Тараз қаласының бас имамы Аманбаев Ержан “Әзрет Әли” мешітін зерделеп, онда бірқатар маңызды мәселелерді тексерді. Мешіттегі бақылау камераларының дұрыс жұмыс істеуін, діни кітаптардың мазмұны мен дұрыстығын, мешіт пен дәретхананың тазалығын, сондай-ақ қысқы мезгілге арналған қазандықтардың жұмыс істеп, жылу жүйесінің қосылғанын бақылап шықты.
Имам мешіттің қауіпсіздігі мен санитарлық жағдайының сақталуының маңыздылығын атап өтіп, қызметкерлерге діни рәсімдер кезінде тазалықты қатаң сақтау қажеттігін түсіндірді. Ол сондай-ақ, мешіттегі діни кітаптардың сапасын тексеріп, дұрыс түсінілмеген немесе теріс ақпарат таратуы мүмкін әдебиеттердің болмайтындығына назар аударды.
Кездесу барысында Аманбаев Ержан мешіт қызметкерлерімен пікір алмасып, олардың ұсыныстарын тыңдады. Мешіттің жылыту жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі мен жылыту маусымына дайындық жұмыстарының дұрыс жүргізілгенін атап өтті.
Имамның айтуынша, мұндай зерделеу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу қажет, себебі ол мешіттің қызмет көрсету сапасын арттырып, жамағаттың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мешіт қызметкерлері имамның пікірлерін ескере отырып, келесі шараларды жүзеге асыруға уәде берді.