ШАРИҒАТТАҒЫ ТАМАҚТАНУ МӨЛШЕРІ

ШАРИҒАТТАҒЫ ТАМАҚТАНУ МӨЛШЕРІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла елшісі  бір хадисінде мүміннің бір асқазанға, ал кәпірдің жеті асқазанға тамақ толтыратынын айту арқылы көп тамақ жеудің кәпірлерге тән сипат екенін, ал мүмін тағамды өлшеммен жеу керектігін ескерткен. Мына хадис бізге тамақтану мәселесінде керемет өлшемді үйретеді: «Адам баласы еш уақытта өзінің қарны секілді жаман ыды- сты лықа толтырған емес. Әсілінде, адамға әлденіп алу үшін аз ғана тағам жеткілікті. Ал егер оған міндетті түрде ішіп-жеу керек болса, асқазанының үштен бірін тамаққа, үштен бірін сусынға толтырсын. Қалған үштен бір бөлігін еркін тыныстау үшін бос қалдырсын».

Пайғамбарымыз тамаққа лықа тойып алуы себепті жанында кекіріп отырған адамға былай деген: «Біздің жанымызда кекірме. Себебі бұл дүниеде қатты тойған адамдар қияметтің күнінде аш болады». Мунауи бұл хадисті былай түсіндіреді: «Бұл жерде кекіруге тыйым шын мәнінде қатты тойып тамақ жеуге салынған тыйым болатын. Жалпы тойып тамақ жеуді шариғат та, медицина да қатты сөгеді. Өйткені шектен асқан тоқтық кісіні шайтанға жақындатады және нәпсі есіріп кетеді. Ал аштық болса, шайтанның жолдарына тосқауыл болады, нәпсіні ауыздықтайды. Осылайша ол екеуінен келетін жамандықтың алдын алады. Тоқтық әйелге деген құмарлықты арттырады. Одан кейін дүниеге, мансапқа деген қызығушылықты туғызады. Мұнымен тоқтамай бәсекелесу, қызғаныш секілді сезімдер оянады. Ал одан рияқорлық, пақырлық және тәкаппарлық секілді жамандықтар пайда болады. Ал бұлар өз кезегінде өшпенділік пен дұшпандыққа итермелейді. Сосын бұзықтық, харам істер, арсыздық, күнәларды жасау жалғаса береді. Ал мұндай істер адамның қиямет күні аш қалуына себеп болады. Егер мұндай адамға Алла тағала мейірімділік танытпаса, оның тозақтан құтылу мүмкіндігі қалмайды».

Ибн Халдун әртүрлі қоғамды, тіпті жануарларды бақылап зерттеу жүргізіп, жеген асына байланысты адамдардың мінезінің өзгергенін керемет мысалдармен түсіндірген. Оның айтуынша, көл-көсір дүниенің арасында шалқып, молшылықта өмір сүріп, тағамның небір түрін жеп жүрген адам мен жоқшылықтың қыспағында жүрген, жейтін асы санаулы адамның арасында үлкен айырмашылық бар. Ибн Халдунның айтуынша, ауылдық жерде, шөл далада өмір сүріп, арпа, жүгері секілді қарапайым тағамдарды тұтынатын адамдардың, дене бітімдері ширақ, түр-түстері реңді, әдемі, мінез-құлықтары қалыпты, ілім алуды зейіндері алғыр болып келеді. Тіпті шөлді, құрғақ жерде тіршілік ететін жануарлардың өзі терілері мығым, кескін-келбеттері әдемі, ағзалары үйлесімді және түсініктері жақсырақ екендігін айтады. Ал әртүрлі жеміс-жидек пен көкөніс өсетін молшылық жерлерде өмір сүретін һәм өлшеусіз ішіп-жейтін адамдар таяз ойлайтын, дене бітімдері ебедейсіз болып келетінін айтады. Ол кісі мұның себебін былай түсіндіреді: «Көп тамақ жеу ағзада жағымсыз иістерді туғызады. Сол себепті ағза өсіп жетілу барысында тепе-теңдігін жоғалтады және семіздіктің себебімен түсі тартымсыз һәм түрі ұсқынсыздау болады. Осылайша осылай тамақтанған адамның миы, ақыл-ой және ойлау қабілеті бәсеңдейді. Нәтижеде уайымсыз салғырттыққа, ғапылдыққа душар болып, бүкіл жақсы сипат атаулыдан мақұрым қалады».

Ибн Халдун көп тамақ жеудің кері әсерлерінің тек денеге ғана емес, мінез-құлық пен құлшылыққа да айтарлықтай әсері бар екендігні айтқан. Оның айтуынша, жайлы өмір сүріп, жылы жұмсақ тағамдарды тұтынатын адамдарға қарағанда жоқшылықта, таршылықта ғұмыр кешетіндер әлдеқайда діндар әрі құлшылыққа ықтиятты болып келеді. Тіпті көп ет жейтін, небір түрлі тағамдарды тұтынатын адамдардың жүректері қатты һәм ғапылдыққа жақын болытыны, сол себепті қалада өмір сүретіндердің арасынан діндар адамдардың аз болатындығын, құлшылыққа құмар, дүниеге деген қызығушылығы жоқ адамдардың таршылықта өмір сүретіндердің ішінен шығатынын айтады. Сондықтан мүмкін болғанынша тамақты аз жеу қай қырынан болсын пайдалы екендігін білдірген.

Сөз соңында айтарымыз, мүмін адам харам ас пен сусындардан тыйылғаны секілді адал астың да денсаулыққа зияны жоғын таңдап, талғап жеуі һәм белгілі бір өлшеммен тұтынуы қажет. Негізінде, Ағраф сүресінің «(Алланың өздеріңе берген нығметінен) ішіп-жеңдер бірақ, ысырап қылмаңдар. Өйткені Алла ысырапқорларды ұнатпайды» аяты тамақтану мәселесінде мұсылмандар қандай өлшемді ұстану керектігін білдірген және бұл уәжіп. Себебі аятты ішіп-жеудің мубах етілуін ысырап жасамау шартына тәуелді еткен. Тәпсіршілер де қажеттіліктен тыс көп жеу ысырап болатындығын айтқан.

www.halaldamu.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: