Мақал – сөздің мәйегі!

Мақал – сөздің мәйегі!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бабалар сөзі

Жақсы – көргенін айтады, жаман – жегенін айтады.

Жақсы сөзге – жан семіреді.

Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз,

Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз.

Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа,

Жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа.

Жалғанда сүйерің – от, Ақыретке күйерің – от.

Жалғыздық – Бір Құдайға ғана жарасады.

Жалынған қорған емес, жағаласқан қорған.

Жаман күйеу – қайынсақ.

Жаман малды асырасаң, аузы-мұрныңды май етер,

Жаман адамды асырасаң,  аузы-мұрныңды қан етер.

Жаман – сыйлағанды, сиыр – сипағанды білмейді.

Жамандыққа – жақсылық қыл.

Жандыда – балық үлкен, жансызда – қамыс үлкен.

Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын.

Жаңа байдан қарыз алма, ескі байдан қол үзбе!

Жаңылмайтын жақ болмас, сүрінбейтін тұяқ болмас.

Жапалақпен тасты ұрсаң да, жапалақ өледі,

Таспен жапалақты ұрсаң да, жапалақ өледі...

Жарғанатқа – жарықтан қараңғы артық.

Жатқан жыланның құйрығын өзің бастың.

Жатқанға – жан жуымайды,

Жүргенге – жөргем ілінеді.

Жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында.

Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты.

Жерден тапсаң санап ал, жан-жағыңа қарап ал!

Жеті күн – елден, жеті күн – желден.

Жетім-жесірді жылатқаның, өз-өзіңді қақсатқаның.

Жетімнің құрсағы – жетеу.

Жиен ел болмас, желке ет ас болмас.

Жоғалған пышақтың сабы алтын.

Жоғарғы ернім көк тіреп, төменгі ернім жер тіреп...

Жуастан – жуан шығады.

Жұт – жеті ағайынды, күйеуімен сегіз ағайынды.

Жұтқан жұтамайды.

Жығылып жатып сүрінге күледі.

Жүрген аяққа жөргем ілінеді.

Жыламаған балаға емшек бермейді.

Жыланды үш рет кессе де кесірткелік қауқары болады.

Жылқы малы ысқырса – желдікі, айдаса – жаудікі.

Жыртық үйге тамшы жау...

***

 

Өзін таныған – Тәңірін де таниды.

Өзің білме, білгеннің тілін алма...

Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығар.

Өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас.

Өлген арыстаннан тірі тышқан артық.

Өлген тірілмес, өшкен жанбас...

Өлгенге – қара жер, өлмегенге – өлі балық.

Өлетін бала молаға қарай жүгіреді.

Өнбес дауды – өспес ұл даулайды.

Өнер алды – қызыл тіл.

Өнерді үйрен де, жирен.

Өнерлі өрге жүзеді.

Өлімнен – ұят күшті.

Өлі – тірінің азығы, жақсы – жаманның азығы.

Өтірікшінің шын сөзі – зая.

Отыз тістен шыққан сөз,  отыз рулы елге тарайды.

Ораздының баласы – он бесінде баспын дер,

Қас сорлының баласы – 25-інде жаспын дер.

Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай...

Өзбек – өз ағам, сарт – садағам.

Өзен жағалағанның өзегі талмайды.

Өзі жақсы кісіге – бір кісілік орын бар.

Өзі тоймағанның сарқытын ішпе!

Өзі ұры: ұры дейді. Өзі қары: қары дейді.

Өзі үйренбегенді – өмір үйретеді.

Өз еркімен жүрген әйел ұрыншақ болады.

Өзі шығайын деп тұрған көз еді...

Өзімдікі дегенде – өгіз қара күшім бар.

Етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?

Қатының долы болса, елдің бейбітшілігінен не пайда?

Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі.

«Тау қозғалды» десе нан, «жаман жақсы болды» дегенге нанба.

Пәледен машайық қашыпты.

Пайданы басыңа қыл, басыңнан асса, досыңа қыл...

Жинақтаған Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕКОВ,

«Жуалы» көпшілік мешітінің имамы.

Аудандық билер кеңесінің мүшесі.

Ауданның Құрметті азаматы.

Жуалы ауданы.

   

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: