Жамбыл облысы Байзақ аудандық «Байзақ баба» мешітінде және ауданға қарасты барлық мешіттерде «Қадір түнім – қасиетім» атты рухани шаралар өтті.
Аудандық мешітке келген жамағатты бас имам Қанат Әділханұлы қадір түнімен құттықтап, уағыз-насихат айтты. Уағыздан кейін мешітте құптан және тарауық намаздары оқылып, хатым дұғасы жасалды. Жамағат Әмірхан Досмырзаұлы мен Айбол Айдынұлы қариларға алғыстарын білдіріп, қомақты қаржылай сый-сияпаттарын қолдарына тапсырып, ақсақалдар қос қариларға баталарын берді.
Аудандық мешіт жамағатына «Тілеш қажы» мешітінің имамы Рахымбек Кенжебайұлы уағыз-насихат айтты. «Әбдімажит» мешітінің имамы Қайыржан Пердебайұлы мен «Байзақ баба» мешітінің наиб имамы Азамат Боранбайұлына жамағат көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, қос ұстаз тұщымды жауаптарын беріп, үздік сұрақ қойғандарға сыйлықтар табыс етілді.
Одан кейін бата жарысы өтіп, жамағатқа викториналық сұрақтар қойылып, ойын ұйымдастырылды. Бата жарысының үздіктеріне қомақты сыйлықтар табыс етілсе, сұрақ-жауапқа қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді. Мешіт жамағаты шаралар арасында еркін құлшылықтарын жасап жатты. Бас имам таспих намазы мен үтір намазын өткізіп, мешіт ақсақалы қадір түніне келген жамағатқа ақ батасын беріп, көпшілік рухани нәр алып тарқасты.
Аймантөбе ауылдық мешітінде мешіт имамы Кенжехан Өксікбайұлы мен наибы Рахым Жақсыбекұлы жамағатқа, әсіресе нәзік жандыларға сұрақ-жауап ойынын ұйымдастырып, сый-сияпаттар табыстады.
Байзақ ауылдық мешітінде мешіт имамы Рахымбек Кенжебайұлының ұйымдастыруымен Пайғамбар өмір-баянынан сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген жамағатқа сыйлықтар берілді. Аудан бас имамы Қанат Әділханұлы ауылға атбасын арнайы бұрып, жамағатты Қадір түнімен құттықтап, «Кітап оқудың маңыздылығы» тақырыбында насихат айтты.
Сарыкемер ауылындағы әр-Рахман мешітінде аудан бас имамы Қанат Әділханұлы жамағатты қадір түнімен құттықтап, насихат айтты және сұрақ-жауап ойынында жамағатқа сұрақтар қойылып, жауап бергендерге Құран кітап сыйға берілді.
Кеңес ауылдық мешітінде мешіт имамы Ғали Олжабайұлының ұйытқы болуымен қазақтың дәстүрін жаңғырту мақсатында бата жарысы, азан айту жарысы мен қол күрес ойыны және сұрақ-жауап ойындары ұйымдастырылып, үздік қатысушы жамағатқа қаражаттай сыйлықтар берілді.
Көктал ауылдық мешітінде мешіт имамы Нұрдос Нұрғазыұлының ұйымдастыруымен жамағатқа викториналық сұрақтар қойылып, үздік жауап бергендерге бағалы сыйлықтар таратылды.
Мәдімар ауылдық мешітінде мешіт имамы Жақсылық Рахметовтың ұйытқы болуымен жамағат арасында діни интелектуалды жарыстар ұйымдастырылып, үздік шыққан жамағатқа кітаптар, тәспих, жайнамаз және кілем берілді.
Үлгілі ауылында мешіт имамы Қайыржан Пердебайұлының ұйытқы болуымен фиқхтан және сирадан жамағатқа сұрақтар қойылып, дұрыс жауап бергендерге сыйлық берді. Аудандық мешіттің наиб имамы Бақытбек Бауыржанұлы мешітке келуші жамағатты Қадір түнімен құттықтап, Құран оқудын пайсын айтты.
Базарбай ауылының имамы Ербол Қасқырұлы мешітке келген балаларға ойыншықтар мен тәтті-пәттілер таратты.
Диқан ауылының имамы Досмырза Алашбаев мешітте хатым түсірген қариларға жамағаттың сый-сияпатын табыс етіп, оразаның үкімдері туралы 200 сұрақ бойынша сайыс ұйымдастырып, қатысушы тұрғындарға жүлделі сыйлықтар табыс етті.
Аққия ауылдық мешітінде Ахмет Жетпіспайұлының ұйымдастыруымен жамағатқа намаз оқу сабағы өтті. Сирадан сұрақ-жауап ұйымдастырылып қатысқандарға сыйлықтар берілді.
Қостөбе ауылдық мешітінде Байзақ аудандық мешіттің наиб имамы арнайы барып, жамағатты берекелі түн болған қадір түнімен құттықтады. Бақытбек Бауыржанұлы мешіт имамы Вейсал Фазлиевтің жамағатымен жайған дастарханынан дәм татты.
Талас ауылдық мешітінің имамы Сейдали Тафильбекұлы мешітте жайылған ауызараш дастарханында және қадір түнінде уағыз айтты.
Жетібай ауылдық мешітінің имамы Қадырбек Әбенұлы жамағатына Құран оқудан жарыс ұйымдастырды.
Қасиетті қадір түнінде Байзақ жұртшылығы елдің амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.