Жалпы, ертеректегі ғұлама-ғалымдардың пайымдауынша, ел болып қалыптасу үшін бірқатар тіректердің болуы қажет екендігі айтылады. Олар – діні, тілі, жері, тарихы, ұлттық тағамы, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Сондай-ақ әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі тағы бар. Қазақ халқының ұлттық салт-санасы мен әдет-ғұрыптары ислам дінімен тығыз байланысты екені баршамызға мәлім. Дін мен дәстүрдің, салт-сана мен шариғи ғұрыптардың өзара астасуы елдің бірлікте, ынтымақта өмір сүруіне негіз болады. Қазақтың киелі топырағынан қаншама ғұламалар шықты. Аты әлемге мәшһүр, екінші ұстаз атанған әл-Фараби, ақын-шайыр, сопы Қожа Ахмет Иассауи, атақты ғалым Сүлеймен Бақырғани т.б. Олар үлкен ғалым болумен қатар, барлығы да діннің аса білгір маманы еді. Біз, өскелең ұрпақ, осындай ұлы адамдардың жерлесі болғандықтан, олардың атына кір келтірмеуге тиіспіз. («Дін мен дәстүр І» кітабынан)
Дін мен дәстүр сабақтастығы көптен бері қозғалып келе жатқан тақырып. Біз осынау маңызды мәселеге қатысты шариғи көз қарасты білдіруді жөн санадық.
Дәстүрлі дінінен, ділі мен тілінен, әдет-ғұрпынан ажыраған елдің болашағы жоқ. Сол үшін рухани құңдылықтарымызды құнттай білгеніміз жөн. Әйтпесе, Құран Кәрімде ескертілген ақиқат жолынан айнып, адасқан қауымға айналып кетуіміз бек мүмкін.
Алла тағала қасиетті Құранда Мариям сүресінің 59-аятында:
«Ал олардан кейін намазды жоғалтып, нәфсілеріне ерген ұрпақтар келді. Олар бір жамандыққа жолығады», - деген.
Малики мазхабының өкілі Ибн Асим әл-Андалусий өзінің «Муқтада әл-уусуул илә илм әл-усуул кітабында:
«Ғұрып – іс қой адамдарға танымал,
Әдеттің оған ұқсастығын танып ал.
Екеуі де шариғатқа енер ендеше,
Мәні қиғаш болып егер келмесе», - деген. («Дін мен дәстүр І» кітабынан)
Халық нақылында: «Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын»,-деген. Сабыр Адай ақын «Дін – шырақ, дәстүр – бұлақ» атты өлең шумақтарында:
Халықпыз, бір Алланың құлдарымыз,
Жол қалған Пайғамбардан нұрланып із.
Тербеткен Әулиесін, Әнбиесін,
Бекетті туған елдің ұлдарымыз!
Жан Алла қайыра көр бұла мұңды,
Ұлтқа серт қайтара көр ұранымды.
Дін – шырақ, дәстүр – бұлақ, Халық – тұрақ,
Сақтай көр шырағым мен бұлағымды!?
Мұңсызға бөзде кілем, сөзде кілем,
Піседі пенде байғұс өз демінен.
Шалдарым салт-дәстүр Дін тастапты,
Адасып қалмасын деп өздерінен», - деп жырлаған.
Муралиев Хасан Иембергенұлы
Жамбыл облысы Байзақ ауданы
Ақшолақ ауылдық «Ақшолақ» мешітінің имамы