Тұрар Рысқұлов ауданы Қарақыстақ ауылдық «Бәйдібек баба» мешітінің имамы Сұлтанов Қайсар «Ислам – ынтымақ пен бірлік жолында» атты іс-шараға арнайы қатысып, тақырып бойынша уағыз-насихатын айтып, артынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Қайсар имам насихатында: «Адамзатты бақытқа жетелейтін асыл дініміз – Ислам. Дініміздің маңызды деп қарайтын мәселелердің бірі - адам баласының әрқашан қуаныш пен шаттықта болуы. Ал, оның кілті ретінде ауызбіршілікті, ынтымақ пен бірлікті көрсетті. Ынтымақ пен бірлік бар жерде бауырластық, бейбітшілік, молшылық, береке мен мейірімділік болады. Екі дүние бақытына қол жеткізу үшін ең әуелі Алланың кітабына, Елшісінің (с.ғ.с.) сөзіне құлақ асып және ауызбіршілікте болу қажет. Қасиетті Құран Кәрімде: «Алланың жібінен (Құраннан) мықтап ұстаныңыздар, бөлінбеңіздер», – деп бұйырған.
Алла Тағала осыдан кейін бірлікті бұзбау керектігін ескертеді: «Өздеріне айқын дәлелдер келген соң бөлінгендер сияқты болмаңдар. Оларға үлкен азап тағайындалды».
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен сіздерге көпшілікпен бірге болуға кеңес беремін. Бөлінуден сақтаныңыздар. Шынында да, шайтан жалғыздың жанында болады. Ол екі адамнан аулақ жүреді. Кімде-кім жұмақтың төрін қаласа, көпшіліктен ұзақ болмасын...», – деген.
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі