп те жатқан жоқ. Қуанышты жағдай болғанда дәстүрге сай, жақын туыс, ағайын, құда-жекжаттарын қуанышына ортақ болуға шақырып, дәстүрге сай той жасап жатады. Ал жақыны қайтыс болса, сол ағайын жақындары, құда-жекжаттар көңіл айтып қайғысына ортақтасып, қайғы жұтып отырған үйдің иелеріне көршілері, жақын ағайын туыстары тамақ пісіріп апарып, қайғыдан ештенеге шамасы келмей отырған үй иелеріне үйлерінен тамақ пісіріп апарып беріп қалжандандырады.

Бұл шариғаттың негізгі талабынан шығып, қазақтың салт-санасына сініп, дәстүр болып қалыптасқан үрдіс болып табылады. Сондықтан қазақ халқында «қаралы үйде қазан көтерілмесін» деген даналық сөз қалған. Ол үйде мәйіттің жамбасы жерге тигенге дейін, үйдің егелеріне туыстық жақындығы бар, қызметтегі адамдардан басқа қандайда бір көңіл айтып келген адамдарға тамақ жеу, шариғатта құпталмайтын жағымсыз іс. Ол біздің қазақы дүние танымызға да, адамдық қасиетімізге де жат нәрсе. Өйткені ол үйде адам өліп жатыр. Жақындары қайғырып жылап аза тұтып жатады. Ал ондай жерде отырып қалай тамақ жеуге болады? Ал бізде қазір барлығы керісінше болып кеткен. Көңіл айтып келген адамдарға тік тұрып асты-үстеріне түсіп қызмет етеміз.

Тамақтың дәмдісін, еттің жұмсағын, алдарына тартып, ыстық-ыстық сорпадан әкеліп бәйек боламыз. Аста төк етіп тойдың дастарханынан кем қылмай дастархан жасаймыз. Осылай қаза болған туысымызды аза тұтудың орнына, көңіл айтып келген адамдарға қызмет етіп бәйек болып,ысырапшылыққа жол беріп жатамыз. Ал ысырапшылық, астамшылыққа жол беру шариғатта құпталмайтын іс. Сондықтан дінімізде ысырапшылдыққа қатан түрде тиым салынған. Қасиетті Құран кәрімде: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында, Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді», – делінген [Ағраф сүресі 31 аят]. Тағы бір аятта «Шынында ысырапқорлар Шайтанның туысы. Ал шайтан, Раббысына өте қарсы» (Исра сүресі 27-аят) деп ысырапшылдық туралы айтылған. Пайғамбарымыз  (с.ғ.с) өз хадистерінде:  «Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киіңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер (Нисаи, зекет, 66,79 ), – дейді.Қазақ халқындаысырапшылық жайында қаншама нақыл сөздер бар. «Шашу оңай, жинау қиын» «Тарта жесең тай қалады, тоя жесең түйе де қалмайды» дейді. Хакім Абай «өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, бес дұшпаның білсеніз» деп бекер мал шашуды, яғни ысырапшылдықты бес дұшпанның бірі деп санайды.

«Ысырап» сөзінің тілдік мағынасы, дүние-мүлкіңді, керек-жарағыңды орынсыз шашу, артық шығынға жол беру,мөлшерден артық ішіп-жеу, уақытты дұрыс қолданбау дегенді білдіреді.Ішіп-жеу, киім-кешек, дүние-мүлік барлығы Алла тағаланың құлына сыйлаған ерекше сыйы. Ал адамзатқа жүктелген міндет – сол берілген сансыз нығметтерді жөнімен қолданып,- ысырапшылдыққа жол бермеу. Алла қазақ халқының пейіліне қарай тоқшылық заман мен бейбітшілік заманда өмір сүруді нәсіп етті. Біз осыған шүкір ете отырып, бар екен деп аста төк ысырапшылыққа жол бермеуіміз керек. Қазір бір жаназа рәсімдерін атқару үшін, бір миллион мен екі миллионның арасында ақша шығарып шашылуын керек. Ал шариғат бұны бізден талап етпейді. Тек өзімізге жүк қылып арқалап алғанбыз. Сүйтіп қарызданып, болмаса кредит алып жаназа рәсімдерін атқарамыз. Әркім өзінің көрпесіне қарай көсілу керек. Қазалы үйге көңіл айтып келіп отырып, ол үйді сынауға, мінеуге ешкімнің қақысы жоқ және менің дүние мүлкім жетеді деп, елден ерекшеленіп аста төк қылып, қолындағы барын шашу да дұрыс емес. «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» дейді Бауыржан Момышұлы. Тәртіпке бағына отырып, жаназа рәсімдерін, шариғат шеңберінде, салт-дәстүрге сай ысырапшылыққа жол бермей, ҚМДБ-сы бекітіп берген тәртіпке сай атқаруды қалыптастыруымыз керек.

 

Талас ауданы, Бостандық ауылы «Төртбай ата мешіті.

Түзелбаев Зульфухар

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: