ТӨРТ ТҮЛІГІМІЗДІҢ ТӨРЕСІ – ТҮЙЕ ТУРАЛЫ

ТӨРТ ТҮЛІГІМІЗДІҢ ТӨРЕСІ – ТҮЙЕ ТУРАЛЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Түйе – төзімділігі үшін төрт түліктің төресі саналады. Ахмет Байтұрсынұлы «қыр кемесі» деп атаған түйені. Төрт түліктің ішінде түйе малы біздің ғасырдан 5 мың жыл бұрын қолға үйретілгені айтылады. Деректерде XV-XVI ғасырда айыр өркешті түйе Орта Азия елдерінде болған деген мәліметтер бар.

Түйе малының адам баласына пайдасы көп. Себебі Алла Тағала Құрандағы «Ғашия» сүресінің 17-аятында: «Олар түйенің қалай жаратылғанына қарамайды ма?», - деп, түйенің жаратылысына қарауды бұйырған. Түйе табиғатынан түнде де, күндіз де көзі жақсы көреді және ерекше тыныс алып, терісі ыстыққа да суыққа да шыдамды болып келеді. Түйе малы аптап ыстықта мұрнымен ыстық ауаны алып, салқын етіп шығарады. Бұған қоса, түйенің ауызында 34 ерекше тісі бар. Мұндай тістер өз кезегінде жантақ секілді инесі бар тікен тектес шөптерді ешқандай қиындықсыз шайнауға септігін тигізеді.

Түйе шөлді аймақтарға төзімді, ал  ыстық ауа-райына шыдамды болып келетін ерекше жаратылыс. Табанындағы жұмсақ арнайы қапшықтар шөл ыстығынан қорғайды. Түйе бір ішкенде 200 литрге дейін су ішеді. Ішкен суын денеде сақтап, бір апта бойы сусыз жүру мүмкіндігіне ие. Бұдан бөлек 300 кг жүкті көтеріп 22 шақырым жерді тоқтаусыз жүре алады.

Түйе небәрі 25-30 жыл ғана өмір сүреді және ол өзге үй жануарлары сияқты көп ауырмайды. Түйенің сүті, шұбаты түрлі дәрумендерге толық қазақ асханасындағы дәстүрлі сусынның бірі. Түйенің беретін өнімі 15 қойдың беретін өніміне тең. Қуат жағынан жылқы, сиыр сүтінен де күшті.

Осы секілді ерекше жаратылыс иесі болған түйе жануары Құранда ескерілуі бекер емес-тін. Ертеде арабтардың өзі шөлді далада өмір сүргеннен кейін түйе олар үшін өмірдің ең қажетті тіршілігі саналды. Себебі, түйе, жоғарыда атап кеткендей, шөлге, аштыққа шыдамды, ұзақ сапарға ауыр жүктерді арқалап шыға беретін әрі еті мен сүті де құнарлы болғандықтан арабтардың ажырамас үй түлігі ретінде бағаланған. Сондықтан болар, Алла Тағала қасиетті Құранда түйені мысал еткенде оның өзге жануарлардан ерекше жаратылғаны туралы әрі оның адамзат үшін барлық жағынан пайдасы бар екенін ескерткен.

Жамбыл облысы Байзақ ауданы

Шахан ауылы, «Шахан» мешітінің имамы

Баймуратов Манарбек Сарсенбайұлы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: