Тұрар Рысқұлов ауданы Құлан ауылы «Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы Қуаныш Досымжанұлы мешітке келген жастарға «Құмар ойындарға қарсымыз» тақырыбында семинар өткізді.
Аудан имамы жастарға семинарда: «Құмар ойындары жөнінде Құран Кәрімдегі «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында былай деген: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал, сонда да тыйылмайсыңдар ма?».
Құмар ойынға бой алдырғандардың аяттағы сипаты адамның намазына сүлесоқ қарап, қажыр-қайратын өзіне зиянды істерге жұмсай бастауы болып табылады.
Ойынға араласқан әр ойыншының мақсаты – жеңіске жету. Ал, жеңіс бір адамға ғана бұйырады. Демек, құмар ойынның кесіренен бірнеше адам ашуға булығып, шайтанның арбауына түседі. Қазақ «жығылған күреске тоймайды» дегенді бекер айтпаса керек. Ұтылған адам жеңістен үміттеніп жүріп ойынхананың тұрақты келушісіне айналғанын да аңдамай қалады, барынан айыралады, қарызға батады. Ақыры соңында отбасынан, ағайын-туыстан қара үзіп, аш-жалаңаш қалады, - деп құмар ойындарының зияндарына кеңінен тоқталды.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі