ИСЛАМДАҒЫ ӘЙЕЛДІҢ ОРНЫ

ИСЛАМДАҒЫ ӘЙЕЛДІҢ ОРНЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! 

Ислам діні әйел адамның дәрежесін басқа дінде болмағандай, жоғары дәрежеге көтерді. Иса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) мен Мұхаммед (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардың арасы 5 ғасырдан әрі асады. Осы арада білімділер азайып, надандық кең етек ала бастады. Тек арабтар ғана емес, басқа да елдерде білім төмендеді. Соның салдарынан әйел адамның құны өте қатты құлдырады.  Соның дәлелі ретінде Рим империясында патша өзінің ең сұлу болған қызын өзіне жар етіп алатын. Арабтардың кейбір тайпаларында қыз бала дүниеге келсе, ар санап, тірідей өлтіретін дәрежеге жеткен-ді. Құранның «Нахл» сүресінің, 58-59 аяттарында бұл жайында  былай делінген: «Егер олардың біреуі қызбен сүйіншіленсе, оны ашу қысып, беті қарая бастайды. Өзіне берілген жаман хабардың салдарынан елден жасырынады. Оны қорлыққа шыдап ұстау немесе топыраққа көміп ұстау керек пе? Олар нендей жаман үкім береді». Ислам діні осы аят арқылы арабтардың ісі жиіркенішті әрекет екендігін көрсетіп тыйым салған болатын.

Ислам діні жер бетіне бейбітшілік, тыныштық, әділдікті әкелді. Жалпы, адам құқығына, әсіресе әйел затының құқығына ерекше мән беріп, қоғамдағы орнын айқындап берді. Әйел адамға көзқарас өзгеріп айрықша көңіл бөлінді. Ислам – әйел затының құқығын, орнын толықтай қамтамасыз еткен дін.

«Азхаб» сүресінің 35-аятында: «Ер адам болсын, әйел  адам болсын жақсы амал істегендердің ең жақсы сыйға бөленеді. Сөз  жоқ, мұсылман ерлер және мұсылман әйелдер, мүмін ерлер және мүмін әйелдер, бой  ұсынушы  ерлер  және  бой  ұсынушы  әйелдер,  шыншыл  ерлер және шыншыл әйелдер, сабырлы ерлер және сабырлы әйелдер, ықыласты ерлер және ықыласты әйелдер, садақа беруші ерлер және садақа беруші әйелдер, ораза ұстаушы ерлер және ораза ұстаушы әйелдер, ұятты жерлерін қорғаушы ерлер және әйелдер, Алланы көп зікір етуші ерлер  және  әйелдер,  Алла бұлар үшін жарылқау және ірі сыйлық әзірледі» - деп айтылған.

         Жабир ибн Абдулла (р.а.) былай деп баяндайды: «Бір күні Әсма бинт Язид (р.а.) Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Сіз маған ата-анамнан да артық қымбатсыз. Мен Сізге барша мұсылман әйелдердің атынан келіп тұрмын. Анығында Сіз – еркектерге де, әйелдерге де ортақ болып жіберілген Алланың Пайғамбарысыз. Бізді мазалайтын бір нәрсе бар. Біздің, яғни әйелдердің көп уақыты үйде өтеді. Біз күйеуіміздің разылығын іздейміз, бала сүйіп, ұрпақ жалғастырамыз. Ошағымыздың түтінін түтетіп, күйеуіміздің дүние-мүлкіне бас-көз боламыз. Соған қарамастан, біз жасай алмайтын кейбір амалдарды ер кісілер жасайтындығы үшін олардың Алладан алатын сауаптары бізден асып кетеді. Олар күнделікті бес уақыт намаздан бөлек жұма намаздарына қатысады, науқастардың көңілін сұрап барады, жаназа намаздарына қатысады, қажылық парыздарын өтеп, құрбан шалады. Олар сондай сауабы мол амалдарды жасап жатқанда біз үйде қаламыз. Олардың бала-шағасына қарап, киімдерін тігеміз. Біз осы үшін олардың алып жатқан қыруар сауаптарының бір үлесін болса да ала аламыз ба?» – деп сұрайды. Бұл сұрақты естіген Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына қарап: «Сендер бұдан артық сұрақ қойған әйелді бұрын-соңды көріп пе едіңдер?» – дейді. Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Әйел адам осындай сұрақ қояды деп ешқашан ойламап едік», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әсмаға (р.а.) бұрылып: «Мені жақсылап тыңда және мұны өзге әйелдерге де жеткіз. Егер әйел адам күйеуіне бойсұнып, оның үйдегі тірліктерін жасаса, көңілін тойдырып, оны разы етсе, онда ол да Алла жолында құлшылық етіп жүрген күйеуі секілді сауаптарға ие болады!», – дейді. Мұны естіген Әсманың жүзіне ерекше қуаныш, жымиған күлкі пайда болады. Қатты қуанғаннан көңілі көтеріліп, кетіп бара жатып қайта-қайта «Лә иләһә иллә Алла» (Алладан басқа Құдай жоқ), «Аллаһу Әкбар» (Алла Ұлы)» деумен болады.

Қорытындылай келе, Ислам діні бойынша күнә істе де, сауап істе де ер мен әйел тең құқылы. Дегенмен де, Алла Тағала әйел адамның нәзік жаратылысына қарай ауыр істі жүктемеген. Ер адамдардың жауапкершілігі ауыр болса да, әйел кісінің сауабы ерлерден кем емес!

Жанат Әмірханқызы

Жамбыл облысы Байзақ аудандық

«Байзақ баба» мешітінің ұстазы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: