Бірінші Ақаба серті

Бірінші Ақаба серті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сенен қадірлі және абыройлы ешкім болмайды...Пайғамбарымыз жыл сайын Қағбаны зиярат етуге келген тайпаларды дінге шақырып, олардың тозақ отынан құтылып, мәңгілік бақытқа қауышулары үшін күш салып, әр түрлі зұлымдықпен азаптарға мойымастан, пайғамбарлық міндетін атқаруды жалғастырып жүрді. Тайпалардың, керуендердің қонған жеріне барып, келгендерге: «Аллаһу та’аланың пайғамбарлық міндетін орындап болғанға дейін маған пана болып, дұшпандарымнан қорғап тұра алатын және көмек беретін кім бар?(Осылайша) оған жаннат берілсін» дейтін, бірақ пана болатын да, жәрдем беретін де ешкім табылмайтын.

Пайғамбарлығының он бірінші жылы болатын. Жәрмеңкеде Қағбаны зиярат етуге келген Мәдина халқының бір тобын кездестірді. Олардан «Сендер кімсіңдер?» деп сұрағанда олар өздерінің мәдиналық Хазрәж тайпасынан екендіктерін айтты. Расулуллаһтың атасы Абдулмутталибтің анасы Селма ханым да Хазрәж тайпасының Нәжран ұлдарынан шыққан еді. Пайғамбарымыз Хазрәждік бұл алты адаммен біраз отырып, оларға «Ибраһим» сүресінің 32-52-аяттарын оқып беріп, Исламды түсіндірді. Оларды осы дінге кіруге шақырды. Тайпаларының көсемдерінен және Мәдинада тұратын яһудилерден жақында бір пайғамбардың келетінін естіген бұл адамдар Расулуллаһ оларды дінге шақырған кезде бір-біріне қарады. Сосын: «Яһудилер айтқан пайғамбар – осы» деп өз араларында сөйлесті.

Мәдинада Әус және Хазрәж тайпалары бұрыннан бері яһудилерге дұшпан болатын, мүмкіндік туа қалса, бір-біріне бас салатын. Мұсылмандықты яһудилерден бұрын қабылдап, Ислам дінімен абыройланса, олардан басым түсетіндіктеріне және оларды Мәдинадан шығарып тастай алатындықтарына сенетін. Сол себептен де олар дереу Расулуллаһтың алдында кәлима айтып, мұсылман болды. Пайғамбарымызға: «Йа, Расулаллаһ! Біз тайпамызды яһудилермен соғысатын жағдайда қалдырып кеттік. Аллаһу та’ала оларды да сіздің арқаңызда иман келтіретін жағдайға жеткізеді деп үміттенеміз. Біз бара сала оларды сіздің пайғамбарлығыңызды қабылдауға шақырамыз. Осы діннен қабылдаған нәрселерімізді оларға да түсіндіреміз. Егер Аллаһу та’ала оларды осы дінге біріктірсе, сізден артық, қадірлі және абыройлы адам болмас» деді.

Бұл алты адам шынайы сенген, Аллаһу та’аланың пайғамбарымызға айтқандарын шын жүректерімен қабыл етіп, растаған еді. Елдеріне қайтуға Расулуллаһтан рұқсат алып, жолға шығып кетті. Жаңадан мұсылман болған бұл алты адам Уқбә бин Амир, Әсад бин Зурарә, Ауф бин Харис, Рафи бин Малик, Қутбә бин Амир, Жабир бин Абдуллаһ (радиаллаһу анһум) болатын.

Бірінші Ақаба анты және Мәдинадан туған күн: Мұсылман болған алты адам Мәдинаға, өз қауымдарының жанына барғаннан кейін Ислам мен пайғамбар туралы айтып, халықты Ислам дініне кіруге шақыра бастады. Бұл іске олар бар күштерін салғаны соншалық, Мәдинада пайғамбарымыз бен Ислам туралы айтылмаған бір де бір үй қалмады. Осылайша, Ислам Хазрәж тайпасы арасында таралғанындай, Әус тайпасынан да біраз адамдар мұсылмандықты қабылдады.

Ақабадағы осы кездесуден кейін келесі жылы Әсад бин Зүрарә мен оның Исламды қабылдаған он екі досы қажылық маусымында Меккеге барды. Ол жылы мүшриктер мұсылмандарға өткен жылдардағыдан да қатты қысым жасап, жапа шектіріп жатқан еді. Расулуллаһ алейһиссаламды әрдайым бақылап жүріп, онымен сөйлескен адамдарды ұрып-соғатын. Мұны естіген мәдиналықтар пайғамбарымызбен түнде Ақабада кездесуге келісті. Олар түнде кездесті. Пайғамбарымызға бағынатындықтарын білдіріп, барлық бұйрықтарын орындайтындықтарына серт берді. Бұл келісімде Аллаһу та’алаға серік қоспайтындықтарына, зинақорлық жасамайтындықтарына, ұрлық жасамайтындықтарына, жала жабудан сақтанатындықтарына айыпталудан қорқып және ризық жетпейді деп балаларын өлтірмейтіндіктеріне міндеттелді. Екеуі Әус тайпасының, қалғандары Хазрәж тайпасының адамдары болған осы он екі адамның басшысы Әсад бин Зурарә (радиаллаһу анһ) еді. Пайғамбарымыз осы он екі адамды өз тайпаларына елші етті. Олар тайпаларына Исламды түсіндіріп, олардың атынан Расулуллаһқа кепіл болатын еді. Әсад бин Зурарә (радиаллаһу анһ) бәрінің атынан өкіл болып сайланды. Алғашқы Ақаба сертіне қатысқандар: Малик бин Нәжжар ұлдарынан Әсад бин Зурарә, Ауф бин Харис, Муаз бин Харис, Зурәйк бин Амир ұлдарынан Рафи бин Малик, Зәкуан бин Абдиқайс, Ғанм бин Ауф ұлдарынан Убадә бин Самит, Ғусайна ұлдарынан Язид бин Саләбә, Ажлан бин Зәйд ұлдарынан Аббас бин Убадә, Харам бин Қааб ұлдарынан Уқбә бин Амир, Сәуад бин Ғанм ұлдарынан Қутбә бин Амир, Абдуләшхәл бин Жушәм ұлдарынан Әбул-Хәйсәм Малик бин Тәйихан және Амр бин Ауф ұлдарынан Уәйм бин Саидә.

Осы келісімнен кейін Мәдинаға қайтқан хазіреті Әсад пен оның жолдастары тайпаларына күндіз-түні Исламды түсіндіріп, оларды хақ дінге шақырды. Осы дағуаттардың нәтижесінде Ислам Мәдинада жылдам тарала бастағаны соншалық, бұрын бір-біріне қас дұшпан болған Әус және Хазрәж тайпалары бірігіп, Исламды терең меңгеру үшін Расулуллаһтан бір (үйретуші) мұғалім сұрады. Расулуллаһ саллаллаһу алейһи уә сәлләм Құран кәрім мен Исламды үйретуі үшін Меккедегі сахабаларынан хазіреті Мусаб бин Умәйрді ұстаз ретінде Мәдинаға жіберді. Хазіреті Мусаб (радиаллаһу анһ) хазіреті Әсад бин Зурарәның үйінде тұрды. Онымен бірге үй-үйді аралап, барлық адамды Исламға шақырды. Расулуллаһқа деген сүйіспеншілікті және Оны барлық дұшпандарынан қорғауға бар күштерін салуға сөз берулерін сұрады. Оларды Расулуллаһқа ант беру ісіне дайындады.

Әсад бин Зурарәнің тайпасының басшысы Са’д бин Муаз болатын, ол екеуі туысқан еді. Ол кезде арабтар арасында туысқанға қарсы келмеу әдет болғандықтан әлі иман келтірмеген Са’д бин Муаз Әсад бин Зурарәнің үйіне барып, бұл іске тосқауыл болуға тырыспады. Бір тайпаның басшысы ретінде бұл істі тікелей өзі шешуге кіріскісі келмеді. Сондықтан тайпасының алдыңғы қатарлыларының бірі болған Усәйд бин Худайрға: «Меккеден келген адамды көріп кел, оған не істесең істе. Әсад менің бөлем болмағанда бұл істі саған тапсырмас едім» деді. Осыған орай Усәйд бин Худайр найзасын алып, Мусаб бин Умәйр жататын үйге барды. Ол жерге барып дауыс көтеріп «Бізге не үшін келдің? Адамдарды алдап жүрсің. Өлгің келмесе бұл жерден тез арада кет» деді. Оның бұл ашулы түрін көрген Мусаб бин Умәйр (радиаллаһу анһ) оған: «Біраз отыр, сөзімізді тыңда. Мақсатымызды түсін, ұнатсаң қабылдарсың. Ұнамаса тосқауыл қоярсың...» деп, жылы сөздер айтты. Усәйдтің сабасы басылып: «Дұрыс айтасың» деді де найзасын жерге қойып, отырды. Ол хазіреті Мусабтың жылы сөздері мен адамның жүрегіне әсер ететін жағымды дауысымен оқыған Құран кәрімнің аяттарын тыңдады. «Бұл қандай керемет нәрсе!» дегенін өзі де сезбей қалды. Сосын: «Бұл дінге кіру үшін не істеу керек?» деп сұрады. Оған не істеу керектігі түсіндірілді. Усәйд бин Худайр (радиаллаһу анһ) шаһадат кәлимасын айтып, мұсылман болды. Қуанып, бір орында тұра алмаған хазіреті Усәйд: «Мен барып сендерге біреуді жіберейін. Егер ол мұсылман болса, Мәдинада оның тайпасынан иман келтірмеген ешкім қалмайды...» деп дереу орнынан тұрып кетті. Тікелей Са’д бин Муазға барды. Са’д бин Муаз оны көргенде: «Ант етемін, Усәйд бұл жерден кеткен қалпында келе жатқан жоқ» деді. Сосын: «Не істедің, Йа Усәйд?» деп сұрады. Хазіреті Усәйд бин Худайр Са’д бин Муаздың мұсылман болуын қатты қалағандықтан: «Әлгі адаммен (Мусаб бин Умәйрмен) сөйлестім, олардың ешбір жамандығын көрмедім. Тек, Бәни Хариса ұлдары бөлең Әсадтың осындай адамды үйінде тұрғызып жатқанына күмәнданып, оны өлтіруге күш салғанын естідік» деді. Бұл сөз Са’д бин Муазға қатты тиді. Өйткені, бірнеше жыл бұрын болған бір соғыста Бәни Хариса ұлдарын жеңіп, оларды Хайбәрге барып тығылуға мәжбүр еткен еді. Бір жылдан кейін кешіріп, еліне қайтуларына рұқсат берген болатын. Осыған қарамастан олардың менмендікке салынып, осындай әрекетке барып отырғандары Са’д бин Муазды қатты ашуландырды. Бірақ, шындығында мұндай ештеңе болған жоқ еді. Усәйд бин Худайр осындай айланы қолдана отырып, Са’д бин Муаздың нағашы әпкесі мен бөлесі Әсад бин Зурарәге, одан соң Мусаб бин Умәйрге зиян келтіруін тежегісі келген еді. Осылайша, олардың жағына өтуіне және мұсылман болуына жағдай дайындады.

Са’д бин Муаз Усәйд бин Худайрдың (радиаллаһу анһ) осы сөздерінен кейін орнынан ұшып тұрып, хазіреті Әсад бин Зурарәға барды. Ол жерге барған кезінде Әсад пен Мусаб бин Умәйрдің (радиаллаһу анһум) тыныштықта сұхбаттасып отырғанын көрді. Жандарына барып: «Ей, Әсад! Арамызда туыстық болмағанда сен бұларды жасай алмас едің!...» деді. Бұл сөздерге хазіреті Мусаб бин Умәйр жауап беріп «Ей, Са’д! Сәл тоқтай тұр, отырып, бізді тыңда. Сөзіміз ұнаса аларсың, ұнамаса біз саған мұны ұсынбаймыз. Тұрып кете бересің.» деді. Са’д бин Муаз мұндай жұмсақ, жылы сөздерден кейін екпінін басып, отырып тыңдай бастады.

Мусаб бин Умәйр хазреттері Са’д бин Муазға алдымен Исламды түсіндірді. Исламның негіздерін айтты. Сосын жылы, әсем даусымен біраз Құран кәрім оқыды. Оқыған сайын Са’д бин Муаздың халі өзгеріп сала берді. Құран кәрімнің теңдессіз сөз шеберлігінен жүрегі елжіреп, үлкен әсерде қалды. Өзін ұстай алмай: «Сендер бұл дінге кіру үшін не істейсіңдер?» деп сұрады. Мусаб бин Умәйр (радиаллаһу анһ) дереу шаһадат кәлимасын үйретті. Са’д бин Муаз: «Әшһәду ан лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммәдән абдуһү уә Расулуһ» деп мұсылман болды. Ол мұсылман болу арқылы алған бақыты мен қуанышынан алып-ұшып бір орында тұра алмады. Дереу үйіне барып, үйренгені бойынша бой дәретін алды. Сосын тайпасының жиналуына бұйрық берді. Усәйд бин Худайрды ертіп, халқының жиналған жеріне барды. Абдуләшхәл ұлдарына қарап: «Ей, Абдуләшхәл ұлдары! Сендер мені кім деп білесіңдер?» деп дауыстады. Олар бір ауыздан: «Сен біздің басшымызсың, үлкенімізсің, біз саған бағынамыз» деп жауап берді. Са’д бин Муаз осы сөзден кейін: «Олай болса бәріңе айтамын. Мен мұсылман болу құрметіне ие болдым. Сендердің де Аллаһу та’алаға және оның елшісіне иман келтірулеріңді қалаймын. Егер иман келтірмесеңдер сендердің ешқайсыларыңмен сөйлеспеймін де, көріспеймін де...» деді.

Абдуләшхәл ұлдары басшылары Са’д бин Муаздың мұсылман болғанын және өздерін Исламға шақырғанын ести сала барлығы мұсылмандықты қабылдады. Сол күні олар кешке дейін Мәдинаның аспанын шаһадат кәлимасымен және тәкбірмен жаңғыртты. Осы оқиғадан біраз уақыттан соң бүкіл Мәдина халқы, Әус және Хазрәж тайпалары Исламды қабылдады. Әрбір үйге Исламның нұры төгілді. Са’д бин Муаз бен Усәйд бин Худайр (радиаллаһу анһум) тайпаларының барлық пұттарын қиратты. Бұл хабар сүйікті пайғамбарымызға саллаллаһу алейһи уәсәлләм жеткенде, Ол қатты қуанды. Меккелік мұсылмандар қуанышты еді. Осы себептен ол жыл (м.621) «сәнәтус-сурур» (қуанышты жыл) деп аталды.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: