ҚАБІР ЗИЯРАТЫ ӘДЕПТЕРІ

ҚАБІР ЗИЯРАТЫ ӘДЕПТЕРІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адам баласының дәм-тұзы таусылған сәтте бұл дүниеден озады. Раббысына қайтқан кісіні жерлеу үкімі – парыз. Бұрынғы өткен ізгілер: «Қабірстан – хикмет пен ғибрат дәрісханасы», – деген екен.  «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма, біреуге ерте, біреуге кеш болмай ма?», – деп ақыретті еске салады хакім Абай.

Ата-бабаларымыз қабірді «бейіт», «зират», «көр» сынды  атаулармен атағаны баршамызға аян. «Бейіт» сөзі – «мәңгілік үй», «зират» – «ақыретті еске алу үшін арнайы баратын орын», «көр» болса – «көзбен көріп, ертеңгі қайтатын күнді ойлап, ғибрат ал» деген мағынаны білдіреді.

         Қабірді зиярат ету әрбір иман келтірген адам орындайтын игі дәстүр. Дүниеден өткен пенденің басына белгі қойылады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне қабірлерге барып зиярат  етуден ғибрат алуға рұқсат берген. Қабірді зиярат ету ханафи мәзһабы бойынша мұстахаб іс. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) қабірлерді зиярат еткен және біздерге зиярат етуді өсиет еткен. Әнәс ибн Мәликтен (Алла ол кісіге разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Мен бұрын сендерді қабірлерді зиярат етуден тыйған едім, енді оны зиярат етіңдер. Өйткені ол жүректі жұмсартады, көзден жас шығарады, ақыретті еске салады», – деп айтқан (имам Мүслим).

Әбу Һурайра (р.а.) Алланың елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дегенін естігенін айтады: «Мұсылманның мұсылмандағы ақысы бесеу: сәлеміне жауап беру, ауру болса, халін сұрай бару, жаназасына қатысу, шақырса бару, түшкірсе Алланың рахымын тілеу». (Хадисті имам Бұхари риуаят еткен)

Қабірді зиярат жасау аптаның кез-келген күнінде болады. Ғұламалардың пікірінше ең абзал күндері: жұма, сенбі, дүйсенбі және бейсенбі.

Алдымен  зияратқа барған кісі Алла Тағалаға дұға жасап, өлімнен ғибрат алып, мәйіттердің атына Құран оқып, бағыштайды. Қабірді зиярат еткенде мына әдептерді қатаң сақтаған абзал.

 Алдымен Алланың разылығы үшін  шын ықыласпен зиярат жасау қажет. Зиярат еткенде дәретпен бару, аз уақыт болса да дүние тіршілігін тастап ақыретті ойлау қажет. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  «Расында Алла Тағала шынайы ықыласпен тек қана Оның ғана ризашылығын қалап жасалған амалдан басқасын қабыл етпейді», – деген (имам Насаи). Зиярат орындарына барғанда жай жүрген, бәсең дауыспен сөйлеген абзал. Дауыс көтеріп сөйлеуге болмайды.

         Қабір жұртына сәлем беру. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің сахабаларына қабір жұртына былай сәлем беруді үйреткен: «Сәлем сендерге, мүмін қауым жұрты! Біздер де Алла қаласа, сіздерге қосыламыз. Алладан өзіме де, сіздерге де есендік тілеймін». Омар (р.а.) қабірлердің қасынан өткенде сәлем беретін болған.

 Қабірдің төменгі жағына барып, мәйітке жақын отыру. Зиярат еткенде қабірдің аяқ жағына барып, бірінші мәйітке сәлем береді. Содан кейін оған жақындап, оның көкірегінің тұсына келеді. Зиярат етуші жүзін құбылаға емес, қабірге қаратып, марқұмның бас жағына, оған жақын отырады. 

Қабірді қолмен сипауға, ұстауға, тәу етуге, сүюге қатаң тыйым салынады. Бұл иманға кереғар әрекеттер саналады. Қабір басында «Ясин» сүресін немесе өзі білетін сүренің аяттарын оқып, сауабын марқұмға бағыштауы керек. «Фатиха», «Ықылас», «Мүлік», «Нас», «Тәкәсүр» сүрелерін білсе, оқыса үлкен сауапқа ие болады. Қабір басында уағыз-насиахат айтылуы сауапты іс. Құран оқып, сауабын бағыштаудың, дұға жасаудың, жарылқау тілеудің де сауаптары тиеді. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында «Мүлік» сүресі – қайтарушы, құтқарушы. Ол қабір азабынан құтқарады», – деп айтқан (имам Тирмизи).

Кез келген адам қабір басына барғанда оны баспауы керек. Қабірдің үсті мәйіттің құқына жатады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, сендердің кез келгеніңе қабірге отырғаннан, ыстығы киімінен өтіп денені күйдіретін шоқтың үстінде отырғаны артығырақ!» – деп ескерткен (имам Бұхари).

Өмірден өткен мұсылмандардың жақсы, игі қасиеттерін еске алу сүннет. Зияраттан тыныш, салмақты қалыпта қайтқан жөн. Қабірлердің жанынан өткенде тәкбір және тәсбих айтып өткен абзал.

Тағы бір айта кететін жайт, қабір басына зиярат етуге барғанда қатты күлуге, әйелдерге  қатты дауыс шығарып жылауға, марқұмның теріс қылықтарын айтуға болмайды. Хадис шәріпте:«Дүниеден өткендерді жамандамаңдар, өйткені олар өздерінің бұрынғы жасағандарына оралды», – деген (имам Бұхари).

Жалпы қабірді зиярат ету, марқұмдарға дұға ету ақыретті еске салады. Сондықтан әрбір адам баласын тіршілікте Аллаға құлшылық етіп, бес уақыт намазын оқып, Алланың тыйғанынан тыйылып, әр күнін жақсылықпен өткізгендері абзал.

Көшербаев Арман Ерболұлы

Жамбыл облысы Байзақ аудандық

«Байзақ баба» мешітінің іс басқарушысы              

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: