Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы Тараз қаласы «Әлі ата» мешітінде ауданға қарасты III аймақ имамдарына «Ізгі қоғам өзіңді өзгертуден басталады» тақырыбында семинар өткізді.
Семинарда Қанат Әділханұлы: «Біз әділетті, заң үстемдік құрған және жемқорлық түп тамырымен жойылған қоғамда өмір сүргіміз келеді. Ұрпағымыз ізгі қоғамда өсуін қалаймыз. Алайда, ізгі қоғамның алғышарты – Құдайдан қорқу.
Құран Кәрімде: «(Уа, мүміндер) Араларыңда (ел-жұртты) ізгілікке шақырып, жақсылықты бұйыратын һәм жамандықтан тыятын бір қауым болсын. Міне, солар (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткендер», - деген аят бар. Аталмыш аятта ізгі қоғамның қалыптасуына қажетті басты себеп айтылуда. Бұл қоғамға бағыт-бағдар беретін, сөзімен және ісімен ізгілікте үлгі болатын жақсылар қалыптасуы керектігін ескертуде», - деді.