Көзі қарақты оқырманның діни әдебиеттерден көзі шалып, уағыздардан еміс-еміс еститін «уақып» дегеніміз не? Араб тіліндегі «уақф» сөзінен туындаған «уақып» ұғымына кеңінен тоқталмас бұрын, бұл терминнің тілдік мағынасына бойлап көрелік.
«Уақф» араб тілінде (тоқтау, ұстап тұру, кідіру), деген мағыналарды білдіреді. Бұл тұрғыда көбіне бір нәрсені ұстап тұру деген мағынада қолданылады. Мысалға «жерді міскіндерге уақып етті» десек, яғни «ұстады», яки «сақтады» деген түсінік пайда болады. Жалпы айтқанда қайырымдылық мақсатында тарту етілген дүние, кері алынбайтын мүлік. Ал шариғаттағы терминдік анықтамасына келетін болсақ, мазһабтар арасында бірнеше сөздермен түсіндіріледі. Күллі мазһаб “уақыпты” рүкіндерге, шарттарға байланысты анықтама береді. Ханафи мәзһабында «заттың өзін ұстау және мүлікті Аллаға тиісті етіп, пайда беру негізінде садақа ету» деп түсіндіріледі. Түсінікті болуы үшін басқа да анықтамаларға жүгінсек, «Шариғатымызда уақып дегеніміз белгілі бір жылжымайтын мүлікті ешкімге мұраға да, сыйға да бермей, оны өзгеге сатпай, халықтың мүддесіне пайдалану», дегенді білдіреді.
Ислам тарихында ең әуелгі «уақып» (қайырымдылық мақсатында тарту етілген дүние) қашан орын алды дегенге келсек, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тұрғызған «Құба мешіті» болып саналады. Одан кейін Мәдина қаласындағы «Пайғамбар мешіті» болып табылатынын тарихтан аңғаруға болады. Міне, осы жерден ұғынатынымыз, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы бастамасымен жері таңдалып, соғылған мешіттер Алла жолында арналып, халықтың игілігіне берілді. Ендігі кезекте оны ешкім жеке меншігіне өткізіп, оны бұзып, жерін алып, жеке басына пайдалана алмайды. Демек, ол мешіттер бұзылып, жоқ болып кетпейінше, ол пайдалынылып тұрған кезінде «уақып» еткен егесіне сауабы қияметке дейін түгесілмей барып тұрары анық. Уақыптың да мақсаты осы болмақ керек.
Кейінгі кезекте Хаттабтың ұлы Омардың (Алла оған разы болсын) «уақыбын» тілге тиек етсек болады. Абдулла ибн Омар риуаят еткен хадисте «Хаттабтың ұлы Омарға Хайбарда бір жер үлесіне тиеді. Сөйтіп ол Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, сол жер жайлы кеңес сұрайды. Ол: «Уа Алланың елшісі, Хайбарда маған бір жер үлесіме тиді, қандай кеңес бересіз?», - дейді. Сонда Алла елшісі: «Қаласаң, ол жердің негізін (қолдан қолға өтпейтін етіп) сақтап, ол жерді садақа ет», - дейді. Сөйтіп Омар ол жерді сатпай, сыйға бермей, мұра етіп қалдырмай, толығымен кедейлерге, құлдарға, сапарда қалғандарға, Алла жолына т.б. орындарға «уақып етіп» жібереді.
Уақып адам баласы дүниеден өткеннен кейін де пайдасы тиетін, әрі әсері ұзағынан қалатын сүннет амал болып табылады. Бұл біздің қоғамымызда ұмыт қалған сүннеттердің бірі болып табылады. Ал, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Кімде-кім үмметімнің бұзылған заманында менің сүннетімді тірілтсе, онда оған жүз шаһидтің сауабы бар», - деген. Демек, бұл тірілтуге зәру болған сүннеттердің бірі. Әрі, ол қайыр-жақсылық тұрғысынан амалдардың ең абзалы, сонымен қатар, пендені Аллаға жақындататын ең ұлы садақалардың қатарында болып есептеледі. Бұл тұрасында Құран кәрімде нақты түрде, аяттар келмегенімен оған ишара ететін аяттар баршылық. Атап айтсақ, Бақара сүресінің 267-ші аятында, Алла тағала құлдарына: «Ей, иман келтірген жер бетіндегі Алланың құлдары! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер!», - деп ескерткен.
Алла тағала тағы басқа бір аятта былай дейді: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша ешқашан жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не нәрсені жұмсасаңдар да, Алла оны сөзсіз біліп тұрады», - деген (Али Имран, 92-аят).
Тағы бір аятта: «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады», - деп айтқан.
Міне осы аяттарға сүйенген және оны түсініп ұққан сахабалардың барлығы дерлік мүліктерін «уақып» еткен. Бізге жетіп келген деректер бойынша «уақып» етпеген сахаба қалмаған деседі.
Төмендегі тағы бір аятта, көпшілік ғалымдардың пікірі бойынша:
«Алла жолында берген нәпақаларының есесін Алла толтырады», - деген аятта «уақып» Алла жолында жасалатын жақсылықтардың бірі ретінде меңзелген. Тәпсіршілер (құранды тереңінен түсіндіретіндер) көпшілігі және хадисшілер жоғарыдағы аятты осылай талдап түсіндірген.
Соңымен қатар уақыпқа дәлел бола алатын хадистер де бар. Солардың бірінде: Әбу Һурайра риуаят еткен хадисте: Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы дүниеден өткен кезде, амал дәптері тоқтайды. Мына үш амалы ғана жұмыс жасап, амал дәптеріне жазылып тұрады. Ол амалдар: жәрия садақа, пайдаға асырған ілім, артынан дұға ететін ізгі ұрпақ», - деген сөзін жеткізеді. Енді осы жердегі «жария садақа» деген сөзімен уақыптан басқаны меңзеп тұрған жоқ дейді, ғалымдар.
Демек, Алла тағала дүние мен ақыретте сауапқа иеленуді және де өзіне жақындауды қалаған өзінің бай пенделерін қосымша хайырлы істерді істеуге бағыттады. Сол хайырлы істердің бірі Алла жолында жұмсалатын, жақсылық амалдарының абзалы болып табылатын амал «уақып» екенін жоғарыда баян еттік. Бұл хайырлы істің пайдасы, сол істі жүзеге асырған иесінің өлімімен тоқтамай, жалғасып тұратынын Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінен байқадық. Адам баласы «уақып» етумен өзіне және өзгелерге пайда беріп, әрі Алланың құзырында ұлы сауапқа кенелуге лайық болады. Сол себепті дана халқымыз «бір кісі қазған құдықтан, мың кісі су ішеді», «адамгершілікке арналған үш сауап бар: шөлге құдық қазған бір сауап, өзенге көпір салған бір сауап, жолға ағаш еккен бір сауап» деп босқа айтпаса керек.
Өктан Сүйіндік
Жамбыл облысы Байзақ ауданы
ауылдық «Жаңатұрмыс» мешітінің имамы