ИСЛАМДА ЭКСТРЕМИЗМ ЖОҚ

ИСЛАМДА ЭКСТРЕМИЗМ ЖОҚ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Дін – кез келген жеке адам, қоғам, ұлт өміріндегі ең маңызды фактор. Дін, сенім болмаса, үлгілі мәдениет құру да мүмкін емес. Тарихта дінге немқұрайлы қараған мемлекеттер қанша алып болса да, ұзақ салтанат құра алмаған. Ал бүкіл адамзат тарихында Ислам дінінің алар орны ерекше. Оның ғылым мен білім, мәдениет пен өркениеттің сарқылмас кәусар бұлағы екендігін әлем әлдеқашан мойындаған. Мың жылдан астам уақыттан бері ата-бабаларымыз осы ислам дінін ұстанып, жоғары бағалап келеді.

Ислам — барша адам баласын бейбiтшiлiкке, амандыққа, ешкiмге соқтықпай тыныш өмiр сүруге шақыратын дiн. Сондай хақ дiнiмiз жер бетiнде нағыз адамгершiлiктiң, гумандылықтың, сыйластықтың рухын жайып, алауыздыққа, қантөгiске, қастық пен дұшпандыққа тыйым салғаны да мәлiм. Адамзат баласына жақсылықты түсiндiрiп, көркем мiнездi кемелiне келтiрсiн, жүректердi тазартсын деп Алла тағала адамзаттың ең ардақты тұлғасы пайғамбарымыз Мұхаммедтi (с.а.у.) таңдап, пайғамбар еттi. Демек, Ислам дiнi тыныштықты бұзу үшiн емес, бұзақылықты тыю үшiн жiберiлдi. Тарихқа үңiлсек, Исламға дейiнгi араб қоғамы «қараңғылық дәуiрi» деп аталды. Олай аталуының да жөнi бар болатын. Себебi, араққұмарлық, маскүнемдiк, парақорлық, нәпсiқұмарлық, зинақорлық, арсыздық секiлдi кесiр мiнездердiң бәрi де ол кездегi араб дүниесiнiң күнделiктi көрiнiсiне айналған болатын. Жаңа туылған қыз баланы қыз болғаны үшiн ғана «сүйегiме таңба болатын болды» деп тiрiдей топыраққа көму салтының өзi бiраз нәрседен хабар бергендей. Ал, ендi қараңғылықты жарып шыққан күндей болып Ислам дiнi келген соң, небәрi 23 жыл iшiнде осы секiлдi қоғамдық iндеттер, озбырлық әрекеттер, жауыздық қылықтар түп-тамырымен жойылды. «Жәннат – аналардың аяғының астында»  дейтiн қағида жүзеге асып, аналардың, қыз балалардың құрметтерi асқақтады.

Осындай өмiршең қағидалар төрткүл дүниеге тарай бастағанда, қуарған шөл далаға су келiп, далаға көрiк беретiн мың түрлi гүлдердiң құлпырғанындай  жер бетi де адамгершiлiк пен iзгiлiкке тола бастады. Адамзатқа Исламмен бiрге жеткен өркениеттiң бәрiн санап тауысу мүмкiн емес. Мұсылмандық дегенде, ғылымның да, әдептiң де, мiнездiң де, қарым-қатынас ережелерiнiң де ең биiк шыңы елестейтiн едi.

Ендi мiне, ардақты пайғамбарымыз дүниеден озып, саңлақ сахабалар оған iлесе кетiп, iзгi керуен бiртiндеп арғы шын дүниеге көшкен сайын сол Ислам дiнi бiрте-бiрте өзiнiң биiк тұғырынан төмендей бастаған секiлдi. Себебi, бүгiнгi таңда асыл дiнiмiзге қойылмаған ат, таңылмаған айдар жоқ. «Террор» дейсiз бе, «экстремизм» дейсiз бе, қысқасы, дiнiмiздiң рухымен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сан түрлi атаулар бүгiн Исламға қатысты айтылатын болды. Бұлай болуының себебi не, мұндай қатыгез жалажабушылық қайдан шыға бастады, ол жағы беймәлiм. Бiрақ бiр анығы, Алла тағаланың жер бетiне «Ислам – бейбiтшiлiк» деп жiберген дiнiнде ондай шектен шығушылықтардың бiрi де жоқ. Иә, шектен шығушылық жоқ. Экстремизм деген сөз (лат. extremus — шеткi) шектен шыққан көзқарастарды ұстану дегендi бiлдiрсе, онда бұл нәрсенi Исламнан iздегендер қателеседi. Лаңкестiктiң ұлты, дiнi болады дегенге кiм сенедi? Ендеше, нағыз мұсылман ешуақытта «экстремист бола алмайды». Ал, қасақана Исламға жала жапқандар ауыр күнәға батады. Алла тағала қасиеттi Құран Кәрiмде: «Бүгiн дiндерiңдi толықтастырдым және нығметiмдi тәмамдадым. Сондай-ақ, сендерге Ислам дiнiн қоштап ұнаттым» деп баян еткен. Демек, Ислам дiнi бүкiл ғаламдардың иесi, ұлы Алла тағаланың қош көрiп ұнатқан дiнi. Оған күйе жағу – Алланың ашуын тудыратын үлкен күнә. Қай-қайдан шығып, қоғамдағы тәртiптi бұзып жүргендердi Исламмен байланыстырып қою, ақылды адамның қисынына да келмейдi.

Әлемде болып жатқан террорлық әрекеттерге Исламның титiмдей қатысы жоқ. Ислам сөзi «бейбiтшiлiк, амандық-есендiк» деген мағынаны бередi. Ислам дiнi – жер бетiнде бейбiтшiлiк пен тыныштықты орнату үшiн жiберiлген соңғы иләһи дiн. Мiне, сондықтан, әрбiр мұсылман, тiптi, сәлем бергеннiң өзiнде бiр-бiрiнен хал-жағдай сұрап емес, «әссәламу алейкум» деп бейбiтшiлiк пен тыныштық тiлеп амандасады.

Ата-бабаларымыз да сан ғасыр бойы Ислам дiнiн өмiрмен бiте қайната ұстанып, тонның iшкi бауындай ауызбiршiлiкпен бейбiт өмiр сүрiп келдi. Дiни дүрдараздық  деген ұғым қазақ даласында күнi кешеге дейiн болмаған. Қазақ даласы түгiлi, ешбiр Ислам дүниесiнде кешегi ХIХ ғасырларға дейiн «дiни экстремизм» деген ұғым болып көрмеген. Өкiнiшке қарай, соңғы жылдарда асыл дiнiмiздi жеккөрiнiштi етiп көрсететiндер жер-жерден бой көтере бастады. Кешеге дейiн бар қазақ бiр дiндi, бiр мәзһабты ұстанып келдi. Намазы да, сенiмi де, мақсат-мүддесi де бiр болып келдi. Ендi бүгiн әлемде түрлi мүдделер пайда болып, дiнiмiзге әлгiнде аталғандай жаман атақтар таңылуда.

Бiздiң дiнiмiз өз отандастары мен қандастары, жерлестерi былай тұрсын, өзге сенiм иелерiмен де бейбiт ғұмыр кешудi бұйырады. Қасиеттi Құранда бұған қатысты мынадай аят бар: «Дiн турасында сендермен соғыспаған әрi сендердi өз отандарыңнан қуып шығармаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әдiлеттi болуларыңа Алла тағала қарсы емес. Өйткенi, Алла тағала әдiлеттiлiк жасағандарды жақсы көредi» («Мумтахина» сүресi, 7-аят).

Екi дүниенiң бақытына жетудiң жолдарын үйрететiн Исламда «Бейкүнә бiр адамды өлтiру – күллi адамзатты өлтiрумен тең». («Маида» сүресi, 32–аят). Олай болса, қаншама жазықсыз адамдарды, көздерi мөлдiреген жап-жас сәбилердi өлтiруге Ислам дiнi бұйырды деу мүлдем ақиқатқа сәйкес келмейді. Адам өлтiретiн лаңкестiк әрекеттер Құранға да, мұсылманшылыққа да жат. Адам түгiлi, малды қорқыту Исламға қайшы. Сойылатын малдың көзiнше пышағын қайраған сахабасына пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.)  қатты кейiп: «Сен малды неше рет өлтiрмексiң? Пышағыңды малды жатқызбас бұрын қайрамадың ба?», — деп қатаң ескерту жасаған.

Исламның екi негiзгi қайнар көзi саналатын Құран мен Сүннетте жазықсыз адамның қанын төгу керек деген жерi жоқ. Бiр сәт ойланып көрейiкшi, пайғамбарымыздың өмiрiнде өзiне қол жұмсау немесе бейкүнә жандарды өлтiру бар ма едi? Ал, лаңкестiк әрекеттерде адамның жанын қию бар. Ендеше, Ислам мен «экстремизмде» қандай байланыс болуы мүмкiн? Ешқандай байланыс жоқ. Керiсiнше, Ислам дiнi дұрыс түсiндiрiлмегендiктен түрлi орынсыз әрекеттер бой көрсетуi ықтимал.

Жас ұрпаққа рухани тәрбие берiп, дiни сауатын ашу үшiн барлық жағдайды жасау керек. Сонда қан төгу түгiлi, бiр-бiрiнiң маңдайынан шертпейтiн адамдар жетiлiп шығады. Балалардың руханиятына қатысты құндылықтар олардың бойына мектептен бастап сiңiрiлуi керек. Сонда келешекте мұндай аты жаман iндеттерден ұрпағымыз аман болмақ.

Дiни тәрбиеде кеткен олқылықтар бiр күнi болмаса бiр күнi өз нәтижесiн көрсетедi. Қаралмаған ағаш қисық өсетiнi секiлдi дұрыс тәлiм алмаған өскелең ұрпақ өз бетiнше өмiр сүрмек. Мiне, осы секiлдi мәселелердi кең көлемде қолға алғанымыз дұрыс. Алла тағала әлемде болып жатқан түрлi оқиғалардың бетiн тәуелсiз Қазақстаннан аулақ етсiн.

 Даурен Куттыбаев

Жамбыл аудандық «Бәйдібек» мешітінің бас имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: