ҚАЖЫЛЫҚ АТҚАРЫЛАТЫН ҚАСИЕТТІ 6 ОРЫН

ҚАЖЫЛЫҚ АТҚАРЫЛАТЫН ҚАСИЕТТІ 6 ОРЫН

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қажылық – Исламның бес парызының бірі. Қажылықты дұрыс түсініп, құлшылықты рет-ретімен атқару үшін ғибадат ететін орындарды біліп алған абзал. Олардың қатарында әл-Харам мешіті, қасиетті Қағба, Сафа мен Мәруа төбесі, Арафа, Мина және Мұздалифа жазықтары бар.

 

ӘЛ-ХАРАМ МЕШІТІ

Әл-Харам мешіті – Меккедегі Қағба тұрған мешіттің атауы. «Тыйым салынған» деген мағынаға келетін «әл-мәсжидул харам» деген ат берілген. Жер бетіндегі барша мұсылманның құбыласы. Бұл жер «харам шәріп» деп те аталады. Ашық жерде тұрған Қағба, Сафа мен Мәруа төбесі, Зәмзәм құдығы да осы мешіттің аймағында. Мешітті алғаш болып Адам атаның баласы Шис (оған Алланың сәлемі болсын) тұрғызған деген болжамдар бар. Исламның алғашқы жылдарында сахабалар намазда құбыла ретінде Ақса мешітіне қарап оқыса, Меккеден Мәдинаға қоныс аударған соң бір жарым жылдан кейін құб ыла әл-Харам мешітіне өзгерген. Бір күні Әбу Зәрр (оған Алла разы болсын): «Уа, Алла елшісі! Жер бетінде ең алғаш қай мешіт салынған?» – деп сұраған кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әл-Харам мешіті», – деп жауап берген. Сондай-ақ басқа хадисте: «Әл-Харам мешітіндегі намаз басқа мешітте оқылған жүз мың намаздан абзал», – деп айтылған. Бұл дегеніңіз елу бес жыл, алты ай және жиырма күн оқылатын намазға тең. Әл-Харам мешіті әмәуилер, аббасилер әулеттері, Осман билеушілері мен Сауд патшалары кезінде бірнеше рет қайта салынғанымен, күні бүгінге дейін құрылыс жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Соңғы рет кең көлемдегі кеңейту жұмыстары 2007-2012 жылдары жүргізіліп, мешіт аумағы 400 мың шаршы метрге дейін үлкейіп, 1 миллион 200 мың адам сиятын болды. Бұл тек мешіттің іші ғана. Сыртына да бұдан бірнеше есе көп адам намаз оқи береді. Дегенмен келушілердің қатары көбейген сайын одан әрі кеңейту жұмыстары қайта жанданып, бір мезгілде 2,5 миллион адамды сыйғызу жоспарлануда.

 

ҚАСИЕТТІ ҚАҒБА

Әлемдегі ең танымал әрі ең қасиетті жердің бірі және бірегейі Қағба екені даусыз. Күніне бес мезгіл қаншама мұсылман жүзін құбылаға (Қағбаға) қаратып намаз оқиды. Жыл сайын миллиондаған қажылар Қағбаны сан мәрте айналып, тауап жасайды. Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, жердің кіндігі (ортасы) деп те есептеледі. 

Меккедегі «Умму Қура» университеті жанындағы қажылықты зерттеу орталығы Қағбаның өлшеміне қатысты мынадай мәлімет келтіреді: Қара бұрыш пен Шам бұрышына дейін (Қағба есігімен қоса) – 11,68 метр. Йемен және Батыс бұрышы арасы – 12,04 метр. Қара және Йемен бұрышы арасы – 10,18 метр. Шам мен Батыс бұрышы арасы – 9,90 метр. Ал биіктігі әр заманда әртүрлі болған. Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) заманында – 4,32 метр, құрайыштар кезінде 8,64 метр болса, Абдулла ибн Зубайыр (оған Алла разы болсын) 12,95 метр етіп көтерген. Сондай-ақ Қағба жөнінде төмендегідей қызықты мәліметтерді оқырмандармен бөлісе кетсек:

  • Бүгінгі таңдағы Қағба Ибраһим мен Исмайыл (оларға Алланың сәлемі болсын) пайғамбарлар тұрғызған ғимаратқа ұқсамайды. Олардан кейін Журһум тайпасы (арабтар), Құсай (Алла елшісінің төртінші атасы), құрайыш тайпасы бірігіп күрделі жөндеу жасаған. Соңғы құрылыс 1996 жылы өткізіліп, шатыры ауыстырылып, іргетасы бекітілді.
  • Бұрын екі есігі мен терезесі болған. Бір есігі – кіруге, екіншісі шығуға арналған болатын. Бүгінде тек бір есігі қалған. Оны қара матамен жабу аббасилер кезеңінен бастау алған. Оған дейін Қағба әртүрлі, соның ішінде жасыл, қызыл және ақ түсті болыпты. 
  • Кілті меккелік бір әулетке тиесілі. Әуел баста құрайыш тайпасында болған кілт Меккені алған соң Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қолына тиеді. Бірақ Алла елшісі кілтті Осман ибн Талхаға (оған Алла разы болсын) береді. Содан бері осы әулеттің ұрпақтары кілттің иесі болып келеді.
  • Бұрын барлық адамдар аптасына екі рет Қағбаның ішіне кіріп, намаз оқи алатын. Алайда қажылар санының көбеюіне байланысты оның есігі жылына екі рет жоғары лауазымды тұлғалар мен ерекше қонақтар үшін ғана ашылады. Айтпақшы, біздің елімізден де бірнеше адам Қағбаның ішіне кіру құрметіне ие болған.
  • Қағбаның ішінде кез келген жаққа қарап намаз оқи бересіз. Оның ішкі қабырғалары ақ түсті мәрмәрдан қаланған.


САФА МЕН МӘРУА ТӨБЕЛЕРІ

Сафа мен Мәруа – Әл-Харам мешітінің ішіндегі қос төбешік. Бүгінде қос жота көрінбейді, қажыларға ыңғайлы болу үшін әдемі мәрмәр тастармен қапталған. Екі төбешіктің арасы – шамамен 400 метр, сағи (жүгіретін) жасайтын жер – 55 метр. Қазіргі таңда сағидың басталуы мен аяқталуын білдіретін жасыл түсті шам белгі жасалған. Бұл – кезінде Ажар анамыз шөлдеп жылаған Исмайылға (оған Алланың сәлемі болсын) су іздеп жүгірген жол. Осы аралықты ер кісілердің жүгіріп өтуі – с үннет, әйелдерге жай жүріп өтуіне рұқсат етілген. Сағи жасаудың тарихы мынадай. Алла Тағала Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарға ұлы Исмайылды (оған Алланың сәлемі болсын) Меккеге апарып тастауға әмір етеді. Ибраһим Жаратқанның пәрменіне бойұсынып, Ажар анамызға аздаған азық-түлік пен су беріп, Меккеге тастап кетеді. Көп өтпей-ақ ана мен баланың азығы мен суы таусылады. Аптап ыстықта шөл қысқан Исмайыл шырылдап жылай бастады. Ажар анамыз жанұшыра Сафа мен Мәруа жотасына көтеріледі. Осылайша жеті рет шығып, жеті рет түседі. Сол уақытта Алла Жәбірейіл (а.с.) періштені жіберіп, ол зәмзәм құдығының орнын қанатымен ұрғанда, су атқылап шыға бастайды. Ажар анамыздың қатты қуанғаны сонша, судың жерге сіңіп кетуінен қорқып «зәм-зәм» (жинал, жинал) деп қолымен жинай бастады. Осылайша Алла Тағала бұл отбасына тіршілік көзін беріп, бұлақ Зәм-зәм деп атала бастады. Міне, содан бері қаншама ғасырлар бойы Зәмзәм құдығы миллиондаған ада мның шөлін қандырып келеді.

Сафа мен Мәруа арасында жеті рет жүріп, сағи жасау – үлкен және кіші қажылықтың уәжіп амалы. Құран Кәрімде: «Расында, Сафа мен Мәруа – Алланың белгілерінен. Кім үйге (Қағбаға) қажылық немесе ұмра жасаса, оған екеуінің арасында жүруде ешқандай күнә жоқ. Ал кім (өз еркімен) қосымша бір жақсылық істесе, әлбетте Алла – алғысқа Бөлеуші, бәрін Білуші», – деп әмір етілген («Бақара» сүресі, 158-аят).

