Бұл өмір - жақсы бір көрген түсіңдей!

Бұл өмір - жақсы бір көрген түсіңдей!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

      Аббасилер халифаларының бірі болған Харун әр-Рәшидтің заманында Бәһлул дана деген әулие өмір сүрген. Бәһлул дана бір күні бейіттен бір қабір қаздырып, ішіне түсіп жатып алыпты. Халифа уәзірлеріне Бәһлул дананы өз құзырына алып келуді бұйырады. Уәзірлері іздестіре келе сұрастырса, қабірстанда екен. Содан оны барып алып кетуге барғанда, Бәһлул көзін жұмып алып, "мені оятпаңдаршы" деп қарсылық көрсетіпті. Уәзірлер халифаның бұйрығына орай, Бәһлулді күштеп, көтеріп алып патша алдына алып барады. Бәһлул дана көзін ашса, патшаның алдында тұр екен. Халифа Бәһлулден: "Әулием, бұл не жағдай, қызметшілерім сізді алып келуге барса, қарсылық көрсеткеніңіз не? Көздеріңізді жұмып алып "Мені оятпаңдаршы!" дегеніңіз қай қылығыңыз? Не істеп жүрсіз қабірстанда?",- деп себебін сұрапты. Бәһлул дана: "Түс көріппін. Түсімде жұмақта жүр екенмін, әрі сен сияқты халифа екенмін. Байлығым, әскерлерім көп, сән-салтанат ғұмыр кешуде екенмін. Солардан айырылып қалмайын деп, ұйқымды қимай жаттым. Алайда әскерлерің оятып жіберді, нәтижесінде патшалығымнан айырылдым",- деген екен.

          Халифа миығынан күліп: "Бұл жаһанда адам көрген түсіне сенуші ме еді? Қашан түсін шын деп ойлағанын көріп едің?" депті. Сол кезде Бәһлул дана уәзірлерге бір қарап, халифаға бір қарап: "Менің көрген түсімдегі сән-салтанатыммен сенің бұл дүниедегі сән-салтанат, рахатыңның ортасында қандай айырмашылық бар? Менің рахатым ұйқымнан оянуыммен аяқталды, ал сенікі тек өлген кезіңде ғана таусылады" депті.

          Халифа Бәһлулге: "Сіз маған сондай астарлы түрде жақсы бір уағыз-насихат айттыңыз. Рахмет, жалпы не тілегіңіз бар, айтыңыз орындайтын",- дейді. Сол кезде Бәһлул әулие: "Тілегім бар, егер орындай алсаң" дейді. Сұрайтыным, маған өмір бер, өміріме өмір қос дейді. Халифа "Жоқ, ол менің қолымда емес" дейді. Олай болса, жанымды алуға келетін періштеден маған араша бол" дейді. Жоқ, ол да менің қолымнан келмейді" дейді. Ең соңғысын сұрайын, бұл өмірдегі тілектерімді орындай алмадың, енді ақыреттегі бір тілегімді орындашы дейді. Айтыңыз дейді халифа. Бәһлул: "Мені періште тозаққа қарай сүйрейтін болса, сен жәннатқа қарай баруыма бұйрық бер" дейді. Сол кезде халифа мұны да орындай алмайтынын айтады. Сөз соңында Бәһлул дана: "Көрдің бе? Сен де мен де қолымыздан ештеңе келмейтін жай ғана бір құлмыз. Құдырет Иесі тек Алла ғана. Сол үшін әркез тәубемізде жүрейік!",- деген екен.

Бәһлул дана бұл айтқан хикметтің сөздері арқылы халифаға да, басқа да дүйім жұртқа бұл өмірдің, тіршіліктің, байлық пен мансаптың бәрі де өткінші екендігін,  шынайы махаббат тек бақи (арғы өмір) үшін жүректе орын алуы керектігін жеткізгісі келген еді.

Жаратушы Иеміз біздердің өмірімізбен дүние-мүліктерімізді Өзінің Құран Кәрімінде суға ұқсатып былай дейді: "Оларға дүние тірлігінен мысал бер: (Дүние тірлігі) көктен біз жаудырған жаңбыр арқылы жердің өсімдіктері бір-біріне араласып, құлпырып, одан құрғақ үгіндіге айналып, оны желдер ұшырып кеткен тәрізді..." (Кәхф сүресі, 45-аят).

Не үшін Алла Тағала тіршілігімізді және мал-мүлкімізді суға ұқсатты екен?

Имам Құртуби жоғарыдағы аяттың тәпсірінде былай дейді: "Судың өмірімізге ұқсатылып, байланыстырылуының себебі жайлы ғұламаларымыз бірнеше хикметтерді айтқан:

1.Су бір қалыпты жағдайды сақтап тұра алмайды. Мысалы, тәтті, салқын, лай, тұнық, ащы, қою т.б. түрлер мен түстерге өзгеріп тұрады. Дәл сол секілді өміріміз де түрлі бейнелерге еніп тұрады, мысалы, қуаныш, қайғы, сынақ, емтихан т.б.

2.Су бір жерде тұрақтамайды, ағады да кетеді .Соңында жерге сіңіп кетеді немесе буға айналып кетуі де мүмкін. Дүние де сондай, мәңгі емес, өткінші.

3.Суға батқан адам аман қалмағаны секілді дүние фитнасына батқан (сараңдық) адам да еш шыға алмасы анық.

4.Судың көптігі шірітеді, азы өндіреді. Сол секілді дүниенің де көптігі адамды иманнан айырады, азы пайдалырақ болады. (Имам Құртуби).

 Жоғарыдағы хикая адам баласының дүниеге мейлінше қатты беріліп кетпеуі  керектігі жайлы, әрі біржолата қол үзіп те кетпей, екі өмірінің игілігі үшін пайдалануы керектігі жайлы түсіндіруде. Қатты беріліп кетпеу дегеніміз - қанағатсыздық, ризыққа разы болмау, сараңдық пен түрлі қылмыстардан (ұрлық, жемқорлық) сақ болуды айтса керек.

Әңгімемізді көрнекті ғалым Имам Ғазалидің: "Бұл өмір - жақсы бір көрген түсіңдей",- деп кейінгі ұрпаққа кереметтей айтып кеткен сүбелі сөзімен қорытындылағанды жөн санадық.

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

Рысқұлов ауданы

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: