ДӘСТҮРДІ ҰСТАНУ ҚАЖЕТ ПЕ?!

ДӘСТҮРДІ ҰСТАНУ ҚАЖЕТ ПЕ?!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақ халқының ертеден келе жатқан дәстүрі өте бай. Дәстүр деп әсілі халықтың өмір салты, дүниетанымы және моральдық құндылықтарының айнасын танысақ орынды. Атадан балаға беріліп келе жатқан дәстүріміздің бүгінгі өміріміздегі маңызына тоқталуды жөн көрдік.

Дәстүр – адам өмірінде рухани бағыт-бағдар беретін басты құндылықтар десек, дін адамды рухани кемелденуге, әділдік пен адалдыққа шақырады. Осы арқылы дәстүр мен халықтың күнделікті өмір сүру ережелері мен құндылықтарын реттеп отырады. Қазақ халқының дәстүрлері ислам дінінің қағидаттарымен үйлесім тапқан. Исламның келуімен қазақ қоғамы көптеген рухани құндылықтарды бойына сіңіріп, өз дәстүрлерін одан әрі байыта түсті.

Мысалы қазақ халқының «қонақжайлық» дәстүрі мен исламдағы «қонаққа құрмет көрсету» ұстанымы бір-бірімен тығыз байланысты. Исламда қонақжайлық – мұсылманның міндеттерінің бірі болса, қазақ халқы бұл ұғымды ұлттық деңгейде ерекше қастерлеген.

Ал пайғамбарымыз Мұхаммед саллалаһу аләйһи уә сәлләм бір өсиетінде: «Кім өзінің қонағына  сый-құрмет көрсететін болса, жетпіс пайғамбарға құрмет көрсеткендей болады. Кім қонағына бір дирхам ақшасын жұмсайтын болса, Алла жолында мың дирхам жұмсағандай болады» деген екен. Сол себепті дін мен дәстүр бірін-бірі толықтырып, ұрпақтың рухани дамуына ықпал еткен.

Бүгінгі жаһандану үдерісінде ұлттың өзіндік ерекшеліктерін, рухани құндылықтарын сақтау – өзекті мәселелердің бірі. Дәстүрлерді дінмен ұштастыра отырып, ұлттың рухани негізін сақтау – жастарға тәрбие берудің тиімді жолы. Дін адамның рухани тазалығына, ар-ұжданын сақтауға, Аллаға жақындауға бағыттаса, дәстүр сол рухани құндылықтарды тұрмыстық деңгейде іске асырады.

Мысалы қазақтың «текті болу» дәстүрі исламдағы «мұсылманның ар-ұяты» ұғымымен сәйкес келеді. Ұрпақтың текті, адал, әділ болуын қалайтын қазақ дәстүрі ислам дінімен үйлесім тауып, ұрпақ тәрбиесіне үлкен әсерін тигізіп отыр. Осылайша, дәстүрді дінмен сабақтастыру арқылы жастарды имандылыққа, адалдыққа, парасаттылыққа тәрбиелеуге болады.

Мысалы қазақ дүниетанымында ата-ананың орны бөлек. Дәстүріміздегі бұл түсінікті Құраннан да таба аламыз. Мәселен Анкәбут сүресінің 8-аятында «Біз адам баласына ата-анасына жақсылық жасауды өсиет еттік (бұйырдық). Алайда олар Менен өзгенің шын құдай бола алмайтындығы жайлы іліміңе қайшы келетін соқыр сенімді ұстанып, сені Маған серік қосуға итермелесе, ондай жағдайда ол екеуіне мойынсұнба. Ақырында бәрің Маған қайтасыңдар. Сонда дүниеде не істеп, не қойғандарыңды өздеріңе түгелдей айтып беремін (де артынан жауапқа тартып, жақсы-жаман барлық істеріңнің қарымын қайтарамын)», - делінген. Бұл қазақ халқының байырғы заманнан келе жатқан ата-ананы қастерлеу ұғымымен тең емес деп көріңіз?!

Исра сүресінің 23-аятына тоқталайық: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: “Түһ” деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле». Бұл да қазақтың төл ұғымы, төл түсінігі.

Егер дәстүр мен дін арасындағы сабақтастық үзілсе, ұлт өзінің рухани тамырынан ажырайды. Жастар өз дәстүрі мен діни құндылықтарын білмесе, олар жаһандық мәдениеттің ықпалына түсіп, өз тамырынан алыстай бастайды. Бұл қоғамда рухани дағдарыс пен ұлттық бірегейлікті жоғалту қаупін тудырады.

Қазақтың дәстүрі мен ислам діні – бір-бірімен сабақтасып, ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Дәстүрді дінмен ұштастыра отырып сақтау, оны ұрпаққа жеткізу – рухани кемелденудің және ұлттық болмысты сақтаудың басты жолы. Дәстүр мен діннің сабақтастығы ұлттың рухани байлығын арттырып, ұрпақтың тәрбиесіне, ұлттық бірегейліктің сақталуына оң ықпал етеді. Сондықтан дәстүр мен дінді қатар ұстана отырып, қоғамда рухани құндылықтардың маңыздылығын арттыру қажет.

 

Арсен Құлтаев, Қарабөгет ауылының имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: