Қасиетті Рамазан айында сауаптар 10 еселенеді. Ендеше, бұл айда жасалған әрбір игі амал ерекше. Осындай жақсылықтың бірі облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде орын алды.
ҚМДБ "Зекет" қорының ұйымдастыруымен «Рамазан қоржыны» деп аталатын ауқымды қайырымдылық науқанында көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі 350 отбасыға көмек ретінде азық-түлік таратылды.
Рамазан айында мешітке табысталған халықтың пітір-садақасы жинақталып, облыстық "Һибатулла Тарази" мешіті 150 адамға, "Әулие ата" мешіті бастаған Тараз шаһарының мешіттері 100 адамға, Дәулет Мұқаевтың отбасы 100 отбасыға қайырымдылық жасады.
Облыс бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев көпшілік алдында сөз сөйлеп, Рамазан айымен құттықтады. Мешіттер мұқтаж отбасыларға әрдайым көмектесуге дайын екенін жеткізіп, қайырымдылық шараларының мұнымен тоқтамайтынын жеткізді.
Отбасылар арнайы тізім бойынша шақыртылып, көмек алды. ҚМДБ "Зекет" қорының Жамбыл облысындағы өкілі Ержан Аманбаев көрсетіліп жатқан көмек турасында сұқбат беріп өтті. Халық мұндай игі шара үшін алғыстарын айтып, қуаныштарын жеткізді.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі