Халықаралық қарттар күніне орай, «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылды.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әлсіздерге, науқастарға, қарттарға және кішілерге мейірімділік көрсетіңдер!», «Қарттарға құрмет пен сияпат Алла Тағалаға деген құрметтен туындайды»- деген (Бұхари). Сондай-ақ Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланы ұлықтаудың бір түрі – шашы ағарған мұсылманға құрмет көрсету» (Әбу Дәуіт), «Жас адам бір қарттың жасына қарап құрмет көрсетсе, оның жасына жеткенде Алла Тағала оған жастарды құрмет еткізеді»-деген даналық сөздері бар. Осы орайда, биыл аудан әкімі Жорабек Баубеков қарт адамдарды қолдау мақсатында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын» ашу бастамасын қолға алған болатын. Міне, мереке күні осынау орталық есігін айқара ашып, аудан қарттарын қабылдады. Бұндай орталық облыс бойынша аудандар арасында алғашқы болып ашылып отыр. Салтанатты ашылу шарасына аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек, облыс әкімдігінің жанындағы билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов және бірқатар қонақтар мен аудан қариялары қатысты. Сонымен қатар, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Мұқанов құттықтауларын жеткізді.
Ауданның бас имамы Азамат Берікұлы игі іс-шара да ізгі тілегін жеткізіп, насихатын айтып, мешіт ұжымы атынан орталықтың ашылу құрметіне сыйлық ретінде кілем және жайнамаздар табыстады.
Бұл орталықтың жұмысы қарт адамдардың әлеуметтік және психологиялық әл-ауқатын жақсартуға қызмет көрсетеді.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы 60 қызмет алушыға арналған. Әр қызмет алушы 3 ай уақыт мерзімінде қызмет алады. Орталықта әлеуметтік-сауықтыру, медициналық, психологиялық, педагогикалық, мәдени, еңбек, тұрмыстық бағыттарында 24 түрлі қызмет көрсетіледі.