Мәуліт ( араб тілінде – «туу» ) – Мұхаммед пайғамбарымыз ( оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын ) туған күнін мерекелеу. Бұл мейрам мұсылман ай күнтізбесінің үшінші болған рабиғ әл-әууәл айының 12-күні тойланады. Айтулы мерекеде мұсылман қауымы мешіттерге жиналып, діни әндер айтып, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі туралы уағыздар оқылып, басқа да іс-шаралар атқаралуда.
Жамбыл облысы, Қордай ауданы Аудандық «Қордай» мешітінің ұйымдастыруымен «Екі дүние сардары» атты рухани Мәуліт кеші болып өтті. Кеш аудан бас имамы Алмұханбетаранжан Егізбаевтың сөз сөйлеп, жиналған көрермендерді құттықтауымен басталды. Рухани кеште Алға ауылы «Омар» мешітінің бас имамы Жұмабайұлы Зейне мен Сортөбе ауылы «Али Муртаза» мешітінің имамы Быйшанло Сулейман мәуліт жырын оқып, артынша дұға жасалды. Елімізге танымал «Өнер қырандары» театры арнайы шақырылып, мерекелі кешке жиналған дүйім жұрттың назарына өздерінің тағылымды қойылымдарын ұсынды. Аталмыш кешке, Қордай ауданына қарасты ауыл имамдары мен жамағаттары да қатысты. Көрермендер рухани кештен жақсы әсер алып, осы кешті ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.