Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы Тараз қаласында орналасқан «Әлі ата» мешітінің жамағатына «Ізгі қоғам ауызбіршіліктің кепілі» тақырыбында насихат айтты.
Қанат Әділханұлы насихатында: «Ізгілік – асыл дінімізде ауқымы кең ұғым. Адам мен қоғамның игілігіне септігі тиетін әрбір жақсылық – ізгілік деп бағаланады. Кісінің ең жақсысы адамдарға (қоғамға) пайдасы тигені деген мағынадағы хадис соны меңзесе керек. Әлемге екінші ұстаз атымен танылған әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындары» атты трактатында ізгі (қайырымды) қоғам іргетасы мен алғышарттары жайлы ой қозғайды. Талай ойшылдарға бұл мәселеде жол ашқан даңқты ғұлама бабамыз аталмыш шығармасының бисмилләсын Аллаға иман мәселесінен бастайды. Сонымен қатар, қала (мемлекет) басшысы бойынан табылуы қажет он екі қасиет хақында сөз етеді. Ізгілікке ұмтылмайтын қоғам түрлері жайлы ойын бөліседі. Мұндай қоғамдардың ортақ сипат – жақсылыққа ұмтылмау, материалдық игілікті әркез бірінші орынға қою, байлықты бақыт, зұлымдықты жеңіс, әлімжеттікті әділет деп білетін, құндылықтар ұғымы бұзылған һәм бұрмаланған. Әрине, әлемге баға жетпес мұра қалдырған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың ой-пікірінің басты қайнар бұлағы асыл дініміз екені ақиқат», - деді.