Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы V аймақ имамдарына Ақжар ауылы «Әбдікерімұлы Айдар» мешітінде «Ізгі қоғам – ізгілікке тәрбелейді» тақырыбында дәріс оқыды.
Дәріс барысында Қанат Әділханұлы: «Адам баласы қоғам сөзін тумысынан көп естиді. Өйткені, өзінің де сол қоғамның бір бөлшегі екенін түсінеді. Адамның жалғыз ғұмыр кешуі әу-бастан табиғатына жат құбылыс. Ата-анадан туылу, бауыр, ағайын-туыс, көрші-көлеммен өмір сүру, үйленіп, шаңырақ көтеру, ұрпақ өсіріп-өрбіту мұның барлығы қоғамды дамытатын құндылықтар. Қазақ халқы: «Жалғыздық Аллаға ғана жарасқан», – деп даналық сөз қалдырған. Жалғыздық Алланың ұлылығына тән болса, ал адамзаттың қоғамдасып өмір сүруі Жаратқанның шексіз құдіретін баян етеді. Адам баласы әрдайым жүйеленген тәртіпке бағынышты. Сонда ғана адами қалпын сақтап, адамизатқа игі іс қалдырады. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Әй адам баласы! Күмәнсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңмен танысып-білісу үшін сендерді ұлт-ұлтқа, ру-руға бөлдік. Расында Алланың құзырында ең ардақтыларың тақуалықта ең жақсы болғандарың. Шүбәсіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабардар болушы»
«Әй, адам баласы!» деп басталатын бұл аятта Алла Тағала бізге өмір заңдылығын көрсетуде. Адам жалғыз өмір сүре алмайды. Адамдар бір-бірін толықтыру, бір-бірінің қажеттілігіне болысу арқылы ғана жүйелі тәртіп, ізгі қоғам қалыптастыра алатындығын баян етеді. Ұлт-ұлтқа, ру-руға бөлінген адамзатты біріктіретін құндылық – ізгілік қана. Ізгі қоғамды қалыптастыратын жандар – Алланың ең ардақты деп танылған тақуа құлдары, яғни жүрегінде зәрредей жаманшылығы жоқ жандар. Тақуалық – Алладан шын қорқып, бұйырған әмірлерін ықыласпен орындау әрі Жаратқанның азабына итермелейтін күллі күнә істерден өзін қорғай білу дегенді білдіреді»,-деді.