Ислам дінінде философия

Ислам дінінде философия

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Имам Ғазали хазреттері өзінің заманындағы фиқһ ғалымдарының ең үстемі еді. Шафии фиқһ кітаптарының бәрі оның кітаптарынан дәлелдер беруде.

Осы ұлы Ислам ғалымына және ол сияқтыларға «Ислам философы», ал жазған еңбектеріне және барлық «илми кәлам», яғни «ақаид» (сенім) кітаптарына «Ислам философиясы» дейтіндер бар. Алайда, Ислам дінінде философия жоқ. Ислам ғалымдары философ емес. Философия деп – дін, рух және социал ілімдерге қызыққандардың осы ілімдерден өздерінің қысқа ақылдары және заманауи ғылым жаңалықтары бойынша түсінгендеріне, яғни қате ой-пікірлеріне айтылады. Ал Ислам ғалымдарының кітаптары – ілім иелерінің (ғалымдардың) Құран кәрімнен және хадис шәрифтерден шығарған ілімдері. Ислам білімдеріне «философия» деп айту гаухар тасты шиша сынығына ұқсатқанмен бірдей. Ислам ғалымдарына «философ» деп айту да гаухар тасқа шиша деу секілді ұлы ғалымдарға құрметсіздік көрсету болады.

Дін дұшпандарының ғалымдарымызға қастандығы

Дін дұшпандарының дінге және дін ғалымдарына қастандық жасауы жат нәрсе емес. Ғалымдардың да атақты және әсерлі болғандарына қастандық жасайды. Әсіресе имам Ғазали хазреттері олар шабуылдайтын нысанға айналған. Дінімізді іштен құлатуға тырысқан реформашылар осы нәрсені жасауда. Кейбір ақымақтар да танымал болу маысатында мешіт қабырғаларын кірлетуді, яғни Ислам ғалымдарына қастандық жасауды таңдауда.

Ислам ғалымы деп кімге айтылады? Әрбір саланың ішінде нағыз маман болған ғалымдар бар. Фиқһ ғалымы, хадис ғалымы, тасаууф ғалымы, кәлам ғалымы, пән ғалымы секілді. Бұлардың барлығын білген адамға «Ислам ғалымы» делінеді. Тек білудің өзі ғана жеткіліксіз. Білгендерімен амал етуі және ықыласпен орындауы да шарт. Осы себептен,  ілім, амал және ықылас иесі болған мұсылманға «Ислам ғалымы» делінеді. Осы үшеуінің бірі кем болған адамға жаман дін адамы, діншіл фанатик делінеді. Масон Абдух, оның шәкірті мазһабсыз Рашит Риза, Мәмбет бин Абдулуаххап және қазіргі таңда солардың жолында жүрген бидғатшылар бірден-бір діншіл фанатиктер болып табылады. Ислам ғалымы – діннің қорғаушысы болса, діншіл фанатиктер – шайтанның досы болып келеді. Төрт мазһабтың имамдары, имам Раббани және имам Ғазали секілді мүжтаһидтер – Ислам ғалымдары болып табылады. Расулуллаһ алейһиссалам осы ғалымдар жайлы «Ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері» деген. (Ибн Мажа)

Имам Биргиуи: «Ислам ғалымдары жазған бір дін кітабына тіл тигізу, осы ғалымдардың біреуін мазақ ету және құрмет көрсету керек болған нәрсеге тіл тигізу, ал тіл тигізу керек болған нәрсеге құрмет көрсету күпірлік болып табылады» деген.

Мазһабсыздар демагогияны (бос сөзбен көпшілікті алдауды) жақсы меңгерген. Мысалы: имам Биргиуидің жоғарыда айтылған сөзін алып «Өз сөздерің өздеріңе қайшы. Абдулуаххап ұлы мен Абдух секілді ғалымдарды жамандағандарың үшін кәпірсіңдер!» дейді. Сондай қисынмен имам Ғазали хазреттеріне де шабуыл жасап, «Ғазали Ислам философтарына кәпір дейді, Құранға қайшы хадистерді «Ихия» кітабына жазыпты. Сахих хадис пен ойдан шығарылған хадисты ажырата алмайды. Ғазали тірі болғанда «Ихия» кітабын жазбас еді» деген секілді сандырақтар сөйлеуде. Сонда бір хадистің Құранға қайшы екенін мазһабсыздар біліп, ұстаз имам білмейді ме?

Ұлы ғалым Ибн Хажар Мәкки хазреттері «Имам Ғазали хазреттерінің еңбектерінен мін тапқан адам көре алмаушы немесе зындық (өзін мұсылман деп есептейтін кәпірді зындық дейді деген. (Әл-илам би-қауатиил-ислам)

Ибн Абидин хазреттері «Имам Ғазали – өз заманының һужжәт-ул-исламы және ғалымдардың ең үстемі еді. Оған тіл тигізген адам надандардың наданы, пасықтардың ең жаманы» деген. (Әл-Уқуд-уд-дурриййа)

Катиб Чәләби «Бүкіл дін кітаптары жоқ болса, имам Ғазалидің кітаптары осы босаңдықтың орнын толтыра алады, тіпті «Ихия»-сы да жеткілікті болады” деген.

Сәйид Абдулхаким Аруаси хазреттері де «Имам Ғазалидің «Ихия» кітабы барлық ғалымдардың ойынша дұрыс және үстем. Мұсылман болмаған бір адам егер ықыласпен беттерін парақтаса, мұсылман болу абыройын иеленеді» деген.

Философия заманға қарай өзгереді, ал дін ғасырға қарай өзгермейді

Сұрақ: Бір жазушы айтады: «Философия мешіттерге де кіру керек. Мешіттерде сурет көрмелері ашылу керек, классикалық музыка концерттері ұйымдастрыу керек. Құран – жәннатқа кіру үшін “виза” болды. Бұдан былай ижтиһад есігі ашылып, жаңа үкімдер жасалу керек. Құран философиялану керек. Құран тәфсирлері қайта өңдеуден өтіп, заманауи жаңа болжамдар, үкімдер жасалу керек. Мен Лондондағы шіркеуде философия лекцияларын, Бетховен мен Моцарттың әуендерін тыңдадым. Сурет көрмелерін тамашаладым. Сондықтан шіркеуде болған нәрселер мешіттерде де болу керек». Осы пікірге жауап бересіз бе?

Жауап: Философияның не екені жайында кеңірек түсіндірілген еді.

Ибн Абидин хазреттері былай дейді:

«Философия – дұрыс болып көрінетін, бірақ көбі қате болған сөздер. Тәжірибеге, есепке сүйенбейтін жеке көзқарастар болып табылады.»(Рәддул-мухтар)

Құран кәрімде аяттар екіге бөлінеді. Мағынасы ашық білдірілгендерге “мухкам аяттар”, ал мағынасы астарлы, ашық білдірілмегендерге, сонымен қатар тәфсирге, түсініктеме берілуге мұқтаж болғандарға “муташабиһ аяттар” делінген. Хадис шәрифтер де “мухкам” және “муташабиһ” болып екіге бөлінеді. Бұларды тәфсирлеу мәжбүрлігі Ислам дінінде “ижтиһад” ұйымының құрылуына себеп болған. Пайғамбарымыз да өзі ижтиһад еткен. Оның және Асхаби кирамның ижтиһадтары – Ислам білімдерінің негізі болып табылады.

V. Аббаси халифасы Харунуррашидтің заманында Бағдатта «Дар-ул-хикмет» деп аталатын үлкен аударма жасау бөлімі құрылды. Бағдат, Шам, Харран, Антакия сияқты жерлерде осындай білім орталықтары құрылған еді. Бұл жерлерде грекшеден және латыншадан еңбектер аударылды. Үнді, парсы тіліндегі көне данышпандық кітаптары да аударылып осы кітапханаларға қосылды. Ренесанс деп аталатын нағыз қайта өркендеу (ескі құнды еңбектерге оралу) ең алғаш рет Бағдатта басталды. Грек философтарының еңбектері арапшаға аударылды. Ислам ғалымдары бұларды зейін салып зерттегеннен кейін грек философтарының кейбір пікірлерінің дұрыс, ал көбісінің қате екендігін дәлелдеді. Олардың пән және дін салаларының көбісінде сауатсыз екендіктерін, ақылдың түсіне алмайтын білімдерінде өте көп жаңылғандары байқалды. Имам Ғазали, имам Раббани сияқты шынайы ғалымдар осы философтардың иман мәселелеріне сенбегендіктерін және күпірліктеріне себеп болған қате сенімдерін білдірген.

Шынайы Ислам ғалымдары кәлам мәселелерінде муташабиһ аяттар және хадистердің түсіндірмелерінде тек Расуллуллаһ алейһиссаламның және сахабалардың ижтиһадтарына ғана мойынсұнып, ескі философтардың бұларға сай келмеген пікірлерін қабылдамаған, осылайша Ислам дінін христиан діні секілді бұзулудан қорғаған. Сауатсыздар болса философтардың әрбір сөздерін дұрыс деп санап, бұларға толық бағынған. Осылайша мутазила деп аталатын қате, адасқан Ислам ағымы пайда болды.

"Ислам философиясы" тіркесі дұрыс емес

Исламға философияны араластырып, сахабалардың жолынан адасқан 72 топтың философияларын Ислам ғалымдары толық зерттеп, түсіндіріп жазып қалдырған. Осы үлкен ғалымдардың бірі – Сәйид Шәриф Журжани. «Шәрһи мәуақиф» кітабы осы дәлелдерге толы. Кәлам ғалымдарынан Садәддин Тәфтазани да “Шәрһи ақаид” кітабында бидғат философиясын түп тамырынан бастап қопарған. Ал Мұхаммед Шихристанидің «Әл-миләл уән-нихал» кітабы бастан-аяқ сандырақтап жүргендерге берілген жауаптарға толы. Бұл кітап UNESCO тарапынан Еуропа тілдеріне аударылып, Ислам дінінде философия болмағанын және "Ислам философиясы" тіркесінің қате екендігін бүкіл әлем түсінген.

Имам Ғазали хазреттері метафизиканы да зерттеген, «Әл-мунқиз» және «Тәһафут-ул-фәләсифә» кітаптарында философтардың тек ақылға ғана сүйенетіндікдерін, дінге-пайғамбарға ермегендіктен өте қатты жаңылысқандарын білдірген. 72 бидғат топтары грек философтарының ықпалында қалып, философияны дінге араластырып, Исламды жаралаған. Бір жағынан ескі грек философиясын дін білімдеріне араластырса, екінші жақтан өздерінің көзқарастары, ойлары бойынша дін үкімдерін өзгерткен.

Жәннатқа кіретіні сүйіншіленген топтың (әһли сүннет уәл жамағат тобы) ғалымдары болса, діни білімдерін сахабалардан үйренген. Философия және өз көзқарастарын осы білімдерге араластырмаған. Бұл ілімдерді өз ақылдарынан үстем тұтқан және Ислам дінін нұқсан деп санап, философиямен толықтыруға тырысқан ақылдың өзінің нұқсан екендігін дәлелдеген.

Мешіт және шіркеу

Бір адамның өзі оқымаған, маманы болмаған салаларда сөз қозғауы қаншалықты орынсыз іс. Шіркеуде болғандар мешітте де болу керек дейтіндей христиандық пен мұсылмандық бір дін бә? Неліктен шіркеуде болған нәрсе мешітте де болу керек? Егер шіркеуде болғандар мешітте де болатын болса, не үшін мұсылмандық келген? Кез-келген адам христиан болып, шіркеуде концерт беріп, сурет көрмесін ашып, қалаған нәрселерін жасауы мүмкін. Бірақ мұсылман болған адам мешітте қалаған нәрселерін жасай алмайды. Аллаһу та’ала нені талап еткен болса, тек соны ғана жасай алады. Шіркеуде концерт, пұт бар екен деп мешітке де кіргізетін болсақ, шіркеуде шарап бар деп оны да мешітке кіргізсек, мешіттеріміздің шайтанның үйі болған шіркеуден қандай айырмашылығы қалады? Әлде олар имамның орнына бір попты қойып, мешітті шіркеуге айналдырып, мұсылмандардың христиан болғандарын қалайды ма?

Әрбір қоғамдастықтың белгілі бір ережесі бар. Кейбіріне «18 жастан кіші болғандар кіре алмайды» деп жазылады. “Балаларды қолдау” одағына барлық жастағы балалар қатысады деп, бұл қоғамдастыққа да 18 жастан кіші болғандарды кіргізу заңдылыққа қайшы келмейді ме? Осы секілді, Ислам дінінің де белгілі үкімдері бар. Шіркеудің заңдылығына бағынылмайды, мұсылмандықтың заңдылығына бағынылады.

Музыка тыңдау барлық діндерде күнә

Музыка сөзі гректердің үлкен пұттары болған Зевстің қыздары саналған Мауса (Муз) деп аталатын 9 мүсіннің атынан алынған. Музыка тыңдау иләһи діндерде үлкен күнә болып табылады. Інжіл тыйым салған музыканы кейіннен поптар христиандыққа енгізді. Қате діндер адамдардың рухтарына азық бере алмағандықтан, оларды ғибадатханада ұстап тұра алу мақсатымен музыканың нәпіске жағымды келетін ерекшелігінен пайдаланды. Музыканың нәпіске болған әсерін "рухани әсер" деп халыққа уағыздады.

Батыстағы музыка шіркеу музыкасынан шыққан. Қазіргі таңдағы жер бетін қаптаған қате діндердің барлығында музыка ғибадат күйіне айналған. Музыкамен нәпістер масаттануда, шәһуаттық сезімдер рахаттық табуда, рухтың азығы болған ғибадаттар ұмытылуда. Адамды алкоголь және морфин секілді ғафлет ұйқысында мас қылып өмір сүргізуде. Осылайша көптеген адамдардың мәңгілік бақыттан мақрұм қалуына себеп болуда. Ислам діні адамдарды осы пәлекеттен қорғаған. Дінде реформа жасауды қалайтын адам болса, мешітте музыкалық концерт өткізіп, бізді осы пәлекетке итермелеуде. Сонымен қатар Құран кәрімнің философиялануын қалап “Құранды жаңадан ашықтап, заманға лайықтандыру керек” дейді. Құран кәрімнің заманға тура келмейтін несі бар? Мұсылмандарды Құран кәрімге сәйкестендірмей, Құран кәрімді заманымыздағы адамдарға лайықтандыру қаншалықты өрескел ұсыныс. Әр ауызы барды сөйлеткізіп, мұсылмандықты христиан діні сияқты бұзуды қалайды ма?

“Құранды әр заманда сол ғасырдың технологиясына сай жаңадан тәфсирлеу керек” деп Құран кәрімді ғасырға үйлестіруге тырысу үлкен әбестік. Тәфсир – мода кітабы емес. Әр заманға сайкес әр түрлі тәфсир болмайды. Дініміз толықтыратындай кем бе еді? Әлде кейбірін шығарып тастайтындай артық па? Дінде кемшілік және артықшылық болмағандықтан, жаңа тәфсирге мұқтаж болмайды. Дінге жаңа нәрсе енгізу бидғат болады. Әрбір дәуірге сәйкес тәфсир жазу, дінді әр ғасырда бұзу деген сөз.

Құран кәрімнің мағынасын оның хабар берушісі болған Мұхаммед алейһиссалам бізге білдірген. Дұрыс тәфсир кітабы – Оның хадис шәрифтері. Тәфсир ғалымдары тәфсирлерін пайғамбарымыздан және сахабалардан нақыл етіп шығарған. Олардың тәфсирлері әрбір ғасырға сай. Құран кәрімнің әмірлері әр ғасырдағы адамдар үшін бірдей. Алдыңғы ғасырлар үшін басқа, кейінгі ғасырлар үшін басқа мағынасы жоқ. Құран кәрімді ең жақсы білген – пайғамбарымыз алейһиссалам. Оның түсіндірмелері белгілі. Одан бөлек айқындау дінді өзгерту болып, реформа болып саналады.

Дін ғасырға қарап өзгермейді

Дініміздің әр ғасырда өмір сүретін адамдарға қажет болған иман мен ғибадат шарттары бірдей. Ғасырға қарай бұлар өзгертіле алмайды.

«Заман саған бағынбаса, сен заманға бағын!» сөзі дұрыс айтылған. Заманға бағыну –заманның талабына мойынсұну деген сөз. Заманның өзгеруімен әдет-ғұрып және салт-дәстүрге қатысты үкімдер өзгеруі мүмкін. Нассқа (Құран мен хадистерге), дәлелге сүйенген үкімдер заманға қарай өзгермейді. Дінге қайшы болған әдет-ғұрып және салт-дәстүрге қатысты үкімдер өзгерсе, бұларға бағынудың зияны жоқ.

Барлық адамдар трактормен, жүк машинасымен кетіп бара жатқанда арбамен, түйемен бару керек деп қасарысудың керегі жоқ. Бірақ күнә болған нәрсені бәрі істесе, оларға бағынылмайды. Заманға тән істердің өзгеруіне заманның өзгеруі делінген. Осындай мысалдар Құран кәрімде де бар. Мысалға «Ауыл халқынан сұра!» дегеннің орнына «Ауылдан сұра!»делінген. (Юсуф 82)

Қазақ тілінде де «Бұл топ жалқау» деген сөз бар. Бұл жерде сыныптың өзі  жалқау емес, сыныпта оқитын оқушылардың жалқау екендігі меңзеледі. Заманға бағыну да заманның талап еткен пайдалы істерін орындау деген сөз. Зиянды, күнә болған нәрселер жасалынбайды.

Философ және хукама

Сұрақ: Философ және хукама екеуі бір ме?

Жауап: Хукаманың жекеше түріне «хаким» (данышпан) делінеді. Яғни пән ғылымдарын жақсы меңгерген, хикмет иесі болған ғалым деген сөз.

Дін білімдерін пән ғылымдарына қарай өзгерткен және өздерінің көзқарастарын дін ретінде түсіндірген, философия қылған адамға «философ» және «діндегі реформашы» делінеді. Бұлар нақылға сүйенбей, өздерінің ақылдарын негізге алады. Дін білімдерін пән ғылымдарымен дәлелдеген мұсылмандарға «Хукама» делінеді.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: