Жамбыл облысы Тараз қаласы «Әлі ата» мешітінде Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлының ұйытқы болуымен мешіттің бас имамы Асқар Зәкіржанұлы Байзақ ауданына қарасты III аймақ имамдарына «Жат ағымға қарсы насихат» тақырыбындағы семинарда дәріс оқыды.
Семинарда Асқар Зәкіржанұлы: «Дін атын бетперде қылған ағымдар ақиқатын анықтау – дін саласындағы өзекті мәселе. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алға қойған мақсат-міндеттері де жат ағым идеологиясынан жастарды, жалпы қоғамды қорғау, теріс пиғылды топтардың ел ішінде таралуына жол бермеу болып табылады.
Халқымыздың ежелден діни сенімі қалыптасқан, дәстүріне берік екені бесенеден белгілі. Сол себепті, елдің ой-санасы қабылдамайтын мұндай сырттан келген ағымдармен біз бүтін қоғам болып күресуіміз керек. Мешітімізде жамағатқа Әбу Ханифа мәзһабы, ақида тақырыптарында дәрістер өткізіліп келеді. Шын мәнінде, асыл дініміз елдің өсіп-өркендеуін, көркеюін, халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттыруды мақсат етеді. Осы жолда бар мүмкіндігімізді, білім-біліктілігімізді салып, қызмет етуге қашанда әзірміз. Жат ағымның ынтымағы жарасқан жамағат арасында таралуына жол жоқ», - деді.