Әйел дегеніміз кім? Әйел Алла тағаланың жаратқан жаратылысы және ер адамның қисық қабарғасынан жаратылған нәзік жанды айтамыз. Әйел отбасының берекесі мен ұйытқысы және қоғамның бір бөлшегі әрі отбасының тірегі.
Дінімізде әйелдің орны ерекше аталып өтілген. Алла Тағала қасетті Құранда «Ниса» сүресінің 1-аятында: «Әй адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар. Сол арқылы өзара сұрасқан Алладан және туыстардан (безуден) сақтаныңдар. Шәксіз Алла сендерді бақылаушы», - дейді.
Енді осы аятқа байланысты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Сендердің ең жақсыларың әйелдерімен жақсы қатынаста болғандарың», - дейді.
Қазақ халқында: «Әйел адам бір қолымен бесік тербетіп, екінші қолымен әлемді тербеткен ана», - дейді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйелдерімен мәмілесі қандай болған? Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйелдерге қатыcты мәмілесі өте биік деңгейде болған. Әлемде тұңғыш рет әйелдің мәртебесін көтеріп, оны қадірлеуге шақырған адам – Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз еді.
Исламнан бұрынғы арабтарда: Құмар, зинақорлық, әлсіздерге зұлымдық жасау тәрізділер кең тараған. Намыстанып өз қыз балаларын тірідей көметін. Әзірет Омар (оған Алла разы болсын) бұл жайында: «Алланың атымен ант етейін, біз жәһилия кезеңінде былайша айтқанда Алланың діні келгенге дейін, әйелдерді адам деп санамайтын едік», - дейді. Ислам діні келген соң уахи арқылы әйелдің орны мен құқықтары белгіленді. Әйелдің қоғамдағы орны мен құқықтарына ең көп құрметпен қараған Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) таразының басын теңестірді. Өнегелі сөздерімен әйелдерге деген көзқарасты түбегейлі өзгертті.
Әйелдердің қоғамдағы орнын көрсеткен – Ислам діні.
Әйелге деген осыншалықты құрмет тек Ислам дінінде ғана. Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дінді жая бастағанда әйелдер қауымы ерен еңбек сіңірді. Жәбірейіл (ғ.с.) дінді жаю міндетін жеткізгеннен кейін, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, Хадиша! Кімді дінге шақырайын? Кімге түсіндірейін?» – дегенде Хадиша (оған Алла разы болсын) анамыз: «Маған түсіндір, иә, Расулаллаһ, мен мойындаймын», - деді. Ол алғаш мүминдердің және алғаш онымен намаз оқығандардың қатарында болды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әзірет Хадиша анамыз туралы: «Еркектерден жоғары мәртебелерге жеткендер көп. Ал әйелдерден ол дәрежеге жеткендер төртеу. Олар: перғауынның әйелі Әсия, Мәриям бинти Имран, Хадиша және Фатима», – деген.
Айша (оған Алла разы болсын) анамыз болса ең көп хадис риуаят еткен жеті сахабаның бірі. Пайғамбарымыздың әйелдер жайлы айтқан өсиет-хадистері: «Әйелдердің сіздерде, сіздердің әйелдерде хақтарыңыз бар» (Ибн Мажә). «Әйелдер әлсіз әрі қорғансыз жаратылған. Оларды үйлеріңізде қорғаңыздар. Олардың әлсіздігін (яғни ашуын) үнсіздікпен жеңіңіздер» (Ибн Аббас). «Жәннәт аналарыңның аяқ астында» (Әнәс). «Әйеліңе көмектесу – садақа» (Ибн Омар). «Кім анасының көзін сүйсе, бұл ол үшін тозақтан перде әзірленеді» (Ибн Аббас). «Сіздердің ең қайырлыларыңыз – әйелі мен қыздарына ең жақсы қарағандарыңыз» (Әбу Хурайра). «Иманды әйел – қайырлы іс жасамайтын 1000 еркектен де қайырлы» (Омар ибн Хаттаб). Әйел еркектің екінші жартысы (Айша). Ең жақсы балалар – нәзік, мейрімді, қымбат әрі сүйіспеншілікке толы қыздар» (Али ибн Әбу Тәліп). «Егер сіздердің шаңырақтарыңызда қыз дүниеге келсе, әрі оған қиянат жасамасаңыздар, ренжітпесеңіздер, Алла оның себебімен сізді жәннәтқа кіргізеді» (Ибн Аббас).
«Әйел жүкті болған кезде оған күнін оразамен, түнін құлшылықпен өткізгеннің сауабы жазылады. Толғағы басталған кезде, ешбір жаратылыс Алланың оған қандай сый беретінін білмейді. Ол сәбиін дүниеге әкеліп емізе бастағанда, сәбидің әрбір жұтымы үшін, әрбір емізгені үшін оған өліні тірілткендей сауап жазылады» (Абдуррахман ибн Ауф). «Әйел жүктілік уақытында, сәбиді туып асыраған уақытында Алла жолында жүрген жауынгер сияқты. Егер бұл уақытта қайтыс болса, оған шәһидтің сыйы беріледі» (ат-Табарани). «Мүмин ер кісі, мүмин бір әйелге ренжімесін. Адам әйелінің бір мінезін ұнатпаса, басқа мінезіне риза болады». (Муслим)
Сол сияқты әрбір мұсылманның білуі керек болған асыл қажеттіліктерінің бірі некенің діни үкімдері. Өйткені неке мұсылмандар үшін иман сияқты. Некенің мақсаты тек ұрпақ жалғастыру емес. Егер бұлай болатын болса, бедеу адамдар мен жасы келген қарт адамдардың некесі жайз болмаушы еді. Еркек пен әйел үйленуімен рухани және тәндік бірлік пайда болады. Ер мен әйел жаратылысы бір-бірінен айрықша боп көрінгенімен, шындығында бір-бірін толықтырған екі бөлік. Міне жай ғана шолып өткеннің өзінен-ақ әйелдің мәртебесін байқаймыз.
Тұрмыстық зорлық зомбылыққа қалай қарсы тұрамыз?
Негізінен, қай халық та отбасындағы зорлық-зомбылық туралы айтуды жөн санамаған. Әрі «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген жазылмаған «заңдарымен» бекітіп қойған. «Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі», - деп үй ішіндегі дау-жанжалға араласудың орынсыз екендігін білді. Қазіргі таңда өзекті тақырыптардың бірі болып отырған тұрмыстық зомбылық, оның ішінде әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық өкінішке орай басты орындарда. Әйел тақырыбы, соның ішінде дін және әйел мәселесі қай қоғамда, қай кезеңде болмасын өзіндік маңызға ие болған. Әрбір дін әйел затының отбасындағы, қоғамдағы орны мен құқықтарына қатысты өзіндік көзқарасын білдірген. Соның ішінде әйелдер қауымының құқықтарын ерекше жоғары деңгейге көтерген және оның отбасындағы міндеткерліктерін белгілей отырып, қоғамдағы орнын айқындап берген ислам діні өзге діндерден оқ бойы озық тұрады. Ислам негіздері бойынша ерлер мен әйелдер Алла алдында тең. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде отбасылық қатынастарда әйел затына мейіріммен, құрметпен қарау насихат етіледі. «Жәннат – аналардың аяғының астында» деп әйел-ананың тұлғасы ерекше ұлықталып құрметтелген.
Мақаламды Мұхтар Шаханов ақын ағамыздың мынау өлеңімен аяқтайын:
«Дүниеге қан тамырдай тарайтын
Жер бетінде әйел жайлы ертек көп
Әйелдерге немқұрайлы қарайтын,
Еркекті мен санамаймын еркек деп.
Қай кезде де сұлулықтың жолы мұз,
Әйел – біздің әзиз байлық қорымыз.
Әйел – біздің тағдырымыз,
Тағдырымыз болған соң,
Белгілі ғой, бағымыз не сорымыз», - деген
Раббымыз әркімге: шүкір етуші жүрек, зікір етуші тіл, сабыр етуші дене, намысын әрі мүлкімізді қорғайтын салихалы әйел нәсіп етсін.
Бекжан Жұмағұлов
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Көкөзек ауылдық
«Жантай ата» мешітінің имамы