Жамбыл облысы Байзақ ауданы Жаңатұрмыс ауылдық «Жаңатұрмыс» мешітінің имамы Сүйіндік Бауыржанұлы Базарбай ауылдық «Базарбай» мешітінде «Ислам және отбасы» тақырыбында жұма насихатын айтты.
Сүйіндік Бауыржанұлы: «Шәкәрім қажы «Мұсылмандық шарты» кітабында: «Енді көбінесе иманның дұрыс болмағы Пайғамбарға нансақ — Құранға нанасың. Құранды Құдай Тағаланың сөзі деп Пайғамбарымыз үмбетіне айтып білдірген. Құранға нанған соң бәріне нанғаның болады және Алла Тағаланың барлығына нансақ – Пайғамбарға да нанасың», – дейді.
Қазақ халқының күнделікті өмір салтында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген сүннет амалдары бұлжымас дағды болып қалыптасқан. Мысалы, «Әссаламуғалайкум» деп сәлем беруіміз, үйге оң аяқпен кіруіміз, тамақтанғанда «бісмиллә» деп бастау, асты оң қолмен жеу, астан кейін дұға жасап, бата беру, жаңа туған нәрестенің құлағына азан шақырып ат қою, үйленгендердің некесін қию, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, түшкіргенде «жәрекім Алла» (ярхамукалла) деу, Рамазан айы кіргенде көпшілікті сүйіншілеп жарапазан айту сынды т.б. жоралғылар хазрет Пайғамбарымыздан бастау алып, атқарылып келе жатқан амалдар деп айтуға болады» - деді.