 

АРАФАТ ТАУЫ

Меккеден 20 шақырым қашықта жатқан ұзындығы – 11-12, ені 6,5 шақырым келетін ойпат, сондай-ақ қаланы солтүстік жағынан қоршап тұрған тау сілемі. Арафатта қажылықтың негізгі рәсімі өткізіледі. Адам ата мен Хауа ана жәннаттан қуылғаннан кейін ұзақ жылдан соң осы жерде бір-бірімен кездесіп, Алланың кешіріміне ие болған. Тану арабшада «таарафа» деп аталады. Кейбір ғалымдар осы сөзден Арафат атауы шыққанын айтады. Сондықтан осы жерде Жаратушының кешірімін сұрап, көбірек дұға ету қажет. Кейін оның басына мұнара орнатылып, баспалдақ жасалған. Арафат қасиетті мекен саналатындықтан, мұнда қажылық кезіндегі рәсім өткізіледі. Ешкімнің онда тұруына, тірш ілік жасауына тыйым салынған.

Арапа күні түс ауғаннан кейін Құрбан айттың бірінші күні таң намазы уақытына дейін Арафат тауында бір мезет болса да тұру – қажылықтың негізгі парызының бірі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қажылық дегеніміз – Арафат, кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады», – деп Арафатта тұрусыз қажылық ғибадатының қабыл етілмейтінін ескерткен. Арафат тауында күн батқанға дейін болу – уәжіп. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осылай істеген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жыл сайын қажылық кезінде Арафат аймағында «Бір мезетте – бір ниет» дұға тілеу шарасын өткізіп келеді. Іс-шараға Арафатта тұрған қазақстандық қажылар қатысып, ел мен жердің амандығы мен тұтастығын және отбасыларына екі дүниенің жақсылығын тілеп, дұға етеді. 

 

МИНА ЖАЗЫҒЫ

Мина – Құрбан айт күндері құрбан шалынатын және шайтанға тас ататын жер. Мина жазығын үлкен қажылықтың басталатын жері деп айтсақ та болады. Сол үшін бес парыздың бірін өтеуге келген барша мұсылман осында табан тірейді. Мина жазығында түнеу – сүннет. Сондықтан қажылар бір сәтке жайлы қонақ үй мен жұмсақ төсекті ұмытады. Бірнеше миллион мұсылман түгелдей тау бөктеріндегі қаз-қатар тігілген ақ шатырларға жайғасады. Мұнда бәріне бірдей жағдай жасалған. Өйткені Алла алдында барлық пенде тең.

Мина жазығы Меккенің шығысынан 5 шақырымдай жерде орналасқан. Екі араны автомагистраль жалғайды. Жаяу жүргіншілерге арналған арнайы жолақтар да қарастырылған. 45 мыңнан астам шатыр тігіліп, әрқайсысына желдеткіштер қойылған. Әр шатырға 30-40 адамға дейін сияды. Ғалымдар мина атауы «манна» етістігінен пайда болып, төгу (қан) деген мағынаға саятынын алға тартады. Минада құрбандық шалу мен шайтанға тас лақтыру рәсімі жасалады.

 

МҰЗДАЛИФА ЖАЗЫҒЫ

Мұздалифа – Арафат пен Мина арасындағы жазық. Оған Арафаның кешінде түнеп, Құрбан айт күндері шайтанға атылатын тас жинап алынады. Мұнда ақшам намазы мен құптан намазы қосып оқылады. Алла Тағала Құранда былай деген: «Арафатта тұрғаннан кейін (бейне бір сел секілді Мұздалифаға қарай) ағылғандарыңда, Мәшғарул-харамда (яғни Мұздалифада) Алланы еске алыңдар» («Бақара» сүресі, 198-аят). Сондай-ақ мұнда Адам атаның құлшылық үйі де болған. 

 

Дайындаған Кеулімжай ҚҰТТЫ

«Иман» журналы, №6, 2023 жыл

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: