БАС ИМАМ МЕДБИКЕЛЕРГЕ НАСИХАТ АЙТТЫ

БАС ИМАМ МЕДБИКЕЛЕРГЕ НАСИХАТ АЙТТЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Ақжар ауылдық дәрігерлік пунк қызметкерлерімен Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы кездесіп «Ізгі қоғам – ізгілікке тәрбелейді» тақырыбында насихат айтты.

Қанат Әділханұлы насихатында: «Алла Тағала қасиетті Құранда: «(Уа, мүміндер!) Араларыңда (ел-жұртты) ізгілікке шақырып, жақсылықты бұйыратын һәм жамандықтан тыятын бір қауым болсын. Міне, солар (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткендер» («Әли-Имран» сүресі, 104-аят) деп баяндайды. Осы аятқа қатысты тәпсір жазған ғалымдарымыздың айтуынша, жақсылықты жақтап, жамандыққа қарсы тұру – ауыр іс болса да қадірлі, жауапкершілігі мол парыз амал. Өйткені өзі дәріптеп отырған абзал қасиеттер әуелі айтушының өз бойында болуы тиіс. Яғни сол ізгі амалдарды өзі жасауы керек. Осы мәселенің астарында жатқан терең мағынаны Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде баяндайды. Жұртты жақсылыққа шақырып жүрген бір пендені тозақтан көргендер таңғала сұрайды: «Уа, пәленше! Саған не болған, фәни дүниеде елді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыймаушы ма едің?». Сонда әлгі пақыр пенде: «Мен сендерді жақсылыққа шақырдым, бірақ оны өзім жасамадым, сендерді жамандықтан тыйдым, бірақ сол озбырлықтан өзімді тыя алмадым» деп жауап берген екен.

Ізгілікке шақырушы топтың өзі ең әуелі жақсыны – жаманнан, дұрысты – бұрыстан, хақты – жалғаннан, күмәнді – батыл сенімнен анық айыра білуі керек. Әйтпесе, Исламға шақырамын деп жүріп адамдарды одан бездіріп алуы мүмкін. Жақсылыққа үндеймін деп жүріп, абайламай жамандыққа шақыруы да мүмкін. Өзінің білместігінің салдарынан жұмсақ мінез көрсететін жерде дөрекілік танытуы, табандылық танытатын жерде жігерсіздік көрсетуі де мүмкін. Кейбіреулерге жаға бермейтін шындықты тәтті тілмен, жылы-жылы сөздермен, көркем бір әдеппен жеткізген тиімді. Адамдардың көңілін қалдырудан, айнала ортаға бүлік салудан аса сақ болуы тиіс. Алла Тағала Құран Кәрімде Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жамандықтың өзін ең көркем түрде жолға салуды әмір еткен. Осындай жағдайда ғана дұшпан болған пенделердің өзі дос адамдарға айналатынын айтқан»,-деді.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: