Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінің наиб имамы Бақытбек Бауыржанұлы Байзақ ауылдық «Тілеш қажы» мешітінің жамағатымен кездесіп, жұма намазын өткізіп, «Ұрлық түбі қорлық» тақырыбында насихат айтты.
Бақытбек Бауыржанұлы насихатында: «Адамның жеке басына және қоғамға зиян алып келетін ауыр күнәлі істердің бірі – ұрлық. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 188-аятында: «Бір-біріңнің мал-мүлкіңді арам жолмен жемеңдер», – деп біздерді өзгенің мал-дүниесіне қолсұғу, ұрлық жасау, алдап-арбау, біреудің жеке мүлкін тартып алу сияқты тыйым етілген жолдар арқылы нәпақа табудан тыйған.
Жалпы ұрлық деп – өзгенің мүлкін жасырын жымқыруды айтады. Біреудің мал-мүлкін рұқсатсыз, заңсыз түрде алудың барлық түрі ұрлыққа жатады. Ұрлық кімнен ұрланғанына байланысты екі түрлі болады. Бірі жеке адамға зиян алып келетін ұрлық, ал екіншісі көптің мүлкіне, елдің қазынасына қол сұғу арқылы қоғамға зиян алып келетін ұрлық. Ұрлықтың қайсысы болса да күнәсі ауыр. Бірақ халықтың мүлкіне қол сұғу жеке адамға зиян келтіруден де ауыр.
Сондай-ақ ұрлық дегенде тек заттай мүлікті ғана рұқсатсыз алу дегенді білдірмейді. Мысалы, шығармашылықта авторлық құқықты сақтамау, өзгенің еңбегін келісімсіз көшіру, қазіргі таңдағы өзге адамның жеке мәліметтерін рұқсатсыз алып, атынан несие алу сияқты істердің барлығы да ұрлыққа жатады», - деді.